Практикалық сабақтарға дайындалуға арналған әдiстемелiк нұсқаулар
Автор: Kanat03 • Январь 23, 2024 • Реферат • 6,344 Слов (26 Страниц) • 120 Просмотры
Практикалық сабақтарға дайындалуға арналған
әдiстемелiк нұсқаулар
Практикалық сабақтар – кредиттiк оқу жүйесi жағдайында тиісті оқу бағдарламасымен қарастырылған студенттің белігілі бір тақырыпты қаншалықты меңгергендігін анықтауға бағытталған студенттердің белсенді қатысуымен өткізілетін сабақ түрі болып табылады. Студентті басқа да оқу формаларымен қатар практикалық сабаққа өз бетiнше дайындала бiлуге үйрету оқу-әдiстемелiк тұрғыдан алғанда басты мәселелердiң бiрi.
Студентке өз бетiнше дайындалуға ұсынылатын практикалық сабақтардың тапсырмалары тақырып бойынша қысқаша бағыт-бағдар, мағұлмат берiп қана қоймай, студенттiң өзiнiң ой-өрiсiн одан әрi дамытып, ойлану, iздену қабiлетiн жетiлдiруге ықпал ететiн механизм болып табылады. Қашықтықтан оқыту технологиясының ерекшеліктеріне байланысты практикалық сабақ тек аудиторияда оқытушының қатысуымен ғана емес, сонымен қатар Қашықтықтан оқыту Орталығы порталында on-line және off-line форматтарында да өткізілуі мүмкін. Сабақ берiлген тақырып бойынша студенттің көзқарасын айқындайтын, алған бiлiмiн одан әрi бекiте түсетiн ғылыми дискуссия ретiнде де қарастырылады.
Әрбiр студентке практикалық сабақтарға дайындық барысында төмендегiдей әдiстемелiк нұсқауларды басшылыққа алу ұсынылады:
- сабақтың тақырыбымен және қарастыруға ұсынылатын сұрақтармен мұқият танысу;
- практикалық сабақтың алдына қойылған мақсатымен танысу;
- тақырып бойынша ұсынылатын әдебиеттер тiзiмiмен танысу;
- практикалық сабаққа қарастыруға ұсынылып отырған материалдармен таныса отырып, қиындық тудыратын сұрақтарды және қамтылмаған немесе жеткiлiксiз түрде қамтылған мәселелердi өзiне белгiлеп алу және олар бойынша аудиторияда өтетiн сабақта оқытушыдан қосымша мағұлмат немесе өз бетiнше iздену үшiн бағыт-бағдар, кеңес алу;
- әрбiр тақырыптың соңында берiлген қайталау-пысықтау сұрақтары бойынша өзiнiң тақырыпты қаншалықты игергенiн тексеру;
- тақырып бойынша өз көзқарасын, яғни позициясын айқындау және аудиториядағы сабақ барысында дискуссияға ұсыну.
Осы әдiстемелiк ұсыныстар студенттiң берiлген тақырыпты неғұрлым терең игерiп, айқын түсiнуiне көмек көрсету мақсатын көздейдi. Әрине жоғарыда айтып өткенiмiздей, тақырыпты терең меңгеру үшiн дайындалу барысында студенттен өз бетінше көп іздену, дәстүрлі материалдармен қатар интернет ресурстарын кеңінен пайдалану талап етіледі. Сондықтан студенттiң тақырып бойынша өз бетiмен iзденiп, ұсынылған әдебиеттер бойынша қосымша материалдармен жұмыс iстеуi қажет болады.
№ 1 тақырып. Қылмыстық процестің ұғымы мен міндеттері.
Қылмыстық іс жүргізу заңы және қайнар көздері.
Cабақ мазмұны:
- ҚПК құқық саласын басқа құқық салаларымен негізгі айырмашылықтарын білу.
- ҚПК қайнар көздерінің иерархиясы.
- ҚПК мәтіні бойынша бағдар.
Дайындық материалдары: Қазақстан Республикасының Конституциясы – 77 бап Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі – 7 бап
Қылмыстық процесс ұғымы және міндеттері.
Қылмыстық құқық бұзушылықпен нәтижелі күрес жүргізу үшін саяси, әлеуметтік-экономикалық, тәрбиелік-алдын алу және арнайы шаралардың кешені қажет етіледі. Арнайы шаралар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органдармен іске асырылады (Ішкі істер министрлігі, прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеу қызметі, әскери полиция органдары).
Арнайы шаралардың қылмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеу, тергеп-тексеру және шешуімен, оларды ашу, алдын алумен байланысты мазмұны қылмыстық іс жүргізу болады.
Анықтау органдарының, тергеушінің, прокурордың қылмыстық істерді тергеу және сот арқылы қарастыру мен шешу қызметі жариялы-құқықтық сипат алады. Қылмыс құқық бұзушылықтың ең қауіпті түрі ретінде адамға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, қоғамға, мемлекетке елеулі зиян келтіреді.
Қылмыстық-процестік құқық – күрделі, бірдей емес, өзіне көптеген әртүрлі жақтар мен аспектілерді енгізетін ұғым. Осымен оның мәнін анықтауға әртүрлі жолдар бар екені түсіндіріледі. Қылмыстық-процестік құқықты түсінудегі дәстүрлі жол қылмыстық істерді тіркеу, тергеп-тексеру және шешу, қылмыстық процесстің мақсаттары мен міндеттеріне жету қызметін реттейтін, заңда белгіленген ережелердің әлеуметтік-себепті жүйе ретінде болады.
...