Баланың рухани құлдырауы қайдан?
Автор: zhansulub • Апрель 3, 2021 • Контрольная работа • 3,704 Слов (15 Страниц) • 299 Просмотры
Баланың рухани құлдырауы қайдан?
Соңғы кездері балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылық жиілеп кеткендігі былай тұрсын, оның неше түрлі көріністері пайда бола бастады. Ең сорақысы – баланы жәбірлеушілердің көбісі өзінің әке-шешесі. Жасөспірімдермен жұмыс істейтін құзырлы органдардың дерегіне жүгінсек, жұдырыққа жығылған балалар тобының жіктік көрсеткіші мынандай:
1.Жетім балалар;
2.Қараусыз, бақылаусыз жүргендер;
3.Мүгедек балалар;
4.Ата-анасынан қашып жүргендер;
4.Қылмыскерлер;
5.Ішімдік пен есірткі төңірегінде жүргендер;
6.Тұрмысы төмен отбасынан шыққандар.
Қазір елімізде 100 мыңға жуық жетім болса, соның 14 пайызы ата-анасы бола тұра, балалар үйінде тәрбиеленуде. Ал осы айтылған көрсеткіштің 70 пайызға жуығының әке-шешесі сотталып немесе ата-аналық құқығынан айырылған.
Заңға сәйкес, егер ата-ана бала тәрбиесіне қатысты өз міндетін дұрыс орындамаса, тек құқығынан айырылып қоймай, Әкімшілік Кодексінің 111-бабында көрсетілгендей, әкімшілік жауапқа тартылады. Жылына мөлшермен 10 мыңға жуық ата-ана осындай жауапқа тартылса, 1300-1700 адам ата-аналық құқынан айырылып жатады. Соның ішінде баласының өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген ата-ана саны жалпы көрсеткіштің тең жартысын құрайды. Жалпы, балаға қарсы қандай да бір заңға қайшылыққа барған адам ҚР ҚК-сінің «Жасөспірім бала тәрбиесіне қатысты міндетін орындамағаны үшін» 137-бабына сәйкес жазаланады.
«Ата-анасынан осындай жолмен айырылған балалардың тең жартысы қылмысқа барады» дейді сарапшылар. Олардың арасында ішімдікке салынып, қайыр сұрап жүргендер мен суицидке баратындар да аз емес.
Тағы бір жүрек сыздатар мәліметке тоқталсақ, аталған жасөспірімдер арасындағы қыз балалардың көпшілігі тәнін саудалаумен жан бағуда. Қаңғып жүрген жасөспірім балалардың қатарын толықтырып отырғандардың басым бөлігі ата-анасының қудалауына ұшырағандар екенін ескерсек, бір Алматы қаласының өзінде жыл сайын 15-16 мыңға жуық нашар отбасы есепке алынады.
– Қиын балалар қатарына жатқызылып, жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекцияның «қара тізіміне» алынғандар, – дейді мамандар, – тұрғыластарынан ерекшеленіп тұрады. Оларда мақсат жоқ. Тек біркүндік тамағы мен қызығын ойлайды. Ұялуды білмейді, қатыгез. Өтірік айтуға еті үйреніп кеткен.
Әке-шешесі кеудесінен теуіп, мейірімге шөліркеп жүрген бала рухани құлдырауға ұшырамағанда қайтеді? Бой тасалайтын орын іздеп, аш-жалаңаш жүрген бала жүрек жалғауы үшін бәріне барады. Сөйтіп жүріп, қаңғыбас атанады. Үйінен өзі қашатын балалар да аз емес. Бұларды да топ-топқа жіктейтін болсақ, көпшілігі ата-анасы көрсеткен қысымға, зорлық-зомбылыққа төзе алмағандар. Кейбіреуі құқық қорғау органдары көмегімен кері қайтарылады. Алайда көпшілігі осындай жаман әдетке бейімделіп алады екен.
Айтуға аузың әрең барады, кейбір жүрексіздер баласынан құтылудың ең сорақы түріне баратын көрінеді. Дәлірек айтсақ, үйін жасырын сатып, бір күнде ізім-ғайып жоғалады. Кейбіреуін мұндай қиянатқа баласын асырай алмайтындығы мәжбүрлейді.
«Зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жүрген балалар мәселесін бүгінгі күннің ең өзекті проблемасына жатқызу керек» деп әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар ассоциациясы дабыл қағып отыр. Тіпті ауруханаларда «балаға көрсетілген қатыгездік синдромы» деген термин жаттанды қағидаға айналғанға ұқсайды. Ауруханаға дене жарақатымен түскен балалардың арасында әке-шешесінің соққысына жығылғандар саны да аз емес.
Біз, негізінен, ресми деректерді атап өттік. Оның сыртында «бас сынса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» қалып қоятындары қаншама!
Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар біздің елде баланы қорғау мәселесі әлі дұрыс жолға қойылмай отыр дейді. Бұл тұрғыда олар мына кемшіліктерді алға тартады: жәбір көрген баланың дене-жарақаты ғана анықталып, оның психикасының қаншалықты бұзылғандығын анықтайтын механизм қарастырылмаған, зардап шеккен балаға алғашқы көмек көрсететін арнайы қызмет жоқ, балаға құқықтық сауат беретін қызметтің сапасы нашар. Расында да, қазір барып, мектеп оқушылары арасында бала құқығы туралы сұраңызшы, мүлде хабарсыз болып шығатыны анық. Айта кетсек артық болмас, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім балаға қатысты қандай да бір құқықтық әрекеттер «Қазақстан Республикасындағы балалар құқықтары туралы» заңмен қорғалады. Ал бұл заң 2002 жылдың тамыз айында қабылданған болатын.
«Баланы жастан...» дегенді ұмытқанымыз ба?
Елімізде білімді азаматтар санының жылдан-жылға артып отырғандығын жоққа шығара алмаймыз. Қазір шамамен халықтың 97-99 пайызының орта және жоғары білімі бар. Ал мектеп жасындағы балаларға қатысты жинақталған мәлімет оқудан қол үзіп қалғандардың артқандығын көрсетеді. Алаңдаушылық тудырып отырған мұндай түйінді мәселе аталған жасөспірімдердің көпшілігінің тұрмысы төмен отбасынан шыққандығы мен ата-ананың жауапсыздығына кеп тірелетіні белгілі.
Қалада да, ауылда да мектеп тәрбиесінің сын көтермейтіндігі ащы шындық. Оған кейбір ата-аналардың бала тәрбиесіне салғырт қарайтындығын қосыңыз. Қылмыскер, жезөкше, нашақор, маскүнем сияқты жаман әдеттермен уланған балалардың көбеюі осындай «әттеген-айлардың» нәтижесі екендігі даусыз. Тәуелсіз сарапшылар қылмыс жасап, жазаға тартылған балалардың арасында «Қылмыс жасаудың себебі» деген тақырыпта әлеуметтік сауалнама жүргізіп, мынандай қорытынды жасаған болатын: жауаптар сарапталып, үш топқа бөлінсе, бірінші кезекте әке-шеше тарапынан бақылау болмағандығы, екінші – тұрмыстық ахуалдың төмендігі, үшінші орында барын қанағат тұтпай, қалталының баласына қызығушылықтың себебі тұрған. Мұндай зерттеуді жуырда психолог-мамандар да жүргізіп, қиын балалардың көбеюінің негізгі себебі – отбасы тәлім-тәрбиесі мен бақылаудың жоқтығынан екендігін анықтап отыр. Мектеп тарапынан орын алып жатқан кемшіліктерді айтуын айтсақ та, «әке-шешесінің тізгінінен босап, тыйым көрмеген бала мұғалімге бағынсын ба?» деген ой туады. Иә, тәрбие діңгегінің берік болмауы, сайып келгенде, ұлт болашағына қауіп екендігін ескере бермейтіндігіміз өкінішті.
Кейбір ересектер назарына
Ата-аналық құқықтан мынандай жағдайда айырады:
1. Ата-аналық міндетін орындаудан бас тартқанда, соның ішінде, олардың бірі алимент төлеуден жалтарса;
2. Баласын емдеу орындары мен әйелдер босанатын аурухана сияқты мекемелерден алып кетпеуінде дәйекті себеп болмаса;
3. Ата-ана өз құқын орынсыз, асыра пайдаланғанда;
4. Зорлық-зомбылық көрсетіп не жыныстық қатынасқа тартса;
5. Маскүнем, нашақор екендігі заңмен анықталса;
6. Ерлі-зайыптылардың бірі баласының не жұбайының өміріне, денсаулығына қарсы қасақана қылмыс жасаса.
Ал сөз болып отырған ата-аналық құқықтан айырудың тәртібі мынандай:
1. Ата-аналық құқықтан айыру ісі сот органдарына арыз келіп түскенде қаралады. Мұндай арызды ерлі-зайыптылардың бірі немесе балалар құқын қорғау жөніндегі құзырлы сала яки жергілікті прокуратура жаза алады;
2. Сот процесі прокурордың, сондай-ақ асырау және қамқорлыққа алу орны өкілінің қатысуымен қаралады;
3. Ерлі-зайыптылардың қайсысы құқынан айырылса, ол сот шешіміне сәйкес алимент төлеуге міндеттеледі;
4. Егер сот құқынан айырылған адамның осы іс бойынша қылмыстық әрекеті бар екендігін анықтаса, оны прокуратураға хабарлауға міндетті;
5. Үкім заңдық күшіне енгеннен кейінгі үш күн аралығында сот шыққан шешімді азаматтық хал актісін тіркеу орны мен асырау және қамқорлыққа алу саласына жіберулері тиіс.
...