Халық ауыз әдебиеті-балалар әдебиетінің алтын қоры
Автор: Salamatsyzba • Февраль 3, 2026 • Лекция • 63,127 Слов (253 Страниц) • 10 Просмотры
2.2 Дәрістік сабақ конспектілері
1 – тақырып. Халық ауыз әдебиеті-балалар әдебиетінің алтын қоры
Жоспары:
1. Ауыз әдебиеті туралы түсінік
2. Қазақ халқының тұрмыс-салтына байланысты туған балаларға арналған шығармалар
3. Балаларға арналған мақал-мәтелдер, олардың танымдық, тәрбиелік мәні
4. Жұмбақтардың өзіне тән ерекшеліктері
5. Жаңылтпаштардың танымдық, тәрбиелік мәні
1. Қазақ халқының ерте заманда жасаған мәдени мұрасының бір түрі – халықтың ауыз әдебиеті. Қай халықты алсақ та, оның көркем әдебиеті ауыз әдебиетінен басталады.
Ауыз әдебиеті мен көркем әдебиеттің арасындағы негізгі айырмашылық, ол жеке авторлардың шығуы, көркем әдебиеттің қалыптаса бастауы ауыз әдебиетінің дамуына бөгет етпейді, қайта екеуі бір-бірімен тығыз байланыса, бір-біріне әсер ете отырып, ұлғая береді. Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасындағы айырмашылықты көрсететін белгінің тағы біреуі – варианттылығы. Бір-біріне жалпы мазмұны, оқиға желісі, кейіпкерлерінің аттары ұқсас келетін шығармаларды бір шығарманың туынды түрі, яғни варианты десек, бұл ауыз әдебиетінде көп кездеседі. Бір ертегінің немесе бір жырдың әңгімесі жалпы оқиға желісін сақтай отырып, әр жерде әр түрлі айтысады. Бұлай болу сол шығармаларды айтушыға байланысты. Бір шығарманың әр түрлі вариантта айтылуы көркем әдебиетте көп кездеспейді. Көркем әдебиеттің әрбір шығармасы жеке автордың өз атымен тарайды. Қай шығарманы кімнің, қашан шығарғаны жұртқа белгілі болып отырады. Сондай-ақ фольклордың өзіндік бейнелеу әдісі, атқаратын қызметі, көркемдеу тәсілімен құралдары бар. «Фольклордың негізгі бейнелеу әдісі романтикалық дәріптеу (идеализация) мен күрделі көркем жинақтау (типизация) болып табылады. Рас, соңғы белгіні біз әдебиетке ғана тән деп келдік. Бір ойланатын нәрсе, әдебиет дегеніміз – ең алдымен әрбір автордың даралығы деген сөз. Олай болса, оның әр кейіпкері – қайталанбас тұлға. Ал фольклордағы кейбір, яғни бір эпостағы немесе ертегідегі басты қаһарман екінші шығармадағы қаһарманға ұқсамайды деп айта алмаймыз. Белгілі ғалым В. Пропп өзінің «Морфология сказки» деген еңбегінде бұл мәселені түбегейлі зерттеп, ертегі қаһармандары өздерінің іс-әрекеттері, түр-тұлғасы жағынан біркелкі болып келетіндігін дәлелдеп шыққан болатын.Осы жағдай батырлық эпоста да байқалады. Мұнда батырлардың керемет боп тууы, жылдам өсуі, орасан зор күш-қайраты, қайтпас қаһары мен қаруы – бәрі ұқсас келеді. Сөз жоқ, бұл жерде көркем жинақтаудың ролі зор. Көркем жинақтау ең алдымен фольклорға тән. Онда басты қаһарманның бойына адам баласындағы ең ізгі қасиеттер жинақталған, соған қоса ел аңсаған, батыр жігіттің ісі мен мінезінен, қимыл-әрекетінен көргісі келетін небір асыл қасиеттер де таңылған. Сөйтіп, өмірдегіден гөрі қиялда, ойда армандаған мінез-құлық, іс-әрекет, өмір салты фольклорлық туындыға, оның кейіпкеріне ғаламат жинақтық әрі тұлғалық сипат береді. Мұнда, бір жағынан, іс-әрекетті жинақтау, екінші жағынан, уақытты жинақтау, үшінші жағынан арманды жинақтау бар. Ал дәл осындай кең ауқымды жинақтау әдебиетте болмайды, өйткені ол – жеке авторлық өнер» (Қасқабасов С. Тұтастану – фольклор поэтикасының заңдылығы: «Қазақ фольклорының поэтикасы» кітабында, Алматы: «Ғылым», 2001, 8-9 беттер) .
Халық ауыз әдебиеті, соның ішінде балалар фольклористикасы, оның кейбір жанрлары жөнінде Ш.Уәлихановтың, В.Радловтың, Г.Потаниннің, И.Фалев пен П.Мелиоранскийдің айтқан құнды пікірлері бар. Балалар ауыз әдебиетін зерттеуге зор үлес қосқан М.Ғабдуллин қазақ фольклористика ғылымының қалыптасу, даму, өсу жолдарын шартты түрде үш кезеңге бөліп қарастырады:
Бірінші кезең – ХХ ғасырдың 20-30 жылдары арасы;
Екінші кезең – Ұлы Отан соғысы жылдары;
...