Әлемдік саяси ойдың даму тарихы
Автор: Gulzeinet • Сентябрь 29, 2021 • Реферат • 1,778 Слов (8 Страниц) • 445 Просмотры
Әлемдік саяси ойдың даму тарихы
Саясаттану кез келген ғылым сияқты өзінің пайда болу, қалыптасу және даму тарихына ие. Ұзақ уақыт бойы саяси ғылыми білімнің элементтері жалпы философиялық теориялар шеңберінде қалыптасты және дамыды.
Саяси ойдың дамуы саясаттың өзі мен мемлекеттік басқару формаларының пайда болуынан басталады. Әрбір билеуші немесе мемлекет қайраткері өзінің жеке билігі мен мемлекетінің қуатын сақтау және ұлғайту үшін саяси ұйымдастырудың ең жақсы формалары мен саяси басқару әдістерін табуға ұмтылады. Саяси ойдың дамуы үш кезеңнен тұрады: мифологиялық, діни және ғылыми. Ежелгі Грекияда мифологиялық кезеңде өзінің қауымына ерекше қызмет еткен тұлғаларды құдайларға айналдырды. Ол кезде барлық әлеуметтік-саяси құрылыс, мемлекет құдайдың құдіретімен жасалады және дамиды деген түсінік болды.
Көне Египетте халық биліктің қайнар көзі деп құдайлар мен фараондарды қабылдады. Сондықтан да Египеттегі биліктің өзі фараондар салдырған пирамидаға ұқсас болды. Пирамида басында құдайлар мен фараондар, яғни пирамиданың шыңы, ал пирамиданың табаны әрі негізі – халық, ортасы – абыздар мен ақсүйектер деп түсінді. Ал осы тәртіпті бұзған жағдайда адамдар құдайдың қарғысына қалады, ақырзаман болады деп түсінді. Осыдан барып олар қоғамдағы қалыптасқан жағдайды, тәртіпті сақтап қалу үшін әр түрлі заңдар жинағын жариялады. Сондай заңдардың ең көнесі ретінде ежелгі вавилондағы Хамурапи заңдарын айтуға болады.
Біздің заманымызға дейінгі дәуірдің өзінде-ақ Қытайда, Персияда, Грекияда саяси білімдердің дамуындағы мифологиялық-діни көзқарас ғылыми көзқараспен ұштаса бастады. Мысалы, ежелгі Қытайдың саяси ойларында рационалдық тенденцияның көрінісі ретінде легистерді атауға болады. Олар өндіріс пен сауданың бірқатар салаларында мемлекеттік монополияны негіздеу қажеттігін айтты. Легизм өкілдері қоғам өмірі мен жеке адам тіршілігінің барлық жақтарын реттеуге мүмкіндік беретін орталықтандырылған қатаң, авторитарлық мемлекет құру қажет деп санады. Ежелгі Грекиядағы кең көлемдегі саяси-құқықтық түсініктердің қалыптасуы Перикл, Пифагор, Гераклит, Демокрит және софистердің есімдерімен байланысты. Құқық, саясат, мемлекет туралы ілімдер Сократтың, Платонның, Ксенофонттың еңбектерінен айқын көрінеді.
Саяси ғылымның негізін қалаушы Аристотель ойшыл өз заманына дейінгі саяси ойларды зерттеп, аса маңызды ғылыми тұжырымдамалар жасады. Ол саясат туралы ғылымды барынша жанжақты дамытуға тырысты. Саясатты этикамен тығыз байланыстырды. Аристотельдің пікірінше, саясаткердің адамгершілік қасиеттері басты назарда болуы керек. Аристотель үшін мемлекет – табиғи дамудың жемісі. Мемлекеттің пайда болуын ол отбасылық жағдаймен, яғни отбасының пайда болуымен салыстырады. Яғни мемлекеттің басты мақсаты – орта тапты қалыптастыру және сол орта тап мемлекеттегі саяси-әлеуметтік тұрақтылық кепілі болады.
Көне Римдегі саяси ілімдер де өз тарихи тамырын тереңнен алады. Өздерінің бағдарламасында рим реформаторлары Сократ, Платонның мемлекет, заңдар және саясат пен саясаткерлер туралы идеяларын пайдаланды және соған арқа сүйеді. Әсіресе, рим ойшылдары саясат пен құқықты дамытуда ерекше рөл атқарды. Солардың бірі – Цицерон.
Цицерон мемлекетке анықтама бергенде оған «халық – адамдардың бей-берекетсіз, мақсатсыз жиынтығы емес, керісінше қоғамда өз ынтымағы бар, ортақ мақсаты мен құқығы үшін топтасқан адамдар жиынтығы» деп баға береді. Осылайша Цицерон алғаш рет саяси ілімдер тарихында мемлекетке заң тұрғысынан анықтама берген ойшыл, ғұлама. Цицерон мемлекеттің пайда болуын адамдар арасындағы өзара келісімділікпен түсіндіреді. Мемлекет пен құқық, Цицеронның пікірінше, адамдардың өз қалаулары бойынша пайда болмайды, ол құдайдың қалауымен болатын іс. Осының барлығын түсініп білу үшін үлкен сана иесі болу керек. Жердегі болып жатқан барлық үдерістер жоғарыдағы «саналы әрекет арқылы әділетті басқарылуы» тиіс деп көрсеткен.
...