Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдысын қалыптастыру әдiстемесi
Автор: gulsharat2017 • Апрель 23, 2018 • Реферат • 30,301 Слов (122 Страниц) • 1,542 Просмотры
Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу
дағдысын қалыптастыру әдiстемесi
Алғы сөз
Қазіргі кезде қоғамда түрлі экономикалық-әлеуметтік реформалар жүріп жатыр. Мұндай өзгерістерден орта мектептер де сырт қалмады, себебі бүгінгі күнде білім беру салаларынан тәрбиелі, ұлттық мәдениетті меңгерген, шығармашыл ойлай алатын жастарды даярлау талап етілуде. Осыған орай,мемлекет тарапынан білім беру салаларына реформалауға ерекше көңіл бөлінуде.
Елбасы Н.Назарбаев: «Білім беру реформасы - Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі,»-екендігін атап айтты. Сондықтан «...экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін» жас өскелең ұрпақты тәрбиелеп шығару оқушылардың ана тілінде шешен сөйлеуі мен өз пікірін жүйелі жеткізуіне байланысты. Ал мұның іргетасы бастауыш сыныптарда қаланады.
Қазақстан Республикасының бiлiм берудi дамыту Тұжырымдамасында бастауыш мектепте бiлiм берудiң маңыздылығын атай келiп, қазақ тiлiн оқытудың басты ұстанымдарын: «Бастауыш мектептiң негiзгi мiндетi – баланың жеке басын бастапқы қалыптастыруды қамтамасыз ету, оның қабiлеттерiн анықтау және дамыту. Осы сатыдағы оқу мен тәрбие оң уәждi қалыптастыруға, оқу қызметiн бiлуге, оқу, жазу, санаудың берiк дағдыларын үйренуге, тiлдiң қарым-қатынастық қарапайым тәжiрибесiне, өзiн-өзi шығармашылық тұрғыдан таныта бiлуге бағдарланады», - деп белгiленген.
Бастауыш мектептiң қазақ тiлi сабағында жеке тұлғаны қалыптастыру оқушының өз ой-пiкiрiн ана тiлiнде еркiн, дұрыс, түсiнiктi жеткiзе бiлуден басталады. Оқушы айтайын деген ойын, бiрiншiден, жасқанбай жеткiзе бiлуi; екiншiден, сөйлемдердi дұрыс та нақты құрастыра алуы; үшiншiден, сөйлеу мәдениетiнiң алғашқы қарапайым элементтерiн меңгеруi; төртiншiден, қоршаған ортаға сай қарым-қатынас жасай бiлуге тиiс. Сайып келгенде, осының бәрi, Тұжырымдамада көрсетiлгендей, тiлдiк қатынастың басты қағидалары мен ұстанымдарын менгерудi қажет етедi. Сондықтан бастауыш мектепте қазақ тiлiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сұранысына орай оқытып, қатысым арқылы балалардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру өзектi мәселеге айналып отыр.
Қазіргі кезеңде білім беру салаларында жаһандану үрдісі жүріп жатыр.Осыған орай бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесіне жаңа инновациялық технологиялар көптеп енуде. Әлемдік педагогиканың озық тәжірибелерін ұлттық педагогикада сапалы қолдану - бүгінгі күннің аса маңызды мәселелерінің бірі болып отыр.Осыған орай бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдыларын интерактивті әдістер, диалогті оқыту және кейс стади технологиялары арқылы қалыптастыру мәселесі оқушылардың жеке тұлғалық қасиеттерін тәрбиелеумен, олардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырумен сабақтасуда.
Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу тіліне, олардың тілін дамыту мәселесіне ежелден көңіл бөлінуде. Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамытудың ғылыми әдістемелік негіздері: С.Рахметова, Т.А.Ладыженская, М.Р.Львов, Г.Уаисова, Ә.Жұмабаева, М.Ермекбаев т.б. ғалымдардың еңбектерінде айқындалған. Дегенмен бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мәселесі әлі күнге дейін ғылыми тұрғыда қарастырылмаған. Осыған орай бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдыларын қалыптастырудың ғылыми негіздерін айқындаудың, ұтымды әдіс-тәсілдерді анықтаудың маңызы зор.
Бастауыш мектеп оқушыларының жатық сөйлеу дағдыларын қалыптастырса, бiрiншiден, оқушылар тiл заңдылықтарын тілдік қатынас кезінде орынды қолданады; екiншiден, жатық сөйлеуге үйренедi, сол арқылы мiнездерi тәрбиеленедi; үшiншiден, өз ойын әдеби тілмен жеткiзуге дағдыланады.
Оқушылардың сөйлеу дағдылары бастауыш мектептен қалыптастырылса, онда оқушылардың жеке тұлға ретiнде дамуына, бiлiмдi жан-жақты меңгеруiне, тiлдiк қатынаста өз ойын дұрыс әрi толық жеткiзуiне игi ықпал етедi.
I Тарау БАСТАУЫШ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ СӨЙЛЕУ ДАҒДЫСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГIЗДЕРI.
...