Тоталитарлық жүйенің қалыптасуы: сипаты, шаралары, сабақтары
Автор: sultanai • Сентябрь 28, 2021 • Лекция • 6,559 Слов (27 Страниц) • 401 Просмотры
5-дәріс. Тоталитарлық жүйенің қалыптасуы: сипаты, шаралары, сабақтары
(Қозыбақова Ф.А.)
Дәрістің мақсаты: Кеңестік большевиктік тоталитарлық режим жүргізген ХХ ғ. 20-30 жж. жүргізген әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларды, әсіресе күштеп ұжымдастыру барысындағыаштық пен трагедияға ерекше назар аудару. Сондай-ақ, өлкеде жүргізілген «мәдени революцияның» нәтижелері мен салдарына, жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың Қазақстанға қоныс аудару тарихын жаңа көзқарастар негізінде түсіндіру.
Дәрістің жоспары:
1. Қазақстан жаңа экономикалық саясат жылдарында.
2. Қазақстандағы индустрияландыру саясаты және оның қайшылықтары.
3. Қазақстанда ауыл шаруашылығын ұжымдастыру.
4. Қоғамдық-саяси өмір.
1. Қазақстан жаңа экономикалық саясат жылдарында. 1918-1920 жж. азамат соғысы Қазақстан өлкесінің экономикалық жағдайын көптеген жылдарға кері шегерді. Өндіріс орындары жұмыс істемеді. Ауыл шаруашылығы да өте күшті дағдарысқа ұшырады. Ең бірінші кезекте ұлттық байлықтың негізгі көзі болып саналатын мал шаруашылығы қатты құлдырады. Соғыс жылдарында мал саны 10,8 млн. басқа кеміді, оның 2 млн-ы жылқы, 6,5 млн-ы ұсақ мал болды. Сонымен қатар 1921 жылы ҚазАКСР-ң жеті губерниясының бесеуі құрғақшылыққа душар болды. 1920–1921 жж. жұттан кейін мал басы 1917 жылмен салыстырғанда 75%-ға кеміді.
Азамат соғысының аяқталуына және елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының ауыр күйзелісіне қарамастан, Кеңес үкіметі күштеуге негізделген азық-түлік саясатын одан әрі жалғастырды. Кеңес үкіметінің солақай саясатының нәтижесінде Республиканы сұрапыл аштық жайлады. 1921 жылы тамыздан бастап Бөкей губерниясында – 100 мың, Оралда – 400 мың, Семей губерниясында – 500 мың, Орынбор – 445, Ақтөбеде – 360 мың адам ашықты. Көшпелілер арасында өлім ересек тұрғындардың 30%-ын қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 %-ы қырылған.Республиканың ашаршылық жайлаған губернияларының тұрғындары жан сауғалап Түркістан өлкесіне, Ақмола, Семей губернияларына босты. Мұның өзі Қазақстандағы жағдайды одан әрі күрделендірді. Босып келген аш адамдардың толассыз ағыны, Түркістан, Ақмола, Семей губернияларында да ашыққан халық санын көбейте түсті.
Мұсылман зиялы қауымы арасынан мұндай сорақылыққа қарсы шыққан Т. Рысқұлов болды. Ол Түркістан өлкесінің байырғы халықтарының сұрапыл аштыққа ұшырап, қатты қырылуына революциядан бұрынғы патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен революциядан соң орнаған кеңес өкіметінің шовинистік саясаты басты себепкер болғандығын ашық атап көрсетті.
1922 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитеті (ҚОАК) де аштыққа ұшыраған аудандарға өз тарапынан көмек көрсету шараларын ұйымдастырды. ҚОАК-ті жанынан аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету үшін комиссия құрылады. Республикалық комиссияны ҚОАК-нің төрағасы Мендешев басқарды. Қазақстандағы ауыр жағдайды ескере отырып, КазАКСР ОАК-і ашыққандарға көмек беруші Орталық Комиссияның шешіміне сәйкес, бұл аудандардың тұрғындарын астық, картоп т.б. мемлекеттік салықтардан босатты. Қазақ қоғамын жайлаған аштықты Орталықтағы Кеңес үкіметі мойындамады. Республиканың кейбір басшылары мен орыс жұртшылығы негізінен өлкенің көшпелі тұрғындарын қамтыған сұрапыл аштықты “кездейсоқ, тұтқиылдан тап болған зобалаң” ретінде бағалады.
Республиканың экономикасындағы ауыр дағдарыс, яғни мемлекеттің күштеу саясатына негізделген азық-түлік саясаты 1920-1921 жж.шаруалардың кеңес үкіметіне қарсы стихиялы қарулы көтерілістерінің тууына әкелді. Көктем–жаз айларында басталған шаруалардың наразылықтары “Азық-түлік салғырты жойылсын!”, “Большевиктерсіз Кеңестер үшін!”, “Ерікті саудаға жол берілсін”,–деген ұрандармен басталып, қарулы көтерілістерге ұласты. Өскемен, Павлодар, Семей, Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Ақмола, Атырау, Орал, Шымкент уездерінде ашық түрдегі көтеріліс кеңінен орын алды. Қазақстанды қамтыған көтерілістер ұйымдасуы және қару-жарақпен қамтамасыз етілуі нашар болғандықтан, Қызыл Армия әскерлерінің күшімен талқандалды. Қазақстандағы көтерілісшілердің кей бөліктері Қытайға өтіп кетті. Елде көтеріліске қатысқаны үшін мыңдаған адамдар тұтқындалып, олардың 932-сі сотқа тартылды. Кеңес үкіметі бұл қарсылықтардың бәрін “контрреволюциялық баскөтерулер” деп бағалады.
...