Бастауыш сынып оқушыларына сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру
Автор: ayauka • Апрель 22, 2018 • Реферат • 8,289 Слов (34 Страниц) • 2,335 Просмотры
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі: Оқушылардың барлық таным белсенділіктерінің басым көпшілігі бастауыш мектепте қалыптасатыны белгілі. Сондықтан да бастауыш сынып мұғалімдеріне ерекше күрделі әрі маңызды міндеттер жүктеледі. Солардың бірі- оқушылардың сауатты, орфографиялық, пунктуациялық анықтамаларды ескере отырып, көркем әрі ұқыпты жаза білу дағдыларын қалыптастыру. Басқаша айтқанда, олардың ауызша тілі мен жазбаша тілін қоса дамыту, тілдік қорын молайту, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу. Осы аталған міндеттердің ішіндегі ең бастыларының бірі- оқушының жазба тілін дамыту. Ал, диктант әдісі арқылы оқушылардың жалпы жазбаша жұмысының негізгі бөлшегі іске асады. Сондықтан да диктантты жаздыру үшін оның мақсатын, міндетін, негізгі қызметін, оның түрлерін, орфографиялық талдауды, оны бағалау нормаларын дұрыс ескеру, т.б. мәселелер өздерінің өзектілігін танытады.
Зерттеу мақсаты: Бастауыш сынып оқушыларының диктант жұмыстарын толығымен саралау: олардың мазмұнын, мәнін, басқа жазба жұмыстарынан өзіндік ерекшеіктерін, түрлерін, оларды тексеру нормаларын зерттеу.
Зерттеу міндеті:
- Диктант түрлерін саралау, олардың алуан түрлерін жүргізудегі мақсатын анықтау;
- Диктант түрлерін сабақтың қай кезеңінде жүргізуге болатынын анықтау;
- Диктант түрлеріне берілетін мәтіндердің, сөйлемдердің, сөздердің көлемін жобалау;
- Диктантты тексеру жолдарын анықтау;
- Диктант түрлерін жүргізгеннен кейінгі бағалауды анықтау.
Зерттеу объектісі: бастауыш мектептегі қазақ тілі сабағындағы диктант түрлері.
Зерттеу болжамы: бастауыш мектептегі диктант түрлерін, олардың бала дамуындағы зор маңызын негізге ала отырып, оқушылардың жүйелі ойлау қабілеттерін ояту, сауаттылыққа жол ашу, сөздік қорын толықтыру, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру арқылы диктанттың оқушылар үшін маңызын ашу, ең тиімді деген әдіс- тәсілдерді, диктант түрлерін болашақта тиімді пайдалана білу.
- Бастауыш сынып оқушыларына сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру
Бастауыш мектепте жазу жұмыстарының жүйесін белгілеу өте маңызды. Онсыз оқушылардың өз беттерімен жұмыс істеуге де, сауатты жазуға да үйрету мүмкін емес. Жазу тілі сауаттылықты қажет етеді. Бастауыш мектеп оқушыларын дұрыс жазуға үйрету үшін, олардың есту сезімдеріне, сөйлеу аппараттарына, көру сезімдеріне, қол қимылы мен ой қызметтеріне ерекше көңіл бөлген жөн. Өйткені, жазуға үйретуде олардың әрқайсысының маңызы зор. Мысалы, белгілі бір сөзді қатесіз, дұрыс жазу үшін оны ести де көре де, айта да, жаза да білу керек және оның қалай дұрыс жазылатындығын есте сақтай білу қажет.
Бастауыш сынып сауат ашу кезеңінен бастап, естіген сөздерінің дыбыстық құрамын ажыратып, әр дыбыстың әріптерін қағаз бетіне дұрыс түсіріп бере алатындай дәрежеде болулары керек. Егер ауызекі сөздерді дұрыс ести білуге дағдыланбаса, оқушыларға емле ережелерін үйрету қиынға соғады. Сондықтан есту арқылы жеңіл сөздерді дұрыс жазу бірінші сыныптан бастап қолға алынады. Бұны сауатты жазуға үйретудің алғашқы кезеңі деп қарап, сол мезеттен бастап әрбір сөзді дұрыс айтып, дұрыс ести білуге ерекше мән берген жөн.
Сөздердің естілуі бойынша жазғанда, көбірек кездесетін қателердің бірі- әріп қалдырып жазу. Сондықтан сөздердің естілуі бойынша дұрыс жазуға үйретудің ең басты әдісі- сөздің буын және дыбыс құрамын талдатып, буындарын және дыбыстарын айыра біду. Сондықтан да оқу, жазуға үйрету кезеңінде балаларға жазуға берілетін сөздердің ең әуелі ауызша талдатып шығу қажет. Сонда оқушылар оқылған сөздерді қатесіз жазып үйренеді.[1]
Оқушылар орфография ережелерін дұрыс меңгеріп алулары үшін олардың білім алу дағдыларын дұрыс ұйымдастыру қажет. Мысалы, орфография ережелерін әдетте, мәтінді талдатып барып түсіндіру, бір грамматикалық форманы екінші грамматикалық формамен салыстыра отырып, олардың араларындағы өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ажырата білуге үйрету, мәтін ішінен зерттеліп отырған емле ережелеріне жататын сөздердің қалай жазылуына оқушылардың көңілін айрықша аудару, тиісті орфограммаларды анықтата отырып, морфологиялық форманың мағынамен байланысты болатынын ескерту, жаттығу материалын, әсіресе, оның сөздік материалын әр сыныпқа сәйкес етіп алу, үйретілетін орфограммаларды жеңілден бастап бірте- бірте күрделендіру қажет болады.
...