Синтаксис туралы түсінік
Автор: Ботагоз Сахитжанова • Ноябрь 14, 2023 • Лекция • 48,750 Слов (195 Страниц) • 164 Просмотры
ДӘРІС САБАҚТАР
Бірінші модуль. Модульдің атауы
Синтаксис туралы түсінік
- тақырып
№ 1 лекция. Сөз тіркесінің табиғаты және оған тән белгілері.
Жоспары:
1.Сөз тіркесінің зерттелу жайы.
2.Сөз тіркесімділік және оның мәні.
3. Сөз тіркесі тарихы туралы
1. Синтаксис (гр.syntaxis) – «құрау» - грамматиканың морфология секілді өзекті салаларының бірі. Синтаксис грамматикалық ілім ретінде мынадай негізгі екі салаға бөлінеді: 1) сөз тіркесінің синтаксисі 2) сөйлемнің синтаксисі. Біріншісінде, сөздердің өзара тіркесу қабылеттілігі, тіркесу тәсілдері мен формалары, сөз тіркестерінің құрамы, олардың түрлері қарастырылады. Екіншісінде, сөйлемнің құрылу принциптері, сөйлемнің құралы, олардың түрлері қарастырылады.
Сөз тіркесі – сөйлем құраудың материалды негізі, сөйлем – кісінің ойын айтудың негізгі формасы.
Синтаксис сөз тіркесі, сөйлемді, олардың түрлерін адам ойын білдірудің грамматикалық тәсілдері ретінде, өзара байланыстағы категориялар ретінде қарастырады. Синтаксис сөздерді сөйлемнің бөлшектері ретінде, ал жалғауларды сөйлемдегі сөздерді бір-бірімен қиюластырып тұратын морфология-синтаксистік категория ретінде тексереді.
Синтаксис термин ретінде екі мағынада жұмсалады: бірі сөйлеудің (высказывание) құрылысы, жүйесі мағынасында,екіншісі тіл ғылымының (грамматикалық) бір саласының атауы мағынасында.
2. Әр ғылым саласының өзінің қалыптасу, даму, кемелдену кезеңі болады. Тіл білімін, оның бір бөлшегі грамматиканы да ертедегі филологтар қазіргідей саралаған жоқ. Олар фонетиканы, морфологияны синтаксис қатарында қарастырды. 1894-1897жылдары шыққан П.М.Мелиоранскийдің «Краткая грамматика казахско-киргизского языка», А.Казам-Бек «Алтай тілінің грамматикасында», фонетика грамматикасының бір бөлегі болып морфологияны «этимология» деп атап,синтаксис мәселелерімен бірге қарады. Бірақ, бұл еңбектер қазақ тілінің дамуына өзіндік үлес тигізді.
1920 жылы А.Байтұрсыновтың «Тіл құралдары» (3-кітап) оқулық ретінде пайдаланылады. Онда грамматикалық атаулар, дыбыс, буын, сөз, сөйлем құрлыстары жайында жүйелі түрде мағлұматтар берілген. Синтаксис мәселесі – ІІІ кітапта баяндалған.
1936 жылы Қ.Жұбановтың, 1939 жылы С.Аманжолов пен Н.Сауранбаевтың бірігіп жазған оқулықтары шықты. Мұнда сөйлем мүшелері туралы айтылып, сөз тіркесі туралы мүлдем ауызға алынбайды. Аманжоловтың осы кітабында «сөз тізбектері» деген тақырып беріліп, онда лексикалық тіркес пен тұрақты тіркеске қатысты мысалдарды екі бөлек баяндалады. Бірақ, 40-жылдары қазақ тілінің грамматикалық категорияларын айқындау жұмысы мектептерге әртүрлі бағдарламалар, оқулықтар жазу үстінде жүріп жатты. Бірақ оқулықтар жазылу үстінде көптеген ғылыми қорытындылар жасалып отырылды.
Сонда қазақ тілін зерттеушілердің пікір таластары жоқты бар ету бағытында болмай, көбінесе барды дұрыс түсіну ыңғайында болды. Сонда да Қ.Жұбанов қазақ тілінің грамматикасын жаңаша құрастырып, бірқатар грамматикалық атауларды жаңаша атап, өзінше баяндауға тырысты.
1936 жылы грамматика оқулығын «Ауыл мұғалімі» журналында «Жаңа грамматиканың жаңалықтары» деген мақала жариялады. Көмекші етістіктер мен сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібі тарихы туралы жазды.
С.Аманжоловтың «Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқаша курсы» - студенттерге арналған алғаш оқулық. Бірақ автор ол кітапта сол кездегі «жаңа ілім» қағидаларын қазақ тілі синтаксисімен ұштастырмақ болды. Сөйтіп синтаксистің біраз мәселелерін теріс түсіндірді. Кейін оны түзеді. 1953жылы орта мектеп синтаксисінде (Аманжолов,Әбілқаев, Ұйықбаев) авторлар сөйлемге мынадай анықтама береді: «Тиянақты ойды білдіретін бірсөзді немесе бірнеше сөз тіркесін сөйлем дейміз». Бұған қарағанда сөз тіркесі – сөйлем құраудың негізі. Сол кітапта тағы бір анықтама берілген: «Кейбір сөз (сөйлем мүшесі) басқа сөзді я сөз тізбегін анықтап, толықтап, пысықтап немесе түрліше қиюласып, бірін-бірі керек ету жолымен байланысады. Мұндай байланысуды сөйлемдегі сөздердің тіркесі дейміз». Бұл айтылғанға қарағанда, сөз тіркесісөйлемдегі сөздердіңбайланысы боп шығады.
...