Essays.club - Получите бесплатные рефераты, курсовые работы и научные статьи
Поиск

Қазақстаннын 1993 жылfы кабылданfан Тұңғыш конституциясы

Автор:   •  Сентябрь 22, 2021  •  Реферат  •  5,910 Слов (24 Страниц)  •  445 Просмотры

Страница 1 из 24

ҚАЗАҚСТАННЫҢ 1993 ЖЫЛҒЫ  ҚАБЫЛДАНҒАН ТҰҢҒЫШ КОНСТИТУЦИЯСЫ 

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан конституциялық құрылысты іске асырудың және қазақстандық конституциялық біртектілікті қалыптастырудың өзіндік тәжірибесін жинақтады. Ол бірегей және қоғамдық жаңғырту жағдайындағы елдер үшін көбінесе сабақ боларлықтай. 
    1990–1995 жылдары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қызметінде мемлекеттіліктің іргесін қалау ең басты бағыттардың бірі болды. Ел эволюциясының бұдан кейінгі сатыларында да ол осындай болып қалуда. 
    2015 жылғы 28 тамызда, қолданыстағы Конституцияның 20 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы өткен ғасырдың соңғы онжылдығында еліміз бастан кешкен аса ауыр кезеңді былай деп сипаттаған болатын. 
    «1995 жылдың басында Қазақстанның тәуелсіздігі құрдымға кетудің алдында тұрды деп бүгінде объективті түрде айта аламыз. Мәселе көлденеңінен тұрды: Кеңес Одағы ыдыраған соң мемлекет бола ма, әлде болмай ма? 
…Тығырықтан шығудың мен ойлаған жолы, менің айтқан ұсыныстарым сол кездегі парламентте түсіністік таппады.  Соңы ушыққан шиеленістерге, азаматтық соғыстарға ұласып жатқан мұндай сценарийлерді ТМД-ның көптеген елдері көз алдымызда бастан кешіп жатты. Әлі бұғанасы қатпаған, көп ұлыстан құралған мемлекетіміз үшін бұған жол беруге болмайтын, өйткені ол апатпен барабар еді. Айналамыздағы елдердің көбінде жаңа мемлекеттілікті құру қайғы-қасіретпен қатарласа жүріп, қантөгіске  әкелгенін көріп отырдық. Солардың қасында Қазақстанның жаңа тарихы жаңадан құрылған елдердің көбі үшін маңызды сабақ болмақ» .
Осы берілген объективті де дәл бағада Нұрсұлтан Әбішұлы конституциялық процесс ашылып, қоғам мен мемлекетті конституциялық реформалаудың әдіснамасы мен әдістері құрылып, нығая бастаған қоғамдық-саяси жағдайдың мәйегін көрсеткен. Олардың құрамдас бөліктерінің көбін бүгінде әлемдік конституционализм қоржынына енгізіп, конституциялық құқық оқулықтарында сабақ боларлық мысал ретінде келтіруге әбден болады.    
    Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясын құрудың хроникасына назар салайық.  
    1990 жылғы 25 қазанда он екінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдаған күннен бастап конституциялық құқық шығармашылығының жолдары туралы мәселе қызу талқыға түсті. 1990 жылғы күздің соңына қарай, мамандармен және саяси қайраткерлермен жүргізілген ұзақ консультациялардан соң, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясының жобасын әзірлеуге кірісу керек деген үзілді-кесілді саяси шешім қабылданды. 
    15 желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен, оның төрағасы басшылық еткен 35 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамында негізінен  он екінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің депутаттары (Жоғарғы Кеңес Президиумының барлық мүшелері, оның барлық комитеттерінің төрағалары, қатардағы кейбір депутаттар), сондай-ақ жекелеген заңгер-ғалымдар, қоғамдық бірлестіктердің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері) болды. 
    1991 жыл болашақ Негізгі Заңның тұжырымдамалық ережелерін айқындауға толық дерлік жұмсалды. 
    «Бастапқы конституция» немесе «кіші конституция» ретінде 1991 жылғы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» тарихи Конституциялық заңды қабылдады. Өзінің мазмұны жағынан (ол дәстүрлі конституциялық қатынастарды бекітті) және заңдық күші бойынша (өзге заңдардың бәрі, 1978 жылғы Конституцияны өзгерістерімен және толықтыруларымен қоса отырып, қолданыста болды, өйткені Конституциялық заңға қайшы келмейтін) ол заң жүзінде Қазақ КСР-інің ескіре бастаған 1978 жылғы Конституциясын ауыстырды.  
    1991 жылғы 1 желтоқсанда алғашқы тікелей президенттік сайлау өтті. Халық қалауымен Н.Ә. Назарбаев  саясатты айқындауға және оны бүкіл қазақстандықтардың атынан жүргізуге құқық алды. Тиісінше, бүкіл халық ел Президенті етіп сайлаған  Н.Ә. Назарбаев Жоғарғы Кеңестің 1991 жылғы 15 желтоқсандағы қаулысымен Конституциялық комиссияның төрағасы болып тағайындалды. 
    Мемлекет басшысының тапсырмасымен Негізгі Заңды дайындау мақсатында жұмыс тобы құрылып, оған қазақстандық белгілі заңгерлер енгізілді. Сол кезде Жоғарғы Кеңес төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған З.Л. Федотова жұмыс тобына жалпы басшылық жасады. Ғылыми жағы Қазақстан Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, белгілі мемлекеттанушы  Ғ.С. Сапарғалиевке жүктелді .  Жұмыс тобының алдына нақты мақсат қойылды: Негізгі Заңның жобасын дайындап, соңыра оны Конституциялық комиссияның қарауына алып шығу. Кейінірек тағы бір топ – Қазақстан Ғылым академиясының академигі, майталман-заңгер С.З. Зиманов басшылық еткен, ҚР Конституциясының жобасына құқықтық сараптама жасау жөніндегі топ құрылды. 
    Жұмыс тобы жариялаған конкурсқа ұжымдық негізде және жеке-дара орындалған жиырмаға тарта жоба ұсынылды. 
    Өзінің сөйлеген сөздерінде Н.Ә. Назарбаев, біз жасап жатқан Конституцияның төрінде өзінің ұлтына қарамай адам болуы тиіс; ол халықты бөлмей, керісінше біріктіруге тиіс. Бұл орайда, соңғы сөзді саясаткерлер емес, көпұлтты Қазақстанды мекендейтін нақты адам айтуға тиіс. Солай жасағанда ғана ол шын мәнінде халықтың Конституциясы болады, деп бірнеше рет атап өткен болатын.  
    Нұсқаларының бәрін талқылап болған соң, Конституциялық комиссия көкейге қонымды деген құжатты бекітті. 
«Көп ұзамай Конституцияның бірінші нұсқасы дайын болды және ол біршама өткір шиеленіспен өтіп жүрген Конституциялық комиссияның мәжілістерінде талқылана бастады. Олар [комиссия мүшелері – депутаттар – В.М.] ашық әңгімеге және баламалы ұсыныстарға дайын емес еді. Алға қарай одан әрі жылжудың қиындай беретіндігі түсінікті болды» .
1992 жылғы 6 қаңтарда, 3 наурызда және 14 сәуірде Конституциялық комиссияның отырыстары өтті. Ол жерде тұжырымдамалық мәселелер, құқықтық ережелер егжей-тегжейлі әрі өте бір тартыспен талқыланып жатты. 
«Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында Елбасы былай деп жазады: «Қатерлі ауытқуларға жол бермес үшін кейде бізге Конституция жобасының әр бабын қорғауға тура келді. Кейде бүкіл жұмыс күнім Жоғарғы Кеңесте өтеді, шұғыл түрде шешуді талап ететін мемлекеттің маңызды күнделікті жұмыстарымен айналысу үшін өз жұмысыма тек түнде ғана келемін» деп қалжыңдайтынмын» .
Бұл тұста Республика Президентіне заң шығару деңгейінде қауырт жұмыс істеумен қатар, алқымнан алып тұрған дағдарыстың шарпуын үнемі, тынымсыз «сөндіруге» тура келгенін айт кету қажет!       
Нақ осы кезеңде Н.Ә. Назарбаев елді басқаруды қалпына келтірудің маңызды да күрделі міндеттерінің бірін шешті – биліктің атқарушы тармағының вертикалі құрастырылды.  
«Жергілікті өзін-өзі басқару мен Қазақ КСР халық депутаттарының жергілікті Кеңестері туралы» Қазақ КСР Заңына өтпелі кезеңге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 1992 жылғы 13 қаңтардағы Заңмен  жергілікті әкімшілік басшысы (қазіргі әкім) лауазымы енгізілді. Бұған дейін Мемлекет басшысына есеп беріп, тиісті Халық депутаттары кеңесінің бақылауында болған жергілікті әкімшіліктер басшыларын енді Республика Президентіне бағыну тәртібімен қызметіне Президент тағайындайтын болды. Жер-жерлердегі жалпы құзыретті атқарушы органдар алғаш рет жергілікті өкілді органдарға есеп беруден шығарылды . 
«Экономикалық реформа жағдайында Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдарын ұйымдастыруды және олардың қызметін жетілдіру туралы» Республика Президентінің 1992 жылғы 7 ақпандағы Жарлығы бүкіл атқарушы билікті Мемлекет басшысының қол астына шоғырландыру процесінің  қорытындысы болды. Онда алғаш рет Республика Президентінен бастап жергілікті әкімшіліктер басшыларына және олардың органдарына дейінгі атқарушы-өкім етуші органдардың бірыңғай жүйесі құрылып, органдар мен лауазымды тұлғалардың (вице-президенттің, мемлекеттік хатшының функционалдық міндеттері мен өкілеттігі, министрліктердің, мемлекеттік комитеттер мен ведомстволардың тізбесі, Министрлер Кабинетінің жергілікті әкімшілік басшыларының қызметіне жедел басшылық жасау жөніндегі міндеті және өзге де маңызды мәселелер бекітілді. 
    1992 жылғы 29 мамырда он екінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің VIII сессиясында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы туралы» баяндама жасады. Депутаттардың жария түрдегі (бүкіл елге телевизиялық хабар таратылды) мұқият талқылауынан соң, 2 маусым күні құжат бірінші оқылымда бекітілді және бір аптадан кейін бүкіл халықтың талқылауына салу үшін республикалық және облыстық газеттерде жарияланды. 
    1992 жылғы 28 қазанда Конституциялық комиссияның кезекті отырысында үш миллионнан астам адам қатысқан бүкілхалықтық талқылаудың қорытындысы шығарылды. З.Л. Федотова ұсынылып отырған түзетулер туралы баяндады және Конституцияның жобасын пысықтаған кезде жұмыс тобы оны Жоғарғы Кеңестің бірінші оқылымда қабылдағанын ескерді, деп атап өтті. «Біз осыны басшылыққа алдық. Әйтсе де, ерекше маңызды мәселелер бойынша бірінші оқылымның шегінен тым алшақтамай, жобаны жақсартуға ұмтылдық» .  
    Отырысты аяқтай келе, Н.Ә. Назарбаев орталықта және жер-жерлерде мемлекеттік билікті ұйымдастырудың бірқатар маңызды тұстарын, Республика Президенті, Жоғарғы Кеңес, соттар институтының, сондай-ақ тілдер мәртебесінің жекелеген құрамдас бөліктерін ерекше атап өтті. 
    5-6 қарашада Конституцияның пысықталған жобасын Жоғарғы Кеңестің Президиумы қарап, айтылған пікірлерді ескеріп мақұлдады және Жоғарғы Кеңестің X сессиясына шығарды.  
    Алайда, қоғамда құжатты қызу талқылау толастаған жоқ. 
    10 қарашада Республика Президенті аудандардың, қалалар мен облыстардың әкімшіліктері басшыларымен және Халық депутаттары кеңестері төрағаларымен өткізген кеңесте Конституция жобасы туралы баяндама жасады. Н.Ә. Назарбаев, атап айтқанда, Конституциялық комиссия өз жұмысында шын мәніндегі демократиялық, халықаралық құқық нормаларына сәйкес келетін Конституцияны құрастыруды ғана емес, адамдарды біріктіретін Конституцияға ие болу мақсатын да көздеді, деп атап өтті.
    «Конституцияның бірде-бір тармағы дау-дамай туғызбауы, қоғамдағы жағдайды ушықтырмауы, текетіресті арандатпауы тиіс. Кез келген өткір мәселені ашық түрде талқылап, көпұлтты мемлекеттегі барлық адамдардың теңдігін қамтамасыз етуді көздейтін біздің түпкілікті саясатымызға сәйкес келетін шешім табуымыз қажет. Қоғамды жаңғырту жолындағы біздің табыстарымыздың кілті – бұл барлық қазақстандықтардың бірлігі, келісім мен бейбітшілік» . 
    Мемлекет басшысы Комиссияның отырыстарында келісілген шешімін таппаған позициялар шеңберін айқындап берді. 
    Көп уақыт өтпей, 1992 жылғы 10 желтоқсанда, Республика Президенті он екінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің IX  сессиясында талқылаудың  қорытындысымен бірге Конституцияның жобасын ұсынды және қалған күндердің бәрінде депутаттармен бірге пікірталастың ішінде болды.    
1993 жылғы 7 қаңтарда Конституциялық комиссияның төрағасы оның соңғы отырысын өткізді. Келісу комиссиясы мен жұмыс тобы ұсынған түзетулер ескеріліп, Жоғарғы Кеңестің қабылдауына шығарылатын Негізгі Заңның жобасы комисия мүшелерінің назарына ұсынылды. 
    18 қаңтар күні Жоғарғы Кеңестің IX сессиясында  Н.Ә. Назарбаев егер төменнен бастап жоғарыға дейін Конституцияға деген құрмет, Негізгі Заңды қалтқысыз сақтау қамтамасыз етілмесе, реформа өмір сүре алмайды деп ескертті. «Тек конституциялық тәртіп қана реформалардың басты жауы – саяси және құқықтық бей-берекетсіздікке, жершілдікке қарсы тұра алады» .
    25–28 қаңтарда Н.Ә. Назарбаев Конституцияны соңғы рет талқылау және қабылдау кезіндегі сессияға қатысты.  
    1993 жылғы 28 қаңтарда Жоғарғы Кеңес жариялы түрде дауыс беру арқылы түгелге жуық көпшілікпен (312 депутаттың Конституцияны жақтап дауыс бергені – 309, қалыс қалғаны – 1, қарсы – 2) егемен Қазақстанның тұңғыш Конституциясын қабылдады. 
    «Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залының электронды таблосында дауыс берудің нәтижесі көрінгенде, зал ду қол шапалақтап дүр сілкінді, - деп жазады  Елбасы. – Залда «Қазақстан жасасын!», «Конституция жасасын!» деген дауыстар жан-жақтан естіле бастады. Кейбір депутаттардың көзінен қуаныш жасын байқап қалдым».  
Бұл шын мәнінде дербес дамудың жолына түскен Қазақстан халқының өміріндегі  тарихи оқиға еді. 1993 жылдың жағдайында қабылданған Конституция, қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүргізуге қарсы болған бөлігі мен Қазақ КСР-інің демократиялық өркениетті мемлекетке айналуы қажеттігін және оның болмай қоймайтындығын түсінген екінші бір бөлігінің арасындағы ымыраның көрінісі болды. Конституция реформаны іске асыру жолындағы алғашқы қадамдарды жасауға мүмкіндік берді, - деп жазды Елбасы . 
    Республика Президенті өз сөзінде барлық қазақстандықтарды Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы қабылдануымен құттықтап, осы арқылы мемлекеттілік қалыптасуы, ұлттық тәуелсіздікті қамтамасыз етудің сапалы түрдегі жаңа сатысына көшу, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың іс жүзіндегі кепілдіктерін жасау, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құрудағы нәтижелі ой-пікірлерді іске асыру үшін құқықтық база жасауға бастау салынғанын атап өтті. 
Конституция 131 негізгі және 13 өтпелі баптан тұрады.    Оның құрылымында кіріспе, «Конституциялық құрылыстың негіздері», мынадай төрт бөлім: I. «Азамат, оның құқықтары мен міндеттері», II.  «Қоғам мен оның құрылысының негіздері», III. «Мемлекет, оның органдары мен институттары», IV. «Конституцияны сақтау кепілдіктері», сондай-ақ «Өтпелі ережелер» бар.
    Республика Президенті Конституцияны тұрақтандыру факторы ретінде қарастырды, бұл туралы ол 1993 жылғы 28 қаңтарда Конституцияның қабылдануына орай сөйлеген сөзінде атап өтті.     Сонымен бірге ол өтпелі кезең қоғамында Негізгі Заңның ғұмыры ұзақ болмайтынын білетін.  
    Оның жекелеген ережелері Елбасының келіспеушілігін туғызып отырды. Оған жататындары: мемлекеттіліктің сипаты, тілдердің мәртебесі, азаматтардың ұлтына қарамай теңдігі, жерге жеке меншік, биліктің бөліну принципін біртіндеп жүргізу. 
    Кейінірек, 1995 жылғы 30 маусымда, Қазақстан халықтары Ассамблеясының II сессиясында  Н.Ә. Назарбаев былай деп атап өтті: «Қазақстан – бұл елімізді мекендейтін барлық ұлттар өкілдерінің мемлекет ретінде өзін-өзі айқындауының нәтижесі»  .
Қазақ тіліне мемлекеттік тіл деп конституциялық мәртебе берілгені әбден дұрыс. Ал ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі орыс тілінің жағдайы (конституциялық құрылыс негіздерінің сегізінші ережесі) заңдық тұрғыдан жеткілікті айқындалмаған еді.   
 Конституциялық құрылыс негіздерінің бірінші ережесі күмәнді еді, өйткені онда Қазақстан Республикасы «демократиялық, зайырлы және біртұтас мемлекет» деп айқындалған болатын. Біріншіден, жарияланған екі сипаттамаға құқықтық және әлеметтік дегендерді қосу керек. Ал, екіншіден, өзін демократиялық мемлекет деп жариялау үшін дамудың ұзақ жолын басып өтуге тиіс мемлекетті 1993 жылғы Конституцияның демократиялық дамудың деңгейіне жетті деп тануы.   
    Конституцияның 45-бабында сол кез үшін революциялық қағидат орынды жарияланған болатын: «Қазақстан Республикасының экономикасы  меншіктің әртүрлі нысандарына негізделеді. Мемлекет меншіктің барлық субъектілерінің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етеді». Жеке меншікке қол сұғылмайды деп жарияланып, жеке кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне және оны қорғау мен қолдауға мемлекет кепілдік берді (47 және 48-баптар). Алайда, мемлекет меншігі үшін дәл осындай конституциялық кепілдіктер болмаған жерде, теңдей қорғау деген жай сөз болып қала беретін. 
Жер, оның қойнауымен, суымен, өсімдіктер және жануарлар дүниесімен, өзге де табиғи ресурстарымен қатар, тек қана мемлекеттік меншік объектісі болып табылатын (46-бап).    
    Конституцияның халықаралық-құқықтық актілерге қатысты үстемдігі қамтамасыз етілмеді (3-бап).
    Негізгі Заңда кейбір ережелердің жариялануына (немесе, керісінше, оның мәтінінде бірқатар өзекті идеялардың болмауына жауап ретінде, байырғы ұлтқа жатпайтын азаматтардың өз болашағына деген алаңдаушылығы артып, шетелдік инвесторлардың сенбеушілігі өсті, нарықтық қайта құрулар тежеле бастады. 
Тұтас алғанда, мемлекеттік билікті ұйымдастыруда, және атап айтқанда,  басқару нысанында, жоғары мемлекеттік органдардың мәртебесінде қайшылықтар туындады. 
Конституцияда қос билікке жол берілген болып шықты. Оған арқау болған конституциялық құрылыс негіздерінің «Бүкіл Қазақстан халқының атынан сөйлеу құқығы олардың конституциялық өкілеттіктері шегінде тек Жоғарғы Кеңеске және Республика Президентіне ғана тиесілі» деген төртінші ережесі еді. Алтыншы ережеде былай делінетін: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік оның заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөліну принципіне негізделеді. Соған сәйкес мемлекеттік органдар өз өкілеттіктері шеңберінде дербес, тежемелік және тепе-теңдік жүйесін пайдалана отырып, өзара қарым-қатынас жасайды». 
Мемлекеттің біріктіруші сипаты болмағандықтан, екі институционалдық орталық қатар қызмет атқарды, алайда олардың өзара қарым-қатынасында көкейге қонымды теңгерім болмады. 
«Елдің қоғамдық дамуының өзекті, өмірлік маңызды проблемаларын шешудің орнына, Жоғарғы Кеңес пен жергілікті халық депутаттарының Кеңестері оны тежеп, депутаттар атқарушы органдарды жаппай сынап, билікті өздеріне бұра тартып отырды» . 
 Конституцияны қабылдау, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу өкілеттігі тек Жоғарғы Кеңеске ғана бекітілген болатын (64, 72 және 129-баптар).
    Республика Президенті Қазақстан Республикасының халқы мен Қазақстан Републикасының Жоғарғы Кеңесіне жолдау жариялайды, Жоғарғы Кеңеске республиканың жағдайы туралы жыл сайын баяндама ұсынады және Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саяси қызметінің аса маңызды мәселелері туралы мезгіл-мезгіл ақпарат беріп отырады (78-баптың 10) тармақшасы). 
    Бүкілхалықтық дауыс беруді тағайындауда да екіұштылық бар.          64-баптың 7) тармақшасына сай, Жоғарғы Кеңес референдум өткізу туралы шешім қабылдайды, ал 78-баптың 7) тармақшасы негізінде Республика Президенті «Жоғарғы Кеңеспен консультациялардан кейін референдум өткізу туралы шешім қабылдайды».  
    Мынадай бір оқиға жадымда жақсы сақталыпты. 1992 жылдың көктемінде Контитуциялық комиссияның кезекті бір отырысында Қазақстанда қос палаталы парламент енгізу, сондай-ақ парламенттің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату және президентке импичмент жариялау институттарын енгізу туралы ұсыныс айтылды. Жоғарғы Кеңес депутаттарының көпшілігі бұны ұнатпай өре түрегелді. «Сонда, парламенттің төрағасы қайда қалады?» деген сұрақтан бастап, «Қазақстан қашанғы сынақ полигоны болмақ? Семей, Арал. Енді болса қос палаталы парламент...» деген сынды қоса отырып, «Қазақстанда жаман президент пен жаман депутаттар сайлануы мүмкін емес. Конституцияны президентке қарсы Қылмыстық кодекске айналдыруға жол бермеу керек» деген ұсыныстармен аяқталатын қарсы уәждер айтылып жатты.    
    Осы тектес, саяси астары бар қарсы уәждер Конституцияны жоғары билік эшелонындағы тығырықтан шығудың механизмінен айырды. Көп мақсатпен қатар, олар кез келген тәсілмен, соның ішінде Негізгі Заңның қабылдануын бөгеп қойып та, он екінші шақырылған Жоғарғы Кеңесті қайта сайланудан сақтау мақсатын көздеді. Бұл, өз кезегінде, депутаттық корпустың Конституцияны қабылдауы қаншалықты шындыққа жанасатынына күмән туғызатын еді.  
    Қазақстанның конституциялық құрылысы жолындағы елеулі оқиға ретінде жоғары саяси маңызға ие бола тұрып, 1993 жылғы Конституция стратегиялық тұрғыдан кереғар еді. 
     «1993 жылғы Конституциядағы қайшылықтар мен олқылықтар, ымыраға келу соңыра елімізді бірқатар жағдайларда саяси және құқықтық тығырыққа тіреді...  Социалистік кешегісі мен нарықтық болашағы арасында кептеліп қалып, ол әркелкі, бір-бірімен сәйкеспейтін ережелердің эклектикалық ұйқасына айналды, ал бұл оны дәйектілік пен бірізділіктен айырды» .
    Республика Президенті атап өткен 1993 жылғы Конституция мазмұнындағы басты проблемаларға менің пікірімше, біріншіден, сол кездегі аласапыран уақыт объективті себеп болды, ал екіншіден, оның түбінде Конституцияның жобасын «социалистік парламент» әзірлеп, қабылдауынан туындаған субъективті себептер жатты. 
Сол уақытта қолданыста болған Қазақ КСР-інің 1978 жылғы Конституциясында жаңа Конституцияны тек қана парламенттік жолмен қабылдау көзделген болатын. 
«Сондықтан Жоғарғы Кеңес өзінің шешім қабылдаушы билігінің едәуір бөлігін сақтап қалды, ал президенттік билік сол кезеңде әлі де қалыптасу кезеңінде еді. Бұл жағдайда қоғам мен мемлекеттегі жікке бөлінушілікке жол бермеу, өмірге жаңа келген мемлекет пен полиэтникалық қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мақсатында ымыраға баруға тура келді. Түптеп келгенде, ел үшін маңызды проблемаларды үзілді-кесілді шешу міндетінен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау қажеттілігі басым түсті. 
    … Конституцияны халық қабылдаған емес, кеңестер заңымен құрылған Жоғарғы Кеңес пен шенеуніктер өздеріне, одан кейін халыққа, Мемлекет басшысына сыйға тартқандай болды, – деп есептейді Мемлекет басшысы . 
    Тұтас алғанда, конституциялық процесс ұзақ уақытқа, екі жылдай мерзімге созылды және сырт көзге демократиялық сипатта болды. Дегенмен, ол саясатқа едәуір бой алдырды, түрлі мемлекеттік органдардың ұстанымдарын тоғыстырып, көптеген маңызды бастамалар бойынша айналшақтық танытты. 
    Бұл үдерістің соңына қарай, шешім қабылдау орталығы Жоғарғы Кеңес пен оның Президиумының кабинеттеріне ауған тұста, Конституция жобасына қатысты түсініксіз жағдай орын алды. Бұл оның мазмұнына әсер еткен де шығар, қалай болғанда да жағдай шиеленісіп кетті. 
    Қазақстанның бірнеше қоғамдық қозғалысы мен саяси партиясы жобаға үзілді-кесілді қарсы шығып, оны қайта пысықтауға шақырды. Одан тыс, кеңестік кезеңде құрылып, депутаттарының үштен бірі 1993 жылға қарай қызметін тоқтатып үлгірген қоғамдық ұйымдардан сайланған Жоғарғы Кеңеске олар жаңа егемен мемлекеттің Конституциясын қабылдауға моральдық құқық беруден бас тартты. 
         Жоғарғы Кеңес пен оның Президиумы басшылығының бір бөлігі айналысып жүрген деструктивті іс-қимылмен он екінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес депутаттарының бәрі бірдей келіспегенін атап өту қажет, өйткені олар мұның қайда әкеп соқтыратынын түсінді.   
    1993 жылғы қаңтарда «Казахстанская правда» газетінде Конституциялық соттың Төрағасы М.Т.Баймахановқа жолданған депутаттық сауал және оның жауабы жарияланды .    
    Халық депутаттары Д.Е. Әбдірахымова,  С.А. Әбдірахманов, С.В. Дрожжин, С.К. Мұқанов,  В.В. Чернышев,  В.Ю. Роменский, В.А. Федорякин Конституциялық сотқа жолдаған өтінішінде депутаттардың құқықтарын кемсітуге, Конституцияда белгіленген өкілеттіктерін Президиумның бұзуына және бұлардың атынан Жоғарғы Кеңестің сөйлеуіне байланысты істер туралы мәселе көтерді. «Конституциялық соттың Конституцияның жобасын осы сессияда қарауға шығарудың конституциялығын тексеру жөніндегі өзінің функциясын орындауына Президиумның жекелеген мүшелері тосқауыл болғаны да көпшіліктің назарына ілікті». Депутаттар өздері қойған сауалдың жауабын Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанға дейін тыңдау қажет деп санады. 
    Конституциялық соттың Төрағасы М.Т. Баймахановтың депутаттық сауалға берген жауабында мынадай ақпарат бар.   
    «Адам құқықтары жөніндегі демократиялық комитет кеңесінің қолдаухаты бойынша Конституциялық сот 1992 жылғы қарашада жаңа Конституцияның жобасын дайындау барысында Конституция мен заңнама талаптарының сақталуын тексеруге кірісті. Қолдаухатпен жүгінген тараптың пікірінше, Жоғарғы Кеңес бірінші оқылымда бекіткен жобаның негізгі ережелерін өзгерту; халық талқысына салудың қорытындыларын ескерген  болып, азаматтардың ұсыныстары мен ескертулерінде болмаған идеяларды құжаттың мәтініне енгізу; жұмыс істеудің белгіленген нысаны мен тәртібін бұза отырып, Жоғарғы Кеңес Президиумының қаулы қабылдауы; 5 қарашада ұсынылған жобаның мәтініне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, Жоғарғы Кеңес пен Конституциялық комиссия өкілеттік бермеген лауазымды адамдар мен органдардың жоба мәтінін өзгертуі сайлау заңнамасын бұзу болуы мүмкін. Алайда, Жоғарғы Кеңестің Президиумы, Конституциялық Соттың сауалын талқыға салып, «Қазақстан Республикасындағы Конституциялық Сот туралы» Заңды және Конституцияның 111-бабын бұза отырып, Конституциялық сот сұратқан құжаттарды оған бермеді».
    Қоғам белсенділері мен депутаттар көтерген мәселелер жауапсыз қалды, ал Конституция – көп күмәнмен қабылданды .
    Түптеп келгенде, бүкілхалықтық талқылау барысында қазақстандықтардың білдірген қалауы депутаттық көпшіліктің қорытынды құжатта көрсетілген көзқарасымен бұзылды. Қазақстан қоғамындағы кейбір жіктер мен шетелдік әріптестердің Конституцияны түсінбеуі және қабылдамауы – соның табиғи салдары. 
    «Қазіргіміз өткенімізді өзгерте алмайды, бірақ сол өткеннен сабақ алуы мүмкін», - деп атап өтті Елбасы, 1995 жылғы 30 маусымда Қазақстан халықтары Ассамблеясының ІІ сессиясында жаңа Конституцияның жобасын ұсына отырып. 
1993 жылғы Конституцияны әзірлеп, қабылдаудың тарихы маңызды сабақ болды. Тәуелсіз мемлекеттіліктің іргесін қалаушы  Н.Ә. Назарбаев сол кезеңде негізін салған оларды қазақстандық конституционализмнің принциптері ретінде  толық айқындауға болады. Елбасының 1993 жылғы Конституцияға баға бере отырып сөйлеген көптеген сөздеріне, соның ішінде бертін келе сөйлеген сөздеріне назар аударайық.   
Қазақстан қоғамының өмірінде Конституцияның аса жоғары маңыздылығы, оны мейлінше қастерлеп, оған асқан ұқыптылықпен және жауаптылықпен қарау қажеттігі туралы.    
«Біз жаңа Конституцияны жасап отырмыз, сол үшін біз болашақта халқымымыз алдында жауаптымыз» (1992 жылғы 28 қазанда Конституциялық комиссияның отырысында). 
 «Біз аса маңызды құжатты әзірлеуге кірістік, ол тәуелсіздігін алған жас мемлекетіміздің 17 миллион халқының тағдырын айқындайтын болады. ... Айып етпеңіздер, бірақ өте жауапты болу керек. Әдетте Парламентте қандай да бір заңды, тіпті бюджетті қабылдау кезінде болатын қызбалыққа салынбауға шақырамын сіздерді. Бұл жерде байсалдылықпен, салиқалылықпен, ақылға салып шешу қажет, соңымызда 17 миллион адам тұрғанын ұмытпайық. Бір-біріңізді мұқият тыңдап, әрбір сөзді салмақтауды, сезімге беріліп өрекпімеуді өтінемін сіздерден. Нақ осы құжатты біз асқан байыптылықпен қарауымыз қажет. Мемлекетіміз, оның болашағы, халқымыз алдындағы жауапкершілігіміз осыны талап етеді. Рахмет!» (1993 жылғы 25 қаңтарда Жоғарғы Кеңестің сессиясында).  
Конституция қазақстандық конституциялық патриотизмнің негіздерін қалауға тиіс, оны әзірлеген кезде Қазақстанның мүдделері, тарихи және әлеуметтік-мәдени ерекшеліктері сөзсөз сақталуы керек.   
      1993 жылғы Конституцияда «қоғамдық дамудағы мақсат пен басымдықтар айқындалмаған болатын, онда жүйелі қайта құрулардың құқықтық мығым іргетасы қаланбады, алға қойған мақсаттарға жетуге мүмкіндік беретін конституциялық тәсілдер мен құралдар заңдастырылмады»  (1996 жылғы 29 тамызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылдануының бір жылдығына арналған салтанатты отырыста). 
«Қазақстанның ерекшеліктері бар екенін ескермеуге болмайды. Ондаған жылдарға созылған тоталитаризмнен кейін біз жаңа ғана осы қоғамға келдік, демократияның исін енді ғана сезіне бастадық, нарықтық экономикаға қарай енді ғана аяқ бастық... Енді бәріміз болып Қазақстанда тәртіп орнатайық. Біздің ой-санамыз қандай, халқымыз қандай, қандай қоғамда өмір сүріп отырмыз? Неге үнемі біреудің соңынан еріп, соның басқан ізімен жүреміз, айтыңыздаршы?» (1992 жылғы 28 қазанда Конституциялық комиссияның отырысында). 
Елбасы бірнеше мәрте еске салған болатын: «Ғасырларға өлшеп бүгін Конституция жасауға ұмтылмау керек. Алдағы міндет бұл емес. Жаңа Конституция соқпағы мен сүрлеуі көп өтпелі кезеңде біздің алға жылжуымызға сеп болып, шын мәнінде егемен, тұрақты және әл-ауқатты Қазақстанды құру жолында бізге сенімді бағдар болуға тиіс» (1992 жылғы 9 желтоқсанда он екінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің IX сессиясында).  
 «Конституция күшіне енген сәттен бастап-ақ оның бүгінгі күннен қол үзгені және мемлекеттік құрылысқа құқықтық негіз бола алмайтыны байқалды. Осы Конституцияны жақтап дауыс берген Жоғарғы Кеңес өзінің дәуір көшінен артта қалғанын тағы да көрсетті» («Тәуелсіздік дәуірі» кітабында).
 «Конституциялық комиссияның ұжымдық еңбегі аяқталды, ұсынылған жоба қолдарыңызда. Алайда, күні кеше депутаттармен болған әңгімеден маған белгілі болғаны, әлі де күмән аз емес. Күмән менде де бар. Соған орай, оларды ортаға салуға тиіспін деп есептеймін. Мені дұрыс түсініңіздер, Конституциялық комиссияның пікірін ғана баяндап, кейбір проблемалар бойынша өз көзқарасымды  айтпай қалсам, дұрыс болмас еді, және де бұл мен тарапымнан сіздердің алдарыңызда ғана емес, Қазақстан халқының алдында да жалғандық болар еді. Бүкіл халық болып сайлаған Президент ретінде мен халық алдында Республиканың болашағы, оның басар жолы, сайлаушылар таңдаған президенттік платформаның принциптері үшін жеке басыммен жауап беремін. Мұны қандай реттілікпен, қандай механизмдерді пайдалана отырып жасау керектігі туралы менің өз көзқарасым бар. Ол ешкімнен құпия емес, мен оны үнемі айтып та, іске асырып та жүрмін» (1992 жылғы 9 желтоқсанда он екінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің IX сессиясында).  
     «1993 жылғы Конституцияны жасауда лоббистік қысымнан қашып құтылу мүмкін болмаған еді. Ол кезде, оны жасауға қатысқандардың әрқайсысы Негізгі Заңды өздері атқарып отырған лауазымдарына қарай ыңғайлап жіберуге: депутаттар – өкілеттілікті заң шығару билігіне,  үкіметтік шенеуніктер – атқару билігіне көбірек беруге тырысқан-ды. Бірен-сарандары ғана құжатты өздері үшін емес, елдің болашағы үшін жасау керектігін ойлаған» («Қазақстан жолы» кітабында) . 
«Мәселен, үнемі ескі ұғымға сүйеніп, соны алға тартып отырамыз, біз ешқашан демократиялық өмір сүрмегенбіз. Біз үнемі Бас хатшының, ханның, патшаның, генерал-губернатордың қол астында өмір сүргенбіз. Сондықтан адамдар осылай ғана сезіне алады.» (1992 жылғы 28 қазанда Конституциялық комиссияның отырысында). 
    Ұзын-соңды, өткір пікірталас мемлекеттің конструкциясы мәселелері бойынша өрбіді. Ел Президенті Конституция демократиялық жолмен ұймдастырылған және тиімді мемлекеттік билік үшін негіз салуға тиіс деп көп қайтара уәж айтты.  
«Демократия институттарын құру үшін билік керек... Демократиялық институттар болуы үшін, жариялылық пен баспасөз бостандығы болуы үшін билік керек. Оларды кім жасайды? Демократияның атын жамылып, сіздер біртіндеп күйреуді қалайсыздар ма? Әлде біз демократияны құрамыз ба?» (1992 жылғы 28 қазанда Конституциялық комиссияның отырысында). 
«Билік мәселесі… Қалай деп атасаңыздар да, қалай өлшеп-пішсеңіздер де мен жақтаймын. Бірақ, өкілді биліктің анық конституциялық шектеулері,  ал атқарушы билік өкілеттігінің анық атауы болатындай, бір билік екіншісін басынбайтындай етіп жасайық. Бірақ парламенттің атқарушы билікті бақылауын ешкім жоққа шығармайды. 
Мені түсініңіздер, атқарушы билік жұмыс істеуі керек. Егер заңдарды, жарлықтарды орындауға тиіс атқарушы билік жолда жығылып жататын болса, ешнәрсе де – өкілді билік те, сот билігі де болмайды, ертең қылмыскерлер келіп бәрін қуып шығады...» (1992 жылғы 28 қазанда Конституциялық комиссияның отырысында).  
Жоғарыда айтылғандардың бәрін және өзге де маңызды ұстанымдарын Н.Ә.Назарбаев аудиториялардың алдында күні бұрын жазылып қойған мәтін бойынша жай ғана оқып бере салмады.   Оларды әбден ойланып-толғанып барып, түрлі форумдарда жұрт назарына салып, Конституциялық комиссияның ең алғашқы отырысынан бастап, 1993 жылғы 25-28 қазанда Жоғарғы Кеңесте әрбір бап бойынша талқылаған  күнге дейін, реті келген жердің бәрінде қызғыштай қорғап жүрді.   
Өкінішке орай, он екінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес пен оның Президиумының іс-қимылын шешімді түрде айқындап отырғандар Президенттің сөздерін санасымен ұғынып, қабылдамады.  
    Аса тәжірибелі стратег ретінде Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасы мәтіндегі кейбір қатқыл тұжырымдамалар, сондай-ақ қоғамдағы және биліктің жоғары эшелонындағы тұрақтылықты сақтау мақсатында талқылаудан алынып тасталған мәселелер, болашаққа бағытталған ұсыныстар елде талқылана беретінін,  сөйтіп, ертелі-кеш бәрібір 1993 жылғы Конституцияны қайта пысықтауды талап ететінін жақсы түсінді.        
    Әлеуметтік теріс көңіл-күйдің жаңғырығы 1994 жылғы сәуірде сайланған он үшінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің І сессиясында естілді. Депутаттардың бірқатары конституциялық процестің қайта жандануына бастама жасады. Оның объективті алғышарттары да бар еді. 
    Конституцияның жобасын әзірлеу және қабылдау кезінде айтылған  болжам шынында да орындала бастады. Н.Ә. Назарбаевтың ескертулері растала түсті. 
    1993 жылдың күзінде жергілікті халық депутаттары кеңестерінің  жүйесі ыдырап, ол он екінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестің өкілеттігі мерзімінен бұрын 10 желтоқсанда тоқтатылуымен аяқталды.    1994 жылғы жаздың басында жаңадан сайланған он екінші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес пен сол кездегі Министрлер Кабинеті арасында өткір қарама-қайшылық туындады. Мемлекет басшысының бастамасымен, дағдарыстан шығу мақсатында, 1994 жылғы 20 қыркүйекте Заң шығарушы және атқарушы биліктің арасындағы өзара іс-қимылды және келісіп жұмыс істеуді қамтамасыз ету туралы келісімнің жобасы әзірленді. ҚР Президентінің Жоғарғы Кеңес депутаттарымен кездесуінің қорытындысы бойынша бұл Келісімге Мемлекет басшысы мен Жоғарғы Кеңестің Төрағасы қол қойды . 
    Бұл Келісім (Жоғарғы Кеңесте оны «Шабуыл жасамау туралы шарт» деп өте дәл атап кетті) жекелеген депутаттар тарапынан құқықтық ұстанымдары бойынша сынға ұшырады. Алайда Негізгі Заңның жобасын әзірлеу кезінде, жоғары мемлекеттік органдар арасындағы қайшылықтарды шешудің механизмін жасанды түрде болдырмау жағдайында, Конституцияның рухына ғана емес, әрпіне де қалтқысыз сәйкес келетін шешімді олардан талап ету орынсыз еді. Өйтпеген жағдайда дәстүрлі емес актіні қабылдамау Конституцияны жаппай бұзуға әкеп соқтырған болар еді.  
«1993 жылғы үлгідегі Конституция мемлекеттік құрылысты жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды одан әрі дамыту  жолындағы құқықтық тосқауыл болды.  Заңнамадағы осындай «ақтаңдақтармен» күн сайын кездесе отырып, біз 1993 жылғы үлгідегі Конституцияның егемен Қазақстанды құру үшін құқықтық негіз болуға жарамайтынын түсіндік. ... Биліктің мейлінше сара әрі табанды құрылымын қалыптастыру, түбегейлі экономикалық сипаты және қоғамдық-саяси зор маңызы бар мәселелерді  конституциялық деңгейде шешу қажеттігі күннен-күнге айқындала берді» .
    1994 жылғы 14 шілдеде Республика Президентінің Өкімімен «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасын дайындау мақсатында жұмыс тобы құрылды. Оның жетекшісі болып Әділет министрі Н.А. Шәйкенов тағайындалды.  Оның құрамына сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Қ.Ш. Сүлейменов, Министрлер Кабинеті Іс басқарушысының бірінші орынбасары Ю.И. Обрядин, Бас прокурордың бірінші орынбасары А.В. Константинов, Республика Президенті Аппаратының Заң шығаруға бастама жасау және құқықтық сараптама бөлімі меңгерушісінің орынбасары А.Н. Котлов, Президенттің Жоғарғы Кеңестегі Жеке өкілі М.К. Раев , Конституциялық соттың екі судьясы, Жоғарғы Кеңестің бірқатар депутаттары және Жоғарғы Кеңестің бейімді комитеттерінің төрағалары енді. 
    «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның қаралған жобасының бірінде «ЖОҒАРҒЫ МӘЖІЛІС – ЗАКОНОДАТЕЛЬНОЕ СОБРАНИЕ» деп аталатын тұтас бір 12-тараудың атауы мен мазмұнын өзгертуді қоса отырып, 41 түзету енгізу ұсынылған болатын.  
      Қайтадан өткір талас, түрлі пікірлер тоғысы. Кейінірек бұл жағдайды Нұрсұлтан Әбішұлының өзі түсіндіріп берді.
    1993 жылғы Конституцияны реформалаудың жолдары туралы толастамай қойған пікірталас қарқындап келе, бұқаралық ақпарат құралдарына шығып кетті. 
    Мәселен, 1994 жылғы қарашада «Панорама» газетінің бір бетінде Мемлекеттік заң институтының ректоры Е.Қ. Нұрпейісовтің интервьюі мен Жоғарғы Кеңестің депутаты М.Н. Головкиннің мақаласы орналастырылды.  
    Бірінші материалда заң ғылымдарының кандидаты, Ұлттық қылым академиясы Мемлекет және құқық тарихы институтының бұрынғы директоры, Конституциялық комиссияның мүшесі, мемлекет және құқық теориясы саласындағы белгілі маман бұл пәннің тақырыптары бәрі бірдей оған оңайға соқпайтынын, ал конституциялық құқық курсына ол жоламайтынын айтады. 
    Екіншісінде инженер-физик, Өскемен жол-құрылыс институтының электротехника кафедрасының бұрынғы меңгерушісі, оның сөзінше, өзінің Конституцияны жол арасынан қалай оқи алатынын көрсетеді. М.Н. Головкиннің осындай жол арасынан жасаған талдауы нәтижесінде алынған  ұйғарымы да кеңінен көрсетілген. Олар мүлдем көңіл көншітерлік емес: Қазақстанда Конституцияны әзірлеудің тәжірибесі бұрын да болмаған, қазір де жоқ, әлемдік тәжірибе мүлдем ескерілмеген, Негізгі Заң қайшылықтарға толы. Ұйғарым: әрине, 1993 жылғы Конституцияны қайта жазып шығу керек .
    Осынау бір күрделі теориялық және аса маңызды мәселенің соңғы нүктесін Республика Президенті қойды. 
    «Қолданыстағы Конституцияға бастапқыда мейлі көп болсын, бірақ тек түзетулер енгізумен шектелу туралы нұсқа болғанын көпшілік біледі. Бертін келе, Негізгі Заңның бүкіл құрылымын өзгерту, өте маңызды деген ережелеріне өзгерістер енгізіп, соған орай көптеген баптарын түзету қажет екені, өйтпейінше, бәрін тұтас, бір-бірімен байланысты құжатқа біріктіру мүмін еместігі анықталды» .
    1995 жылғы наурыздағы дүрбелеңге толы оқиғалар конституциялық процесті жылдамдатып жіберді. Конституциялық Соттың 6 наурыздағы қаулысымен Орталық сайлау комиссиясының бірқатар актілері Конституцияға сәйкес емес деп танылды. Соның құқықтық салдары ретінде, Жоғарғы Кеңестің қызметі және оның бір жыл ішінде қабылдаған заңдары мен өзге де актілерінің қолданылуы тоқтатылды. Республика Президентіне қайтадан жауапкершілікті өз мойнына алып, еліміздің бүкіл құқықтық жүйесін тығрықтан алып шығу үшін түрлі шараларға баруға, Үкімет пен өзге мемлекеттік органдарды қайта жасақтауға тура келді. Енді конституциялық құрылғының әлсіздігі бүкіл ел алдында мәлім болды. 
     «Осы шиеленісті күндері, – деп атап өтті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылдануының бір жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде, – конституциялық реформаны кешеуілдету – қазақстан қоғамы мен егемен мемлекеттің ғұмыры үшін қауіпті екеніне түпкілікті көз жеткіздім...   Бұл кезеңді мен естеріңе салуым тегін емес. Өйткені, сылбырттық экономикалық реформалардың тоқырауына, саяси қайта құру мәселелері бойынша бір орында тұрып қалуға әкеп соқтыратын еді» .
    Сол кезеңде Н.Ә. Назарбаев Қазақстанның мүддесі мен болашағын қорғауда кезекті рет батылдық танытты. Кеңестік кезеңнің «конституциялық классикасын» күйретіп, сол үшін сынға ұшырап, Елбасы халықпен тікелей және ашық сөйлесу стратегиясын таңдады, жағдайды жасырмай айтып, өзінің нұсқасындағы Конституцияны ұсынды. Сөйтіп, тағы да жеңіске жетті! 
    Көріп отырғанымыздай, Конституцияның Қазақстан қоғамы мен мемлекеті үшін бірінші кезектегі маңызын ескере отырып, Республика Президенті конституциялық процеске жеке өзі басшылық жасады.    «Бұл – жастайымнан қалыптасқан темірдей ереже: кез келген іске атүсті қарамай, білек сыбана кірісіп кетемін. Оның үстіне, осындай ұлы іс болған соң, – деп жазады Елбасы» .
    Конституциялық комиссия мен жұмыс тобының отырыстарында,  жекелеген ғалымдар мен өз аппаратының қызметкерлерімен кездесулер кезінде Н.Ә. Назарбаев шетелдік аналогтары туралы ақпарат сұратып, кейбір нормалардың мазмұны бойынша ғана емес, тұжырымдамасы бойынша да өз пікірін ортаға салды. Пікір таластырып, өз ойының дұрыстығын дәлелдеп отырды. Кейде, қарсыласының уәжін тыңдап алып, онымен келісетін. Конституциялық материяны макро және микро деңгейлерде жетік білетін. Тұжырымдамалық құрылғылары мен мәтінді құрастыруға, тіпте, жекелеген нормалардың баяндалуын түзетуге ықпал етті.  Айта кетейін, менің архивімде сақталған Конституция жобаларының бір нұсқасында Нұрсұлтан Әбішұлы өз қолымен жасаған 22 түзету бар. 
    Н.Ә. Назарбаевтың ХХ-ғасырдың 90-жылдарындағы көптеген көзқарасы жай сындарлы ғана емес. Олар конституциялық құқық, салыстырмалы құқықтану, саясаттану теориясының және гуманитарлық ғылымның өзге де салаларының, сондай-ақ конституциялық құрылыс практикасының дамуына үлес қосып келеді. 
    Мұндайлардың қатарына саяси транзиттің тәуекелдерін еңсеру жөніндегі іс шаралар ішінде демократиялық реформалардың кезектілігі туралы («әуелі экономика, кейін – саясат»); Қазақстандықтардың ортақ мүдделерін сөзсіз ескеру туралы; қоғамды тереңдетіп қайта өзгертуде Конституцияның мақсат қана емес, пәрменді құрал ретіндегі де орны туралы; Негізгі Заңның нысанасы туралы (оның бүкіл халықты біріктіретін бастаулары туралы); Конституцияның халықаралық құқық актілеріне қатысты үстемдігі туралы; халықтың, мемлекеттің және ұлттың егемендігі туралы; мемлекеттіліктің сипаты және тілдердің мәртебесі туралы; полиэтникалық қоғамдағы азаматтардың сөзсіз теңдігі туралы; жерге меншік туралы; мемлекеттік биліктің біртұтастығы мен бөлінуінің және тиімді жұмыс атқарып отырған мемлекеттік механизмнің дәл балансын бекітудің қажетілігі туралы; Конституцияны азаматтардың бәріне түсінікті тілмен жазудың қажеттігі туралы және басқа көзқрастары жатады. 
Республика Президенті Н.Ә. Назарбаевтың нық сенімге негізделген жүйелі көзқарастары көп ұзамай прзиденттік форматта әзірленіп, бүкіл Қазақстан халқы атсалысып қабылдаған екінші Негізгі Заңда өз көрінісін кеңінен тапты. Олар 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелері мен нормаларының идеологиясын, мазмұнын, жазу стилін шешуші түрде айқындады. Нақ осының арқасында елімізде азаматтық бейбітшілік, оның тұрақты, сенімді және қарқынды дамуы, әлемдік қауымдастықтың бізге деген құрметі, сондай-ақ Конституцияның 25 жылдай уақыт бойы сәттілікпен қызмет атқаруы және оның кезең-кезеңмен жаңғыртылуы қамтамасыз етілді.     

...

Скачать:   txt (83.3 Kb)   pdf (244 Kb)   docx (28.5 Kb)  
Продолжить читать еще 23 страниц(ы) »
Доступно только на Essays.club