Фонетика,зерттеу нысаны,ғылыми салалары
Автор: ab7c_d5f-fffg. • Сентябрь 17, 2021 • Лекция • 2,675 Слов (11 Страниц) • 2,392 Просмотры
1 лекция:Фонетика,зерттеу нысаны,ғылыми салалары
Адамның қоғамдағы қатынасының ең маңыздысы – тілдік қатынас.
Сөйлеу тілдік бірліктерге сүйенеді. Тілдік бірліктердің ең кішісі және негізгісі – фонемалар. Жеке тұрғанда ешбір мәні жоқ дыбыстар белгілі бір жүйемен тіркесіп сөзді құрайды, яғни сөздің өмір сүру амалы тілдік дыбыстарға тікелей байланысты болады. Кез келген тіл өзінің қалыптасқан фонемалық жүйесі арқылы қарым-қатынас құралына айналады.
Тіл білімнің бір саласы болып табылатын фонетика (грек т. phone – дыбыс) тілдің дыбыстық жүйесін зерттейді. Тіл дыбыстары – күрделі құбылыс. Дыбыс сөйлеу мүшелерінің белгілі бір араласымы (комбинациясы) арқылы жасалады. Дыбыстардың тіркесуі тілде қалыптасқан белгілі бір заңдылықтарға негізделеді.
Фонетиканың зерттеу нысандары:тіл дыбыстарының пайда болуы, олардың жасалуы, тілдің дыбыстық құрамы мен өзіндік ерекшеліктері, дыбыстардың өзара іштей жікелуі, үндесу заңы, дыбыстардың тіркесу ерекшеліктері, сөз ішіндегі дыбыстардың үндесуі, қатар келген дыбыстардың бір-біріне әсер етуі, буын, екпін, орфография мен орфоэпия және олардың арақатынасы, дұрыс сөйлеу, сауатты жазудың принциптері, т.б.
Дыбыстардың жасалуы мен өзгеру заңдылықтарын меңгеру арқылы тілдің лексикалық және грамматикалық бірліктеріндегі құбылыстарға ғылыми тұрғыдан түсінік беруге болады. Сонымен қатар сөздердің пайда болуы мен дамуындағы ерекшеліктерді түсіндіруге, тілдердің туыстығын табуға да фонетиканың беретін мүмкіндігі зор. Сондықтан фонетика тіл білімінің лексика, сөзжасам, морфология, синтаксис салаларымен байланысты.
Зерттеу, сипаттау тәсілдерне қарай фонетика сипаттамалы, тарихи, салыстырмалы, салғастырмалы болып бөлінеді.
Жалпы фонетика тіл білімінің бір саласы ретінде адамның сөйлеу аппаратының дыбыстық мүмкіндігін айқындайды, тіл дыбыстары классификациясының принциптерін белгілейді. Жалпы фонетика тіл дыбыстарының тіл жүйесінде өмір сүру жағдайларын, сөйлеу түйдегіндегі көріністерін, яғни фонетикалық құбылыстардың бір-бірімен байланысын және фонетикалық құбылыстар мен фонетикадан тыс құбылыстардың себепті б-ыстарын қарастыра отырып, дыбыстардың динамикасын зерттейді.
Жеке фонетика зерттеудің мақсатына қарай сипаттама (синхрониялық) фонетика және тарихи (диахрониялық) фонетика болып бөлінеді.
Дыбыстың жалпы теориясын физиканың “акустика (грекше – “естілу”) саласы қарастырады. Акустикалық тұрғыдан алғанда дыбыс – бұл қандай-да бір дененің қайбір ортада қандай да бір қозғаушы күштің әсерімен жүзеге асатын және есіту арқылы қабылдауға болатын тербелісті қозғалысының нәтижесі. Акустика дыбыстардағы келесі белгілерді бөледі: 1) дыбыс ырғағы – уақыт бірлігінде тербеліс жиілігі жоғары болса, дыбыс та соншалықты жоғары болады. 2) Дыбыс қарқыны – дыбыс толқынының ең жоғарғы нүктесі мен төмендеу нүктесінің арақашықтығы. 3) Дыбыстың созылыңқылығы – дыбыстың уақыт бірлігіндегі тербеліс мөлшерімен созылуы. 4) Дыбыс тембрін, яғни оның акустикалық белгілерінің жеке қасиеттерін қарастырады.
Сипаттамалы фонетика (синхрониялық және статистикалық фонетика) – тілдің дыбыстық жүйесін өзі өмір сүріп тұрған уақыт тұрғысынан қарастырады. Тілдік дамудың бүгінгі кезеңіндегі дыбыстардың сапалық белгілерін, сандық құрамын, олардың тіркесуін, буын, екпін мәселелерін үндесу заңдылықтарын, орфография және орфоэпия мәселелерін анықтайды.
Бастауыш, орталау, орта және жоғарғы оқу орындарында сипаттамалы фонетика оқытылады. Сипаттамалы фонетиканың негізгі тұжырымдары акдемик I.Кеңесбаевтың 1954 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында баяндалған. Сипаттамалы фонетиканың зерттеулеріндегі жетістіктер І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, Ж.Аралбаев, С.Мырзабеков, Ә.Жүнісбеков, К.Бейсенбаева, З.Базарбаева, т.б. ғалымдардың еңбектерінде айқын көрініс тапқан.
...