Балалардың санау іс – әрекетінің даму кезеңдері
Автор: Гульнур Бейсекова • Ноябрь 7, 2022 • Реферат • 834 Слов (4 Страниц) • 322 Просмотры
Ə .Мусин атындағы Балқаш гуманитарлы - техникалық
колледжі.
РЕФЕРАТ
Балалардың санау іс – әрекетінің даму кезеңдері.
Орындаған: Бейсекова Г. Н.
Балқаш, 2022
Балалардың жиын жөніндегі әрекетін зерттей және бақылай отырып, олардың бірыңғай нәрселерден тұратын жиындыққа үлкен ынта қоятынын байқауға болады. Балалар жиынтықтағы нәрселерді столдың үстіне, еденге көбінесе горизонталь қалыпта, қисық сызық түрінде, гүл тізбегі тәрізді етіп қойып шығады. Олар нәрселерді, мысалы, түймелерді, тарелкаларды, кеселерді және басқа да ұсақ нәрселерді жиі-жиі бір-біріне тіркестіріп тақап қояды. Балалар екі жасында біркелкі нәрселердің жиындығына өте ұмтылғыш келеді, бірақ мұндайда олар жиынның барлық элементтері бір түсті ме және мөлшерлері бірдей ме, оған селқос қарайды. Нәрселерді бірінің соңынан бірін қойып отырып, олар жиындықты бөлшектеген сияқты болады және дәл осының өзі балалардың назарын аударады. Мысалы, олар пирамидаларды дөңгелекке шашып жіберіп, оларды бір қатарға тізіп шығады немесе матрешкаларды бірінен соң бірін шығарып, оларды да онша дәл емес қатарға қойып шығады. Осы жастағы балаларды, сондай-ақ дыбыстар мен қозғалыстардың біртектілігі көңіл қояды. Олар бір қозғалысты қайталай беруді ұнатады: қасықпен немесе басқа бір нәрсемен тықылдатады; қораптың, қант салғыштың, қақпағын бірнеше рет ашып, жабады; бөлменің есігін бірнеше рет ашып, жабады; нәрселерді бірінің соңынан бірін тастап, олардың жерге түсуін байқайды; ересектердің оларды бір жақтан екінші жаққа тербелткенін, жоғары лақтырып, қағып алып тұрғанын және т. б. жақсы көреді.
Жиындармен осылай айлалы әрекет жасауды сана әрекеті дамуының бірінші кезеңі ретінде қарауға болады. Бұдан әрі қарай шамалар мен жиындарды салыстыруға деген ынта пайда болады. Мұндай жағдайда негізінен бала өмірінің үшінші жылын сипаттайды және санау әрекеті дамуының екінші кезеңі ретінде қаралуы мүмкін. Балаларда салыстыруға деген тенденция түрліше пайда болады. Мысалы, бөбектер өздерінің қолына алған пряниктерінің мөлшерін салыстыруға әрекеттеніп көреді, ол үшін пряниктерді бірінің үстіне бірін қояды, бірақ әрине, бұл әлі дәл емес. Кейбір жағдайларда олар үйде қайсысына үлкен доп сыйлағанын айтып өзара таласады: олар доптың көлемін көрсету үшін құшағын кең жаяды. Бұл нәрсенің көлемін өлшеу мен көрсетудің алғашқы, әлі жүйеге түспеген әдістері.
Санау әрекеті дамуының үшінші кезеңінде салыстырылатын жиындардың элементтерін салыстыру сан есім сөздерін атауға келіп қосыла бастайды. Мұндай оқыту болмаған немесе дұрыс оқытылмаған жағдайда балалар жиын объектісімен сан есімдердегі арақатынас тәсілдерін меңгере алмайды (жиынның элементтерін қалдырып кетеді немесе, керісінше, бір сан есімді бірнеше объектімен белгілейді және, әдетте, барлық саналып шыққан жиынды жинақтай алмайды. "Қанша?" деп сұрақ қойғанда, олар жиынды кайтадан санай бастайды да, жалпы сандарды жинақтай алмай, бұл сұраққа жауап бермейді. Бұл сол үлкендер сан есім сөздерінің көмегімен санауға үйретуге асыққан жағдайда, нақты жиынды элементтік салыстыруға үйретпеген кезде және салыстыру негізінде олардың теңдігі мен теңсіздігін анықтау, яғни санға дейінгі кезенде жиынға қатысты жаттығулармен толық қамтамасыз етпеген жағдайда жиі кездеседі.
...