Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға
Автор: Han98 • Сентябрь 21, 2020 • Реферат • 1,170 Слов (5 Страниц) • 1,518 Просмотры
Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министірлігі
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
Химия факультеті
Реферат
Пәні: Педагогика
Тақырыбы: Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға
Орындаған: Нурмыш С.Д
Тобы: ХБ - 21
Қабылдаған: Аяған Е.С
Қарағанды 2020 жыл
Ұстаз – ол балаға білім нәрін себетін, ақылын айтып, білім үйрететін асыл жан. Бауырлас түріктерде мынадай нақыл бар - «Bana bir harf öğretenin kırk yıl kölesi olurum». Қазақша тәржімаласам: «Бір әріп үйреткенннің, қырық жыл қызметінде бол». Бұл сөз оларға Хз. Алиден жетсе керек. Осы бір нақылмен-ақ, ұстаз деген ұлы тұлғаның аты асқақ екені көрініп тұр. Ұстаздан аларымыз, үйренеріміз көп. Ұстаздың сөзін ұғыну – біздің міндетіміз.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, – деген Абай атамыздың өлең шумақтарын білмейтін қазақ жоқ шығар. Шынында да ұстаздық – дүниедегі барлық мамандықтың төресі. Осы себепті де ұстаздың еңбегін бағалай білуіміз қажет. Ағарту майданында еңбегі сіңген олар – өмірлік ұстаздар.
Ол ұстаз ғой алғаш әріп үйреткен, – демекші әліпбиді үйретіп, сандарды жаттатқан аяулы жанның бейнесі өмірдің қыр сырын білуге, сан қилы құбылыстарын терең түсінуге, адамгершілік құндылықтарға баулитындығымен жадымыздың көңіл төрінен ұмытырмастай орын алары сөзсіз. Менің ойымша, кез-келген адам ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнердің тағылымы терең. Қасиетті өнер әр адамның бойына қона бермейді. Шын ұстаз болу үшін ізгілікті ізденіс, ерен еңбек қажет. Шәкірт тәрбиелеуде тәлімгердің алар орны ерекше. Өйткені мұғалім әр бір баланың бойындағы қабілеті көзін ашып, үлкен өмірге бейімдейді. Ғылым иесі – ғалым да, инженер де, құрылысшы да, темір балқытқан жұмысшыда, егін еккен диқан да, мал баққан шопан да, барлығы дерлік ұстаздан білім алып, тәрбие нәрімен сусындаған. Сондықтан да парасатты педагогтерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Қиындығы мен қоса қызығы да жетерлік, ең бастысы жауапкершілігі жоғары бұл мамандықты таңдағандар бұл мәртебелі кәсіпті мақтаныш санайтыны даусыз. Шәкірті биік тұғырдан көрінсе ұстаздың еңбегі ақталғаны. Өйткені қазіргі өмірдің заңы даму, ілгерілеу, озу. Қытай философының «Маған жай айтсаң – ұмытамын, көрсетсең есімде сақтаймын, ал өзімді іс- әрекетке қатыстырсаң үйренемін» деген даналығы көп нәрсені ұқтырып тұрғандай.
Ұлы ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсариннің айтқаны ешқашан ескірмейді: «Мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім мектептің жүрегі.» Александр Македонский: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель» - деген екен.
«Адамның адамшылығы - жақсы ұстаздан» деп хакім Абай айтқандай, мұғалім өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім - тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі педагог-мұғалімдердің қолында.
Ұстаз деген сөзді естігенде не көргенде ойымызға тек мектептегі, унивеситетттегі лекция оқып, конспект жаздыратын мұғалім ғана келмеуі керек. Өйткені спортзалдағы бапкер, зауыт, фабрикалардағы мастер-наставник те ұстаз болып есептеледі. Олар енді ғана келген практиканттарды өзі таңдаған кәсіптің қыр-сырына баулиды. Олар болашақта дүбірлі додаларда көк байрағымызды көкте желбірететін – чемпиондарды, өнеркәсіпте жұмыс істейтін жұмысшыларды тәрбиелейді. Олардың іскер маман, білікті жұмысшы, намысқой спортшы болуы тікелей ұстаздың компетенциясына байланысты.
Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деген ұлағатты сөзі ешқашан жадымыздан өшпек емес. Ұлт ұрпағының ұғымтал болып өсуі ұстаздарға байланысты. Өйткені халқымыз ертеден мектеп табалдырығын аттаған әр баланың санасына «Мектеп – екінші үйің, ұстаз – екінші ата-анаң» деген ұғымды сіңіріп келеді.
«Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады» деп қытайдың кемеңгер ойшылы Конфуций айтқандай, яғни мұғалім өткен тәжірибесін жаңамен ұштастыра алатын, танымы биік, бастаған ісінің нәтижесін көре алатын, ғылыми зерттеу жұмыстарын таңдай білетін, педагогикалық үрдістің заңдылықтарымен етене таныс, өз ісінің шебері болуы керек.
...