Ұлы Жібек Жолы
Автор: _Akerke009 • Апрель 15, 2025 • Контрольная работа • 3,608 Слов (15 Страниц) • 172 Просмотры
КАРТА СЫЗУ
1.Түркілердің шығу тегі мәселесі. Б.э. І мыңжылдығының орта шенінде Қазақстан даласында ірі этникалық өзгерістер басталды. Ғұндар мен бірге мифтік тарихи көзқарас жойылды. Ерте түрік дәуірінде адамның өмір сүруі тарихи аспектіде, ойлау затына айналды. Бұл дәуірді біз шартты түрде ежелгі түрік (ерте түркі), немесе көне түрік дәуірі деп атаймыз. Ерте түркілердің шығу тегі ежелгі Ұлы даланың тұрғындары – турлармен байланысты. «Авеста» бойынша, арийліктер Ардви құдайына турларды жеңу үшін (бұл Амудария бойында болды) 100 жылқы, 1000 сиыр және көп қойды құрбандыққа шалған. Ақырында турлар арийлерді жеңіп, негізгі топтармен көшіп қонып жүрген жерлерін тастап кетуге мәжбүрлесе керек. Арийліктер (ирандықтар мен үнді-арийліктер) мен турлар (тұран) арасындағы көптеген соғыстар жүздеген жылдар бойы жүріп жатты. Көп үзілістен кейін ірі бірлестіктер ретінде түркі-ашиналар V ғ. аяғында белгілі болды. Түркілердің қайта өрлеуі көшпелілердің аңызға айналған ата бабасы Алаша есімімен байланысты болған идеологиялық символдардың жандануынан басталды. «Алаш» пен «Ашина» тікелей байланыста болуы, тіпті «ашина» «алаштың» бұрмаланған түрі болуы мүмкін. Халықтардың бірінші құрылымы – 10 тайпа одағы (он оқ будун), Жуань-Жуань мемлекетінің әсерінен Алтай тауларының баурайына көшірілген тайпалардың қалдықтарынан қалыптасты. Кейін мемлекет «Түркі елі» деп аталды. Түркі сөзі «төркін», яғни «әскери ақсүйек» деген сөзден шықты деген жорамал бар. Орталық Азия территориясында түркі тайпалары 10 шақты мемлекет құрды – Көк түркілердің қағанаты, Шығыс Түрік, Батыс Түрік, Түркеш, Қырғыз, Қарлұқ, Ұйғыр қағанаттары ХІ- ХІІ ғғ. Қарахан және Селжұқ оғыз мемлекеттері құрылды. Тарихи сахнада түркі мемлекеттерінің атауын басқасымен ауысуы біріншісінің жойылғанын білдірген жоқ. Олар жеңілгенде жеңгендердің қатарына кірген немесе басқа атпен жаңа бірлестіктер құрған. Қағанаттың дамыған кезінде территориясы Маньжуриядан Керч бұғазына дейін, жоғарғы Енисейден жоғары Амударияға дейін созылып жатты. Бірінші Еуразиялық империяның құрушылары ретінде түркілер континент халықтарының қалыптасу тағдырына үлкен ықпал етті. VI ғасырда Қазақстан территориясында аса күрделi саяси оқиғалар болды. Алтай Сiбiр, Монғолия жерiнде мекендеген тайпаларының үстем тап өкiлдерi бiрiгiп, әскер күшiне сүйенген түрiк қағанаты атты феодалдық мемлекет құрды. Мемлекет басшысы түрiк тайпасының ашина руының ұрпақтарынан шықты. ''Түрiк’’ этнонимiнiң алғаш рет аталуы, қытай жылнамаларында кездеседi және ол 542 жылға жатады. Түрiк қағаны Бумын 552 жылы көктемде аварлар ордасына шабуыл жасап, оларды күйрете жеңiлiске ұшыратады. Осы кезден бастап түрiк билеушiлерi қағандар атағын алады, сөйтiп аварлардың бұрынғы күш қуатына да, олардың барлық иелiктерiне де өзiн мұрагер ретiнде орнықтырған Бумын түрiк руларының тұңғыш қағаны болды. Отырықшы аудандардың байлығын иеленуге ұмтылу түрiктердiң Батыстағы, Орта Азиядағы онан арғы саясатының негiзi болды. Түрік қағанаты Орта Азиядағы саяси үстемдікке Мұқан қаған тұсында қол жеткізді. Ұлы даладағы құдыретті, сансыз көп түріктердің ішінде Шығыс өңірін қоныстанғандар аса белсенді еді. Түріктердің өмірі көшпелілікпен байланысты, ал түрік кезеңі дүниежүзілік тарихтың күрделі бөлігі. Жауынгер түріктердің арғы тегі аңыздарда «көк бөрі» деп айтылады. Түріктердің қайсарлығына, батырлығына байланысты туған аңыз өте көне заманнан бері бар, ол қола дәуірінде өмір сүрген тур, қиян тайпаларының түсініктерімен байланысты. Ежелгі қытай деректерінде «түрік» деген атау тарихта VІ ғасырдан бастап белгілі. «Түрік» сөзінің мағынасы дәл анық емес. Махмұд Қашқари : «Тәңірі оларды «Түрік» деп атады және оларды мемлекетке еге қылды. Заманымыздың хандарын түріктерден шығарып , халықтың ақыл еркін солардың қолына ұстатты, оларды адамдарға бас қылды, хақ істерде соларды қолдады, - деп жазады. Біздің пікірімізше «түрік» атауының қазақ жерін қола ғасырдың мекендеген «тур» елінің атауына тікелей қатысы бар. Тарихи деректерге қарағанда, түріктердің біртұтас мемлекет болуы, Түрік қағанатының құрылған уақыты 552 жыл деп есептеледі. Ескі қытай деректері бойынша түрік мемлекетінің билеуші әулеті Ашина деген рудан шыққан. Түрік халықтарының тегі туралы аңызда: «ол әуелі ғұндардың бөлек бір бұтағы. Кейін көрші мемлекеттер оны талқандайды да, тек бір бала ғана аман қалады. Оның аяқ қолын кесіп айдалаға тастап кетеді. Кейін осы баланы қасқыр асырап аман сақтайды. Өсе келе баланың тұқымы Ашина (қасқыр текті) атанады» - дейді. Алғашқы түрік мемлекеттері қағанат деп аталды. Мемлекетті қаған басқарды. Түрік қағанатының негізін салушы Бумын қаған. Бумын алдымен ауарларға (жужан) қарсы шығады. Себебі түріктер узақ уақыт ауарларға кіріптар жағдайда еді. Бағыныштылықтан құтылу мақсатында Бумын бірқатар айла әдістерді қолданды.
Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк жазбалары. Ежелгі Түріктер V-VI ғасырларда өзіне ғана тән әліпбилік жүйесі мен жазу емлесі бар руна (сына) жазуын ойлап тапты. Мемлекеттің гүлденуімен, экономиканың қарыштап дамуымен жазу үлкен маңызға ие бола бастады. Алғаш рет түріктердің жазуы туралы деректер Византия тарихшысы Менандр Протектордың еңбектерінде айтылады. Ежелгі түркі жазуына түрік көсемдері Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөкке арналып салынған ескерткіш тастағы жазулар жатады. Бұл ескерткіш жазулар ХVІІІ –ХІХ ғасырларда Монғолиядағы орхон өзені бойынан табылған. Ертедегі Түркі руна (сына) жазуларының көбі қайтыс болған кісілердің басына қойылған. Түркі руна жазуы қағанаттың VI-VIII ғасырлар арасындағы тарихын қысқаша баяндайды. Кейінгі түріктер кейінгі дәуірге өздері және арғы аталары жайлары жазба тарих қалдырды. Көне түркі жазу ескерткіштерін тұңғыш рет ХҮІІІ ғасырдың 20жылдарында Енисей аңғарынан Д.Мессершмид пен Ф.Страленберг сияқты ғалымдар ашқан болатын. Бұл табылған жазулар скандинавиялық руна жазуына ұқсас болғандықтан «руна жазуы» деп аталып кетті. 1889 жылы Н.М. Ядринцев Солтүстік Монғолияда, Орхон өзенінің аңғарынан руна жазуы бар үлкен құлпытас тапты. Бұл құлпытастағы жазулардың сырын алғаш ашқан ғалым В.Томсон болды, ал Ресей түріктанушысы В.Ф.Радлов жазуды оқып, үлкен тарихи жаңалық ашты.
Түріктану ғылымында бұл жазу табылған жеріне байланысты «Орхон-Енисей тас жазуы» деп аталады. Бұл ескерткіштердің ішіндегі ең көрнектілері 732-735жылдардағы Білге қағанның және оның інісі қолбасшы Күлтегіннің, екінші Түрік қағанатындағы қағандардың кеңесшісі Тоныкөктің құрметіне жазылған. Көне түркі жазуы ХІ-ХІІ ғасырлардан кейін қолданылмайды. Себебі, бұл түркі жазуын араб әліпбиі ығыстырып шығарды.
3.Түркілер өркениеті және Ұлы жібек жолы. Ұлы Жібек жолы елдер мен халықтардың қатынасын нығайтқан, түрлі мәдениеттерді бір-бірімен жақындатқан, Қазақстан жеріндегі қала мәдениетіне ықпалын тигізген байланыс жолы болды. Шығыс пен Батысты, Қытай, Корея, Жапония, Жерорта теңізі мемлекеттері, Греция, Италия мен Византия арасында сауда жол бағыты ретінде бекіту үшін «жібек жолы» атауды 1877 жылы неміс ғалымы-географ Ф.Рихтгофен ұсынған болатын. Жолдың маңыздылығы мен мыңдаған шақырымды құрайтын қашықтығына байланысты «Ұлы» сөзі қосылды. Бұл түрлі бағыттағы керуен жолы болды. Б.з.д. ІІ ғасырда Қытай жерінен басталып Жерорта теңізіне қарай шыққан. Ұлы Жібек жолының негізгі торабы Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу жерін басып өткен. Шығыс пен Батысты ұштастырған бұл жолда Қазақстан байланыстырушы буынына айналды. Бүкіл Еуразияға осы бағытпен екіжақты қозғалыста ой мен ілімдер, білім мен технологиялар, мәдениет пен дін, тауар мен көрсетілетін қызметтер туралы ақпарат алмасып тарады. Басты тауарлары жібек, араб арғымақтары, нефрит, жадеит болды. Сауда дамыған сайын өнім өндіру тәсілдері артып, елдер арасында басқа да тауарлар: шарап, жоңышқа, кептірілген жемістер, кілемдер, тұрмыстық бұйымдар ағыла бастады. Мысалы, б.э.д. 117 жылы үйсіндер жері арқылы ақша мен жібек артылған қытайлықтардың ірі керуені өткен. Жібек сауданың басты тауары болды. Ғалымдардың пайымдауынша жібек өндіру технологиясы осыдан 6000 жыл бұрын ашылған. Жібек маталарды адамдар ерте замандарда-ақ жоғары бағалаған. Жібек мата – жұқа, өте жеңіл, жұмсақ болып келеді. Таза табиғи болғандықтан зарарсыздандыру қасиеттері де бар. Жібек өндіруші елдер мен оны тұтынушылар жібектен тігілген киімге бит, кене сияқты өрмекші тәрізділер жоламайтынын байқаған. Жібек киімдері әдемі және ыңғайлы болған. Сондықтан жібек жасаудың құпиясы ғасырлар бойы қатаң сақталып келді. Қытайдан шығарылған жібек маталар Ұлы Жібек жолы арқылы дүниежүзінің басқа аймақтарына таралып, мемлекеттік қазынаға мол табыс әкелген. Қытайдан кейін жібек құртын Шығыс Түркістан, Орта Азия, Үндістан, Иран, Византия елдерінде өндіру бастады. Түрік ақсүйектері тек жібек матадан тігілген киімдер киді. Мысалы, Тон Жабғу қаған (VII ғ.) жасыл жібек шапан кигені белгілі. Араб географы Әл-Идриси мәліметтері бойынша бай, дәулетті қимақтар түрлі түсті жібек киімдер киген. XVIII ғасырдың Ресей ғалымы И.Георги далалықтар жібек матадан тігілген киімдер кигені туралы жазады. Алтынмен бірге жібек халықаралық валютаға айналды, айырбас өлшемі ретінде бекітілді. Жібек сыйға тартылды, жалдамалы әскерлерге және қызметкерлерге ақы ретінде төленді. Ортағасырлық түріктер аттарын жібекке айырбастап отырғаны белгілі. Мысалы, 1 түрік жылқының бағасы қытай жібегінің 130-180 метріне теңеді. Жібек жолының бойымен Еуропадан Қазақстан жеріне әйнек және теңгелер, айна және шыны ыдыстар, түймелер мен қапсырмалар жеткізілді. Қазақстаннан тері және жүн, жылқы мен қой тасылған. Ежелгі заманнан бері Ұлы Жібек жолымен тауарды түйе және есектермен тасымалдады. Әсіресе түйені шөл даласының кемесі ретінде жоғары бағалады. Түйе төзімді келеді, тұзды-кермек суды іше береді, ал сусыз жазғы тұрым 5 күнге дейін, қыс мезгілінде 20 күнге дейін тіршілік ете алатын бірден-бір түлік. Су көздерін таба алады. Бірөркешті түйеден гөрі қосөркешті түйе көбірек іске асты. XVIII ғасырда Қазақстан жерінде болған неміс зерттеушісі И.Фальк қосөркешті түйенің сипаттамасын былай береді: «...Қос өркешті түйелер әрі тез жүреді, әрі көп жүк көтереді, әрі ұзақ шөлге де төзімді және шөп те іздемейді».
Соғыс уақытында жол тораптарында сауда бәсеңдеп, бейбіт күндері қайта жандана түсті. VI ғасырда қуатты Түрік қағанаты құрылған кезде Қытайдан Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан жері арқылы өтетін Жібек жолы тармағы барынша өркендеді. Түрік қағандары өз ордаларында Жетісу аумағынан өтетін сауда керуендерін уысынан шығармай толық бақылауларына алды. Түрік билеушілері мен ауқатты түріктер ағылып келіп жатқан тауарлардың ірі тұтынушысы болды. XIII ғасырда түркілерден Ұлы Жібек жолын Монғол империясы тиімді пайдаланып өздерінің қарамағына алады. Бұл кезеңде керуен жолы біршама гүлденіп, халықаралық сауда мен мәдени байланыстарда өз үлесін қосып тұрды. Монғолдар сауданың дамуын қолдап, дінге қысым көрсетпеді. Ірі сауда қалаларында монғол билеушілерінің ордалары орналасты. Ұлы Жібек жолдың кедендері мен транзиттік бекеттерінде жолаушылар азық-түлік алып, аттарды алмастырып, қажет жағдайда жолсерік қызметі көрсетілді. Жаңа қалалар мен керуен-сарайлар бой көтерді. Керуеншілерге қызмет етіп отырған керуен-сарайлар жолауышылар үшін маңызы зор болған. Сонымен қатар, көпестер үшін керуен-сарайлар тауар өткізетін және тауар сатып алатын сауда орталығы ретінде қайнап жатты. Керуен-сарайлар ауыр және алыс жолдағы керуеншілер үшін біртіндеп мәдени орталықтарға айнала бастады. Жолды қорғау үшін күзет қойып, байланысшы атты адамдар хабарды жеткізіп отырған. XIV ғасырдың соңында Ұлы Жібек жолындағы сауда қатынастарының біршама құлдырауы Әмір Темір мемлекетінің тарих сахнасына шығуымен байланысты болды. Әмір Темірдің әскери ұрыс қимылдары мен шапқыншылық жорықтары нәтижесінде қалалар қирады, жерлер тоналды, көрші елдердің экономикасы талқанданды, транзиттік сауда негізі үзілді. Қазақ хандығы құрылуы мен нығаюы кезінде Ұлы Жібек жолының қазақ бағытында сауда жандана түсті. XVI ғасырда Солтүстік Үндістан аумағында пайда болған ірі мемлекет Қазақ елімен сауда-саттық қатынастар жүргізіп отырды. Жыл бойы көпестер Ұлы Даладан Үндістанға 40 мыңға дейін жылқы айдап жеткізді.
Жоңғар шапқыншылығы уақытында керуендердің ағылуы екі жақтық бағытта тоқтап қала берді. Жонғар мемлекеті жойылғаннан кейін Қазақ хандығы мен Қытай арасындағы сауда-саттық Абылай хан тұсында қайтадан биік дәрежеге көтерілді. Қазақ билеушісі Ресей, Қытай және Орта Азия мемлекеттерімен сауда-қарым қатынасын орнатуға жол ашты. Жол бойы өтетін көпестерден қазынаға салық түсіру Абылайдың орталықтандыру әрекеті патша билігіне жақпағаны әйгілі. Қытай империясы даламен сауданы тоқтаусыз жүргізуді қажет етті. Ұлы Жібек жолының қазақстандық бағытындағы сауданың дамуы ақша жүйесінің қалыптасуына әкелді. Жол бойында әр елдердің теңгелерін айырбастау орындары болды. Оны ақша айырбастаушылар жасады. ХІ ғасырда Исфақан базарында 200 «сарафф» ақша айырбастаушылары болған екен. Отырар, Испиджаб, Тараз, Жент, Қойлық қалаларында теңге сарайлары жұмыс істеді. Қыпшақтардың теңге лері пұл – мыс ақшалары, дирхем немесе теңге - күміс ақшалары, динар - алтын теңгелері соғылды. Жошы ұлысында теңгелер Сарайшық, Сығанақ, Баршыкент қалаларында шығарылды.
Ұлы Жібек жолындағы қалалар. Ұлы Жібек жолының тармақтары Қазақстан жерінен басып өтуі ірі және кіші қалалардың пайда болуы мен дамуына әсер етті. 1500 жылдан астам тарихы бар Тараз – ең ірі қалаларының бірі. Ортағасырлық деректерде Тараз «көпестер қаласы» деп аталады. Тараз – түргештердің, кейін қарлұқтар мен қарахандықтардың астанасы болған қала. Бұл Тараздың сауда және әскери стратегиялық маңызы бар болған қала екенін дәлелі. Бір деректер бойынша қаланы ежелгі кезде ғұндар әскери бекініс ретінде орнатқан. Қала тұрғындары мықты жауынгерлер болған, жол бойымен өтетін керуендер күзетін белсенді атқарып тұрды. ХІ ғасырдың иран ақыны Тарбизи тараздықтардың мінезімен былай салыстырады: «тараздықтар сияқты батыл, арабтар сияқты жомарт». Тараз маңында қорғасын, күміс, темір және алтын өндіретін металлургиялық құрылыс орындары дамыған. Араб ғалымы ибн Хаукаль: «Тараз – мұсылман түріктердің сауда жасайтын орны» немесе «Тараз - көпестер қаласы» деп атады. Қаладағы үлкен монша VIII ғасырда салынған. Қала ішінде су құбырлары жүргізілген. Тараз қаласының маңында VI ғасырдан бастап белгілі болған Жамұқат ежелгі қаласы бар. Қала Таластың оң жағалауында орналасқан. Сауда жолында Таразға жақын Адахкет және Дех Нуджикес қалаларынан өтеді. Талас аңғарының таулы бөлегінде Шелжі, Сұс, Күл, Текабет сияқты кіші сауда қалалары кездеседі. Тараздан шығысқа қарай жол Құланға әкеледі. Осы жол бойында Касрибас, Күлшөп, Жолшөп, Мерке және Аспара сауда қалалары орналасқан. Жетісудың аса ірі сауда және әкімшілік орталығы – Суяб – Батыс түрік қағанатының, кейін Түргеш, Қарлұқ мемлекетінің астанасы болды. Осындай қалалардың бірі Баласағұн – Қарахандардың астанасы бар. 629 жылы Суяб қаласында болған будда діндары Сюань Цзян Түрік қағанымен кездесуін былай сипаттайды: «Бұл жат елдіктердің аттары керемет екен. Қаған үстіне жасыл жібек шекпен киген. Өзге жауынгерлер тері астарын киіп бастарына жұмсақ бас киімдер киіп, айбалта,садақ асынып ту көтеріп жүреді.Түйеге атқа мінгендердің көптігі сонша көзбен шымшылаудың өзі мүмкін емес».VIII ғасырда қала халқының саны 20 мыңға жетті. Ұлы Жібек жолының тармақтары Іле Алатауының етегіндегі шағын қалаларынан өтті. Солардың бірі транзиттік сауда қаласы Тальхиз (Тальхир) болды. Ең ірі қалалардың бірі болған ол Испиджаб(Сайрам). Орта ғасырларда Испиджаб сауда және дін орталығына айналды. Деректерде қала алғашқы рет VII ғасырда аталады. Махмұд Қашғари қала атауы туралы «Сайрам – ақ қаланың аты» деп көрсетеді. Жергілікті көпестер ақ маталар, қару-жарақ, зергерлік бұйымдар, ыдыстарды басқа жерлерге жеткізіп тұрды. Испиджаб құл сату ірі орталығы ретінде әйгілі еді. Қалада теңге сарайы, базарлар, мата сататын орындар(тимдер) және керуен-сарайлары болды. Қаладағы керуен-сарайлар жолаушы көпестер үшін маңызы зор болған. Керуен-сарайлар құрылыстарын бай иелер тұрғызды. Олар әдетте биік дуалдармен қоршалды. Бұл жерде демалатын бөлмелер де, мал қоралары да, тасымалға керек көлік, жолаушыларға қажет азық-түлік табылатын. Керуен-сарайларда сауда қайнап, қажетті ақпарат алмасатын орталық да болды. Жолаушылар керуені бағыт алған елі мен қалалары, олардың билеушілері туралы мәліметтерді осы жерден алды. Керуен-сарайлардың біраз бөлігін Бұхара, Самарқан көпестері иеленді. Испиджаб қаласы мен оның аймағында ХІ-ХІІ ғасырларда 40 мыңға жуық халық тұрған. Қала халқының саны табиғи өсуі мен адамдардың қалаға ағылуы есебінен өсті. Жергілікті тұрғындар соғдыша да түрікше де сөйледі. Ұлы Жібек жолында орналасқан атақты қалаларының бірі - Отырар. Ортағасырларда Отырар Сыр өңірінің ірі сауда, мәдени орталығына айналды. Қалада моншалар, мешіттер, медреселер орналасты. Бұл қалада Шығыстың екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби дүниеге келді. 1405 жылы осы қалада Әмір Темір қайтыс болды. Отырықшы қала тұрғындары мен көшпелі халық арасында мықты байланыс орнатылды. Жау шапқыншылықтар кезінде олар тез бірігіп отырды. Көшпелі халық қаланың берік қамалында жасырынды. Қала тұрғындары болса олардан азық-түлік сатып алып тұрды. Тұрғындардың әр бір үйінде тандырлары болды. Тандырда ас дайындады, нан пісірді және үйді жылыту үшін де пайдаланды. XVІ-XVІІ ғасырларда қалада 5-7 мыңға дейін адам тұрды.
Ұлы Жібек жолы тармағында Түркістан қаласы орналасқан. ХІІ ғасырдан бастап Яссы деп аталған. XIV ғасырдың соңы – XV ғасырдың басында қала Оңтүстік Қазақстан өңірінде ірі әкімшілік, сауда, саяси және мәдени орталық болып санала бастайды. Оның негізгі себебі сопылық шейх Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тұрғызылуымен байланысты. Қазақ хандары Түркістан қаласын саяси астанасы ретінде бекітті. Рузбихан мәліметтері бойынша қала Орта Азия мен Қытай аралығында атақты сауда бекетіне айналған: «Йасы қаласына тауарлар мен қымбат бағалы заттар жеткізіледі де, сол жерде оларды сату басталады. Сондықтан ол көпестердің тең-тең жүктерін шешіп, саяхатшылар тобын әр елге аттандыратын орын болды». Түркістан ірі егіншілік аймағының орталығы болып қалуын жалғастырды. Түркістаннан солтүстік-шығысқа қарай 35 шақырым жерде ортағасырлық ірі сауда қалаларының бірі - Сауран қаласы орналасты. Қала туралы алғашқы мәліметтер Х ғасырға жатады. Осы кезде өмір сүрген араб географы Макдиси қаланы былай деп сипаттайды: «Сауран – бірінен кейін бірі жеті қабырғамен қоршалған үлкен қала, оның рабады бар,үлкен мешіт ішкі қалада орналасқан». XIV ғасырда қала Ақ Орда мемлекетінің әкімшілік орталығына айналды. XV ғасырдың 80-ші жылдарында қаланы Жәнібек ханның ұлы Жиренші сұлтан биледі. XVІ ғасырда Ибн Рузбихан Сауран шаһары туралы: «Бұл қала керемет сұлу және шексіз көңілді, ауасы өте таза, адам жанын көңілдендіріп, сергітеді. Маңайы құлпырған бау-бақша,әр түрлі ағаштар, қаланы айналдырып биік дуалдар қоршап тұр, ал оның айналасында – ор, ешқандай жау ала алмайды» деп көрсетеді.
Қала кәріздер арқылы сумен қамтамасыз етілді. Сауранның жаугершілік жағдайға лайықтап тұрғызылған қалын қорғаныс дуалдары оны мықты бекініс ретінде танытады. Мысалы, 1598 жылы Бұхар әскерлері қаланы қабырға бұзғыш қондырғылар арқылы алуға әрекет еткені тарихта белгілі.
Ұлы Жібек жолының әлеуметтік-мәдени маңызы. Ұлы Жібек жолының тармақтары Қазақстан қалалары арқылы өтуі мәдениет және өнердің дамуына септігін тигізді. Саудамен қатар Қытай, Алдыңғы Азия, Еділ Бұлғария, т.б елдермен дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынастар орнатқан жол болды. Жібек жолы жаңа технологиялар мен ашулар алмасу жолы да болды. Қазақстан осы жол арқылы қағаз және жарылғышты білді. Бүкіл әлем соғыс арбалармен таныс болды, басқа да әскери өнер жаңалықтары тарады. Сақтардың «аңдық стиліндегі» алтын бұйымдардың таңғажайып үлгілері осы жол арқылы бүкіл әлемге белгілі болды. Жібек жолымен Қазақстанға басқа елдердің сәулет құрылыстары, бейнелеу өнері, би, музыка сияқты мәдени ауысулары ағып жатты. Жергілікті халық киім-кешек пен аяқ-киімдер, қару-жарақ пен сауыт-саймандар, дәмдеуіштер мен кептірілген жемістер сатып алды. Батыс пен Шығысты түйістіріп тұрған сауда жолымен христиан, буддизм, ислам, манихейлік діни ағымдар тарады. Үндістаннан Қазақстан және Орта Азия арқылы Қытай, Корея, Жапонияға будда діні тарады. Сирия, Иран және Араб елдерінен ислам және христиан діндері терең тамырын жайды. Ұлы Жібек жолымен елдер манихейлік дінімен танысты. Манихейлік дін ІІІ ғасырда Иранда пайда болып, зороастризм мен христиан діндердің синтезі ретінде тарады. Зороастризм діні де Ираннан келді. Дегенмен исламнан басқа діндер Қазақстан және Орта Азия жерінде кең тамыр жая алған жоқ. Ұлы Жібек жолының ортаазиялық бағытында халықаралық сұхбат дәстүрі қалыптасты. Ортақ тіл ретінде соғды тілін пайдаланды. Түріктер соғдыша да сөйледі. Махмұд Қашғари бұл туралы былай жазды: «Түріктер соғды тілін біледі, ал соғдылықтар – түрік тілін».
Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі: Негізгі: 1.Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы: оқулық / жалпы ред. басқ: Т. Омарбеков, Т. Омарбеков, Г.С. Султангалиева, Б.С. Сайлан және т.б. - Алматы: Қазақ ун-ті, 2018. - 476 с. 2.Бегалиева А.К. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы: Қазақ университеті. 2017. -380 б. 3.Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы: Дәрістер курсы. Алматы, 2018. Б.Б.Кәрібаев. -324 б. 4. Аяған Б. Қазақстанның қазіргі заман тарихы (1991-2014): / Б. Аяған. - Алматы : Атамұра, 2014. - 336 б. 5. Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. 1-кітап. Қазақстан аумағы б.з.б. мыңжылдықтан бастап ХІІІ ғ. басына дейін. – Алматы, Қазақ университеті, 2016 6. Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. 2-кітап. ХІІІ-ХVІІІ ғ.ғ.– Алматы, Қазақ университеті, 2016 7.Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық / ҚР Білім және ғылым м-гі, әлФараби атын. ҚазҰУ құраст: Т.О.Омарбеков, Қ.С.Қаражан, М. Ж. Ташенев және т. б. - Алматы: Қазақ ун-ті, 2016. 3-кітап: Қазақстан отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. – 453 б. 8.Қазақстан (Қазақ елі) тарихы. – 4 кітаптан тұратын оқулық. Тәуелсіз Қазақстан: алғышарттары және қалыптасуы. 4 кітап/ Т.Омарбеков, Б.С.Сайлан, А.Ш.Алтаев және т.б.. – Алматы, Қазақ университеті, 2016 9. Долгополов А. История Казахстана. Учебное пособие. Москва: Литерра, 2016. -344 с. 10. Хабижанова Г. Древняя история Казахстана. – Алматы, Қазақ университеті, 2018. -158 с. 11.Жолдасбаев С. Древняя и средневековая история казахского народа. Учебное пособие. – Алматы, Қазақ университеті, 2018. -530 с. 12. Қуандық Е. ХІV- ХХ ғасыр аралығындағы Қазақ елінің тарихы бойынша лекциялар курсы. Алматы: Дәуір. 2015. -600 б. 13. Ұлы Дала тарихы: учебное пособие /Кан Г.В., Тугжанов Е.Л. – Астана: Zhasyl Orda, 2015. – 328 стр
Халықтың діні, наным-сенімдері мен көзқарастары оның тарихына, рухани-мәдени, саяси өміріне үлкен әсер ететін фактор болып табылады. Дін – руханияттың өзекті саласы. Дін тарихын білмейінше белгілі бір аймақты мекендеген халықтардың тұрмысын, өмірін, мәдени болмысының қыр-сырын терең тану мүмкін емес, яғни кез келген ұлттық мәдениеттің рухани бастауларын, оның менталитеті мен дүниетанымын ұғыну үшін мәдени тұтастықтағы діни жүйелерді терең зерттеп, зерделеудің маңызы ерекше.
...