Г.Н.Потанин және қазақ зиялылары
Автор: satomi.naoko • Май 20, 2021 • Статья • 1,077 Слов (5 Страниц) • 588 Просмотры
Г.Н.Потанин және қазақ зиялылары
Григорий Николаевич Потанин - көрнекті ориенталист, фольклоршы, этнограф, тарихшы, саяхатшы және Қазақстан, Сібір және Орталық Азияны зерттеуге үлкен ғылыми үлес қосқан қоғам қайраткері. Ол 1815 жылы Павлодар облысының қазіргі Аққулы ауданының Ямышев ауылында дүниеге келгені белгілі. Г.Н.Потаниннің дарыны сан қырлы болды. Оның өмірі мен қызметінің беттерін кезең-кезеңімен қалпына келтіре отырып, біз өз дәуірінің өткір мәселелеріне жауап берген ірі саяхатшы ғалым, талантты жазушы-публицист, Орталық Азияның, Сібірдің байырғы халықтарының қорғаушысы мен досын көре аламыз. Оның жанқиярлығы мен адалдығы көптеген адамдарды таң қалдырды. Сондықтан ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары, атап айтқанда Ә. Бөкейханов оны «әулие» деп атаған.
Григорий Николаевич Потаниннің қазақ халқына деген махаббаты бала кезінен қалыптасты. Өйткені, ол қазақ жерінде өсті және ерте жастан қазақ халқының мәдениетін бойына сіңірді, дала халқының өзіндік сипаты мен адамгершілігін тамаша білді. Қазақтың көрнекті ғалымы Ш.Ш.Уәлихановпен достық қарым-қатынас ғалымның гуманистік ой-пікірінің және мінезінің қалыптасуына, сондай-ақ қазақтарға деген көзқарасына әсер еткені сөзсіз. Г.Н.Потаниннің қазақтың ұлттық элитасының жетекшілері Мұса Шормановпен, Әлихан Бөкейхановпен, Әлімхан Ермековпен сөйлескені белгілі.
Г.И.Потаниннің шығармалары біздің ұлы жерлесіміздің Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов туралы көп естігендігін көрсетеді. Оның үстіне, Григорий Николаевич шын жүректен қазақ халқының ұлттық рухының жаңғыруына сенген.
Потаниннің қазақтан шыққан ең жақын досы - Шоқан Уәлиханов. Қазақта Потанинмен дәл Шоқан Уәлихановтай жақын араласқан адам жоқ шығар. Әрі жерлестігі де бар. Себебі Потанин Павлодардың іргесіндегі Ямышево бекінісінде дүниеге келген. Екеуінің алғашқы таныстығы Омбы шекара басқармасының тілмашы Дабминскийдің үйінен басталды. Кейін Омбы кадет корпусында бірге оқыды. Екеуінің қызығушылығына дейін ұқсас болатын. 1852 жылы кадет корпусын бітірген соң Шоқан Омбы генерал-губернаторы Гасфордтың адъютанты қызметіне алынды. Ал Потанин Семейдегі Сібір казак полкіне жіберілді. Ғалымның зерттеушілік, саяхатшылық қабілетін шыңдаған Семенов-Тянь-Шанский болды. Тянь-Шанский Потаниннің өмірінің қиын кезеңдерінде қол ұшын созды. Шоқанның да тағдыры тауқыметке толы болды. Қазақтың дара тұлғасы отызға жетпей бақилық болды. Досының дүниеден өткеніне қатты күйзелген Потанин: «Батыс-Сібір өлкесінің соңғы ханының баласы - аса дарынды, білімдар, орыс қызметіндегі даланың дархан офицері Шоқан Уәлиханов досым еді» деп күңірене еске алды. Әлі күнге дейін біз Шоқан Уәлихановқа қатысты құнды мәліметтерді осы Потаниннің еңбектерінен таба аламыз.
Потаниннің Шоқан Уәлихановтан кейінгі қазақтан шыққан екінші досы Шоқанның нағашысы Мұса Шорманов болатын. Потанин Мұса Шорманов арқылы қазақ тарихы мен этнографиясына жол тапты. Мұсаның ауылында бірнеше рет болып, қазақтың аңыздары мен ертегілерін жинады. 1883 жылы Моңғолияға экспедиция бастаған кезде де Мұса Шормановтың ауылына тұрақтаған. Бұл кезде Мұса Шоқанға тиесілі болып келген этнографиялық материалдарды Потанинге табыстаған. 1904 жылы жарық көрген мақаласында Потанин: «Мұса Шорманұлы - Шоқанның туыс ағасы, ол даладағы өте беделді адам еді, дала басшыларының құрметіне ие болды, орыс полковнигі деген шен алған, біраз жылдай Омбыда тұрды, екі рет Петерборға барған, жалпы айтқанда, қазақтың нағыз еуропаланған тұлғасы» деп жазды.
Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлихановпен де араласты. 1895 жылы Шыңғыс ауылында болып, сексеннің сеңгіріне шыққан сұлтанға сәлем бере барған. Сол сапары кезінде Потанин қазақ халқының тарихы, аңыз-әңгімелері, байырғы наным-сенімдері туралы естеліктерге байып қайтқан. Одан бөлек, Мұсаның ұлы Сәдуақас Шормановтың, Омбыға келген сапарында Иммұрат Ибрагимовтің, 1880 жылы Баянауыл даласында болғанында Имантай Сәтпаевтың, 1895 жылы Көкшетау уезіне келгенде Сұлтанғазиндердің шарапатын молынан көрді. Сапарларының бәрінде Потанин қазақ халқының тарихы, аңыз-әңгімелері, байырғы наным-сенімдері туралы естеліктерге қанықты.
...