Essays.club - Получите бесплатные рефераты, курсовые работы и научные статьи
Поиск

Қазақ фольклорындағы шығыстық сарындар

Автор:   •  Октябрь 13, 2020  •  Реферат  •  2,912 Слов (12 Страниц)  •  1,279 Просмотры

Страница 1 из 12

Алсай Мәулен Нұрқатұлы

Қазақ фольклорындағы шығыстық сарындар

         Əлем халықтарының əдебиеттері рухани мəдениеттің негізгі арнасы болып саналады. Дүние жүзінің барлық құрлықтарын ғасырлар бойы мекендеп келе жатқан байырғы халықтардың бəрінің де əдеби-фольклорлық мұралары бар. Ол мұралар жалпы адамзат дүниетанымының ортақ кеңістігін құрайды. «Шығыс» терминінің ұғымдық мазмұны, тарихи-мəдени, этникалық, философиялық шектері, этномəдени ситуациядағы шекаралары, яғни этникалық бөліктерінің бір типтілігі, мəдениеттердің əлеуметтік жəне рухани шарттылыққа бағынған шекараластығы шығыстану ғылымында арнайы қарастырылады. Əлемдік мəдениеттің үш орталығы Еуропада – ежелгі дəуірде Ү ғасырдан бастап, Қытайда – б.з. ІІІ ғасырынан бастап, Орта Азия мен Иранда – ІІІ-ІХ ғасырларда қалыптасқаны туралы академик Н.А.Конрадтың пікірі қазіргі əдебиетттану ғылымының компаративистика дəстүрлеріне оралуының шарттарын айқындайды. Шығыс əдебиеттерінің тарихындағы пəндік шекараларды анықтау үшін генетикалық, типологиялық, контактологиялық тұрғыдан зерттеу қажеттілігі туындады.

          Шығыс əдебиетінің тарихын кезеңдік жүйелеудің бір нұсқасы ретінде ежелгі Шығыс əдебиеті, орта ғасырлардағы Шығыс əдебиеті, Шығыс классикалық əдебиеті, Шығыс Ренессансы, жаңа кезеңдегі Шығыс əдебиеті (ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлар), қазіргі Шығыс əдебиеті ретіндегі класссификация қолданылады. Шығыс əдебиетінің ауқымды бөлігін құрайтын түркі халықтары эпостарының қатарына Қазақстан халықтарының, Орта Азия елдерінің, Сібірдің, Волга жағалауындағы халықтардың, Кавказдың эпостары кіреді. Фольклортану ғылымы бойынша əлемдік фольклордың түбірі бір болып саналады. Эпостың шығуы туралы пікірлер əрқилы болғанымен, басты əдіснамалық негізі эпостағы мифологиялық мотивтердің тұрақтылығында болып табылады.  

        Эпостарда халықаралық фольклорлық параллельдер ретінде танымал мотивтер канондық болып есептеледі. Бұл мотивтер ғарыш туралы, Жаратушының шығуы туралы, космогониялық жəне эсхатологиялық контекстегі адамның табиғатпен қарымқатынасы, кейіпкерлердің диюлармен жəне табиғат сұрапылдарымен күресі, адамның құдайлық табиғаты туралы болып келеді. Бұл ретте формулалық мотив ретінде көбіне ертегілік сюжетті, мысалы кейіпкердің өзгеше жаратылысы туралы айтуға болады. Сакральды мотивтер миф пен ертегінің қиылысындағы мəдени жолды қалыптастыра отырып, эпостың жаңа кезеңі – классикалық кезеңге аяқ басты. Осы кезде əлемдік əдебиеттің екі орталығы – Батыс пен Шығыстың қалыптасуының хронологиялық шекаралары белгіленді. Бұл ретте А.Н.Веселовскийдің əлемдік эпосты кезеңдерге бөлу туралы пікірі өзекті болып табылады. Ғалымның пікірінше, эпикалық шығармашылықтың алғашқы баспалдағы тарихи факт болып табылады. Сондай-ақ архаикалық жəне классикалық кезеңдердің эпостарын қарастыру да маңызды. Əлемдік эпостың үш кезеңдік қатарын қарастыруда əрқайсысының əлемдік эпостың əрқилы ерекшеліктерін көрсететіні маңызды. Азия мен Еуропаны қосып жатқан Қазақстанмен əлемнің көптеген елдері əртүрлі тарихи, мəдени, қоғамдық, саясиэкономикалық байланысын күні бүгінге дейін үзбей жалғастырып келе жатыр. Ежелден басталған бұл байланыс халық өмірінің мəдени өміріне, рухани дүниесіне де өзінің барлық болмысымен із қалдырды. Адамзат қоғамының бір бөлшегі ретінде жасап келе жатқан қазақ мəдениеті шығыстық өркениеттің құрамдас бір бөлігі ретінде дамуда. Атабабаларымыз өзінің күрделі де сан қырлы тарихының қатпарлы беттерінде Үндістанмен, Қытаймен, Мысырмен, Иракпен, Сириямен, Иранмен əртүрлі деңгейде мəдени байланыстар жасағаны тарихтан белгілі. Қазақ жерінен шыққан ұлылар осы елдерге барып шығыстық ілім алды. Əдебиеттердің байланысу мүмкіндігі мен өзара жақындасуы олардың даму заңдылығының сəйкестігіне, шындықты бейнелі көркемдеу тəсілдерінің ортақтығына негізделеді. Өзара 8 байланыс пен рухани құндылықтардың алмасуы əдебиеттің қалыптасуы мен өсуін неғұрлым толық бағалау мен сараптауға қызмет етеді жəне олардың жаңа бағытта дамуына жағдай туғызады. Əдебиеттің даму деңгейі жоғары болған сайын, оның басқа халықтардың көркем сөз өнерімен қатынасы да ұлғайып, нығая бермек. Бұл жөнінде академик В.М.Жирмунский «Взаимосвязи и взаимодействие национальных литератур» мəселелері туралы дискуссияда былай дейді: «Халық неғұрлым мəдениетті болған сайын, соғұрлым оның басқа халықтармен байланысы мен өзара қатынасы қарқынды болмақ» (52-66 бб.). Əдеби байланыстар түрлі əдеби-тарихи жəне көркемдікэстетикалық фактілердің өзіндік көрінісі ретінде үнемі ауысып отыратын өте күрделі, көп қырлы диалектикалық құбылыс. Əдеби байланыстар, біріншіден, əдебиеттердің əлемдік деңгейдегі өсу жолдарына, екіншіден, түрлі ұлт мəдениетінің тарихына, үшіншіден, нақты əрбір қаламгердің шығармаларына қатысты туындайды. Осы орайда ұлттық əдебиеттердің өзара қарым-қатынасы мен байланыстары əдеби үдерістің күрделі ішкі заңдылықтарын қамтып, ұлттық мəдениеттің қалыптасуы мен дамуындағы рөлі мен шығармашылық өнерді дамытуда алатын орны зор. Қай кезеңде де қайсыбір елдің əдебиеті мен өнері томағатұйық қалыпта, ұлттық шеңбердің ішінде ғана өсіп жетілген емес. Өз топырағында жаратылған өнер басқа жұрттардың озық, асыл қазыналарынан нəр алып байығанда ғана өркен жаймақ. Əдебиеттің интернационалдық сипаты – көптеген халықтардың өнер тəжірибесін қорыта отырып, тұжырым жасайтын теориялық мəні бар күрделі проблема. Бұл орайда əдеби ықпал мен көркем аударма мəселелерін қарастырудың маңызы зор. Жаңа жанрлық формаларды игеруден, өмірдің көкейкесті проблемаларын көтерген реалистік шығармалардың молаюынан, жазушылардың шығармашылық белсенділігінің артуынан да əдебиеттің интернационалдық сипатының кейбір ерекшеліктерін көруге болады. Əдебиеттер туыстығының терең тамырлы байланыс проблемаларын зерттегенде, тағдыры, тілі, рухы жақын 9 бауырлас елдер мысалына жүгіну қызықты ғылыми байламдар жасауға мүмкіндік берері хақ. Əлбетте ұлттық көркемдік дамудың тарихи-əлеуметтік жағдайлары мен алғышарттары туралы мəселенің көкейкестілігі əдеби қарым-қатынастарды өзара тығыз көркемдік алмасуларға итермелеп, маңызын арттырады. Бұл мəселелердің шешімі қазіргі əлемдік əдеби үрдістің қыр-сырын танумен қатар, əдеби байланыс пен өзара қарым-қатынас жөніндегі теорияны білу үшін де қажет. Осы орайда тарихи-əдеби процесс тұрғысындағы аймақтық əдеби байланыс мəселесі аса маңызды. Мəселен, Ресей аймағындағы түркі ұлыстарының рухани алмасулары туралы осыны айтуға болады. Əдеби байланыс түрлерінің шығармашылық қарым-қатынас мəселесін тереңірек түсінуге септігі тигенімен, əдеби процесс болмысын толыққанды сипатта көзге елестете алмасы анық. Өйткені əдеби байланысты тарихи-əдеби процестің ең бір маңызды буыны ретінде танитын болсақ, ол тікелей көркемдік, шығармашылық үрдіске, сондай-ақ əдеби бағыт, жанр, стиль жəне т.б. дамуына да тікелей қатысты. Əдебиеттердің өзара қарым-қатынасы көп қырлылығымен ерекшеленеді. Мысалы, сарындас əдеби ағымдар бір-біріне ықпал етеді, идеялықэстетикалық бағыт-бағдары ұқсас қаламгерлер өзара үндестік танытып жатады. Бұл жекелеген ұлттық əдебиетте белгілі бір жанрдың қалыптасып, өріс жаюына, əрі жаңа жəне ескі поэтикалық формалардың жетіліп, дамуына, көркемсөз шеберлерінің тіл мен стиль тұрғысынан өркендеуіне игі ықпал жасайды. Əдебиеттер арасындағы байланыстар олардың жалпы тарихи-əдеби дамуына сəйкес бір-біріне айрықша ықпал етуінен байқалады. Ал əртүрлі жағдайдағы шығармашылық қарымқатынастың нақты формалары шексіз. Бұл көпқырлылық шығармашылық байланыс секілді күрделі үдерістің маңызды жағын қамтитын негізгі түрлерінде анық сезіледі. Сонымен, əдеби қарым-қатынас формаларына аударма, үлгі алу (взаимствование), еліктеу (подражание), стиль тезіне салу (стилизация), образды ұқсастық (образные аналогии) жəне т.б. жатады. Мұның ішінде шығармашылық қарым-қатынастың 10 анағұрлым қарқынды түрі ықпал-əсер (влияние) болып табылады. Жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан əдебиетаралық шығармашылық алмасулар əр алуан. Сондықтан əдебиет зерттеушілерінің алдында қашанда байланыс пен қарым-қатынас үдерісінің күрделілігімен қатар кезеңдік, ұлттық жəне эстетикалық көрініс ерекшеліктерін қамту міндеті тұрады. Сөз өнерінің өзара алмасу арқылы баю үдерісі бір қалыпты емес, өзгермелі əрі құбылмалы. Себебі əдеби даму – бірде қарқынды, бірде баяу жүретін заңды құбылыс. Əдебиеттер арасындағы байланыс туралы да осыны айтуға болады. Əдеби алмасудың заңды құбылыс ретіндегі белсенділігіне мына секілді қоғамдық-əлеуметтік себептер тірек болғанын байқаймыз. Біріншіден, түрлі елдер өмірінде қоғамдық-саяси сана өсіп, əдебиеттер өзара тығыз қарым-қатынасқа түседі, яғни халықтың рухани күш-қуаты анағұрлым айқын көрінеді; екіншіден, идеологиялық күрес түрлі позиция өкілдерін халықаралық тұрғыда рухани байланыс жасауға итермелейді; үшіншіден, мемлекеттер арасындағы саяси-экономикалық жəне мəдени байланыстарға кең жол ашылады. Тарихи-қоғамдық жағдайдың өзгеруіне орай əдебиетаралық қарым-қатынас та бірте-бірте ауысады. Сөйтіп бұрын өзінің көркемдік жетістігі төмен болғандықтан өзгелерге елеулі əсер ете алмаған əдебиеттер басқалардан үйрену арқылы белгілі бір шеберлік қырларын игеріп, өз ішінен белгілі-белгілі көркемсөз қайраткерлерін ұсынуы мүмкін. Бірте-бірте бұл өзара алмасудың күрделі үдерісіне əлем əдебиетінің бəрі қосылады. Мəселен, тарихи-қоғамдық жағдайларға байланысты томаға-тұйық күй кешіп келген қазақ əдебиеті ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, шығармашылық қарым-қатынас үдерісіне бойлай енді. Тіпті еніп қана қоймай, Шоқан, Ыбырай, Абай секілді əлемге əйгілі көркемсөз шеберлері мен зерттеушілерді дүниеге əкелді. Олардың ізін ала өмір кешкен ХХ ғасыр басындағы қаламгерлер өз алдына үлкен бір шоғырды құрады. Егер əдебиетті ұлттық сана-сезім формасы ретінде қабылдасақ, онда езгідегі халықтың ұлт-азаттық күресі мен санасының өсуіне қарай, оның əдебиеті өзінің дербестігін, 11 тəуелсіздігін, өз тілін, өзіне тəн ерекше тақырып пен идеяны, сондай-ақ этикалық əрі эстетикалық идеалын сақтап, прогрессивтік əлем əдебиеттерімен тығыз қарым-қатынас жасауға ұмтылыс жасайды. Түркі халықтары əдебиеттерінің рухани алмасуы осынау халықтардың тарихи тағдырының ортақтығын ғана көрсетіп қоймай, рухани мұра бірлігін, олардың мақсат-мұраттарының сəйкестігін, этикалық-эстетикалық идеалдарының үйлестігін де білдіреді. Сондықтан бұл əдебиеттердің өзара тығыз байланыс жасағаны анық. Əдеби байланыстың осы негіздегі үдеріске əсері кеңес дəуірі кезінде-ақ ғалымдардың қызығушылығын туғызып, зерттеу жүргізуге итермеледі. Диалектикалық түсінік тұрғысында əдеби байланыс пен əдеби процесс түрлі тарихи кезеңге орай ауысып отыратын əдеби болмыс жағдайы бола отыра, бір-бірінен ажырағысыз екендігін А.С.Бушмин, Н.И.Конрад, М.Б.Храпченко, И.Г.Неупокоева, Г.И.Ломидзе жəне т.б. көптеген ғалымдар атап көрсетті. Көрнекті ғалым А.С.Бушмин əдебиетаралық байланыстардың көркемдік үдеріске демеу беретін тарихи-əдеби сабақтастыққа қажетті жағдай туғызатынын баса айтады. Əдеби байланыстар əлеуметтік пен көркемдік тəжірибені қорытындылау мен жеткізуге, шындықты интеллектуалды эстетикалық түрде меңгеруге қол жеткізуге қызмет етеді. Демек өз алдына бөлек, жеке ұлттық не аймақтық мəдени даму болуы мүмкін емес. Бұл жөнінде ғалым «Историко-литературный процесс» жинағында былай дейді: «Қарқынды дамыған əдебиеттің баяу дамыған əдебиетке əсері бұл адамзаттың көркемдік даму сатысындағы сабақтастықтағы айқын заңдылығы. Алайда əрқалай даму ұлтаралық əдеби сабақтастық жағдайын өшіре алмайды» (126-218 бб.). Тұрмыс-тіршілігі мен тарихы бір-біріне ұқсас əрі көршілес қоныстанған шығыс-түркі халықтарының өзара тығыз шығармашылық байланыс жасауы – заңды құбылыс. Олардың тегінің, дінінің бір болуы тарихы мен тағдырларын үйлестіріп, тілін жақындастырды. Мысалы, түркі халықтарының əдебиеті ХVI ғасырдан ХІХ ғасырдың басына дейін Ресей аймағында, кейін Кеңес Одағы аумағында бас біріктіріп, өзара тығыз қарым- 12 қатынас жасады. Өзіндік болмыс-бітімі бар бұл ұлттық сөз өнері ғасырлар бойы шығыстың басқа əдебиеттерімен де рухани байланысын үзбеді. Тарихтың терең қойнауынан бастау алатын бұл тамырластық əдебиетте өз өрнегін қалдырды. Ұлтаралық əдеби қарым-қатынастар, біріншіден, əртүрлі генетикалық (тектестік) қатынастар байланыстарды, екіншіден, қоғамдық, мəдени жəне көркемдік дамудың жалпы жəне жақын факторларының іс-əрекетінен туындайтын типологиялық ұқсастығы мен сəйкестікті болжайтын күрделі əрі көпқырлы процесс. Əрине мұндай бөлу көбіне шартты, өйткені тектестік қатынас байланыстары мен типологиялық ұқсастықтардың тығыз араласқаны сондай, кейде оларды ажырату мүмкін емес. Сонымен қатар ұлттық əдебиеттерді салыстыру мақсаты олардың бірлігі мен үйлестілігін ғана емес, айырмашылықтарын да анықтайды. Словак ғалымы Д.Дюришиннің «Теория сравнительного изучения литературы» еңбегінде келтірілгендей, «егер бірлік, үйлестікті танып білу жалпы əдеби даму заңдылықтарын айқындауға мүмкіндік туғызса, айырмашылықты зерттеу өзіндік, төл нақыштарды ашу үшін, əдеби құбылыстар мен үдерістердің арнайы ерекшеліктерін белгілеу үшін аса маңызды мəліметтер береді» (55-б.). Дегенмен жалпы заңдылықтарды анықтаумен айналысатын салыстырмалы əдебиеттану ұқсастық пен өзгешелікті белгілеуге ерекше ден қояды. Тек соңғы кезде шетелдік əдебиеттануда жалпы заңдылықтар мен типологиялық ұқсастықтар негізіндегі өзіндік жəне қайталанбас көркемдік сана-сезім (зерде) мен шығармашылық түрлерді басты етіп санауды қажетсінетін басқа əдіснамалық тəсілдерді дəйектеу бар. Түбі бір түркілерге тəн асыл мұралар мен ортақ сипаттар тектес халықтарды өзара тығыз қарым-қатынастар жасауға итермеледі. Мұндай алмасу үдерісінде жетекші факторлар ретінде тіл, дін, діл бірлігі мен ұқсастықтары айрықша рөл атқарды. Рухани байланыстың нақты көрінісінің бірі, əрі негізгісі – лингво-мəдени байланыстар. Соның ішінде бай қазақ əдебиеті шығыстық көркемсөз өнеріндегі жақсылық нышанының қайқайсысын да жатсынбаған, бойына сіңіре білген. Мұның өзі қазақ əдебиеті мен тілінің əлемдік өркениетке құлаш ұруының, 13 əлемдік мəдениетпен сусындауының жəне өзгелерге танылуының көрінісі ретінде бағаланады. ҮІІ ғасырда ислам діні Араб халифатының ресми дініне айналғаннан кейін Дамаск, Бағдат, Мысыр сияқты іргелі қалалар арғы жағы Еуропа, бергі жағы Азиядан шыққан ғұламалар мен ғылым-білім іздеуші ғалымдар жиналған ғылым мен мəдениет орталықтарына айналды. Себебі сол кездері Еуропада ғалымдарды дінбұзарлар деп отқа жағып, қамаққа салып қуғындаса, Азияда да жаңа ғылыми жаңалықтарға іштарта қоймаған болатын. Ғылым-білім ерекше құрметтелетін ислам дінінің арқасында əлем ғалымдары Халифатқа қарай ағыла бастады. Біздің жерімізден араб жеріне барған сол алғашқы толқындардың ішінде алгебраның негізін қалаған əл-Хорезмиді, есімі дүние жүзіне мəлім болып, ғылыми жəне мəдени мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ даласының асыл перзенттерінің ең жарық жұлдызы Əбу Насыр əл-Фарабиді айтуға болады. Олардың еңбектері сол кезден бастап бүгінгі күнге дейінгі мың жылдан астам уақыттың ішінде əлем ғалымдары сусындар кəусəр бұлаққа айналды. Ұлы ғұламалардан қалған ғылыми мұралар ғылымның түрлі саласын қамтиды, аса құндылығымен ерекшеленеді əрі теориялық тұжырымдары дүниежүзі халықтарының қоғамдық-философиялық ойларына ықпал етті деп айтуға болады. Олардан кейінгі Исмаил əл-Жауһари мен жиырмаға жуық əл-Фарабилердің, Ахмет Йассауи, Ахмет Йүгінеки, Сүлеймен Бақырғани жəне басқа да көптеген тұлғаларымыздың еңбектері қазақ-араб əдебиетінің тарихи даму жолында өзіндік өрімімен, рөлімен, маңызымен ерекшеленеді. Қазақ тіл білімінің көрнекті ғалымы Қ.Жұбанов діниəлеуметтік, гуманистік нақылдардың жинағы Қ.А.Йасауидің «Диуани хикмет» шығармасы туралы зерттеуінде түркі халықтарынан шыққан йасылық Қожа Ахмет Йасауидің өміріне, тарихи тақырыпты қозғаған 95-толғауына, əлеуметтік көзқарастарына, шындықты іздеу жолында сарп еткен ғұмырына, адамгершілік идеяларына тоқталады. Қожа Ахмет Йасауи – Шайхы Бұзырықтан тараған қожа тұқымының өкілі. 14 Қ.Жұбанов «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулерінде» Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани хикметі» Қазақстан халықтарының ескіден қалған жазба əдебиет мұрасы екендігін айтып, оған «осы күнге дейін көпшілік арасында тарихи бағасы мен сүйкімділік беделін жоймай келеді» деп баға берді (299-б.). Ғалым бұл еңбекті «өз дəуірінің қоғами тіршілігін суреттейді» деп көрсетеді, соған байланысты оның мазмұнын сол заманның құбылыстарымен, жалпы қоғам тіршілігімен байланыстыра суреттеу қажеттігін айтады. Қазақ Совет энциклопедиясында мынадай анықтама берілген: «Диуан – кітап, шығарма, жинақ; хикмет-уағыз, өсиет, ғибрат, нақыл сөз» (593-б.). Қ.Жұбанов Йасауидің 95-толғауы туралы сөз еткенде оны «Қазақстан халқының бір бөлігінің тарихымен байланысты» екенін айтып өтеді. Сонымен қатар қоғамдық қатынаста əділдік болуын, əлеумет құрылымында жаман əдеттерден дін жолымен аластатуды, жақсы қасиеттерге, жақсылыққа шақыруды, адам баласының бір-біріне мейірімді болуын арман ететінін жазады. Қ.Жұбанов осы толғау туралы ойларын былай тұжырымдайды: «Біріншіден, бұл толғаудың мазмұны шапқыншылыққа ұшыраған халықтың хал-жайын суреттейді. Екіншіден, сол кездегі түркістандық елдердің өзара ауызбірлігі кем болған. Оның себебі қара халыққа хан-сұлтандардың қамқорлығы, ғалым-ғұламалардың мейірімі түспеген секілді. Соның салдарынан жергілікті халықтың шеттен келген басқыншыға қарсы күресі əлсіз, бытыраңқы болғанға ұқсайды. Үшіншіден, осы толғаудан сол кездегі түркістандық халықтардың бірқатар əдет-ғұрыптары көрініс берді» ( 304-б.). Ғалым əлеуметтік көзқарастары жағынан Қожа Ахмет Йасауи «қоғамдық-əлеуметтік тұрмыстың ең төменгі сатысында жүрген адамдарға жəрдемдесуді, яғни жетімдер мен кедейлердің жағдайын жақсартуды мақсат тұтқанын» айта келіп, «адам баласының бақыты үшін шындық жол іздеген, сол бақытқа жету үшін үлкен қиыншылықтарды бастан кешіруден қорықпау керек деген батыл пікірді қолдаған адам», – деп қорытындылайды (317-б.). 15 Шығыстанушы А.Ахметбек «Қожа Ахмет Иассауи» атты зерттеуінде: «Йассауи – өз заманының түлегі, өз дəуірінің бел баласы. Оның айқындамасы, тілек-тəрбиесі, ортасы ислам діні болып, діни-философиялық дүниетанымы ислам аясындағы сопылық идеялар негізінде қалыптасты. Сондықтан білімсіздік құрсауын бұзып шығап, жақсылыққа, гуманистік қоғаммен белгіленген жарқын болашаққа жеткізер жолды мұсылманшылықтан іздеуі, оның идеяларымен байланыстыруы ортағасырларға тəн заңдылық екенін, сондай-ақ осы кездері Шығыстық Қайта Өрлеу идеяларының суфизмде жалғастық табуы оның прогресшілдігін анықтады», – деп жазады (25-б.). Сонымен қатар Қожа Ахмет Йасауи өз заманының қоғамдық санасының дамуында екі прогрессивтік құбылыстың иесі, бірінші – Йассауи оқуы болса, екіншісі – «Диуани хикмет» жазба мұрасы. Егер Йассауи оқуы діни фəлсафалық танымның түркілік вариантының бастамасы болса, оның шығармалары түркі тілдес халықтардың биік рухани жетістігі болып саналады. Бұл екеуін бөліп-жаруға болмайды, өйткені Қожа Ахмет Йассауи оқуы сол дəуірдің қоғамдық санасының жемісі ретінде, ал «Диуани хикмет» осы қоғамдық сананың əдеби тұрғыдағы бейнесі ретінде бірінсіз бірі қарастырылуы мүмкін еместігін» айтады (31-б.). Қожа Ахмет Йасауи шығармасының басты мақсаты – хақ жолына жету, яғни адамның рухани кемелдікке жету үшін адамгершілік қасиеттермен өмір сүру жолы. Жалпы «Диуани хикмет» еңбегінің түп идеясы – қоғамның «толыққанды мүшесін» (əл-инсану-л-кəмил) тəрбиелеу. Сол жолда философ ақын өз идеяларын имандылық, рухани байлық тұрғысынан жеткізуге тырысады. Соның көрінісі ретінде «Диуани хикмет» соңындағы мінажаттарын былай аяқтайды: «Менің хикметтерімді уайымсыздарға айтпаңыз. Теңдесі жоқ гауһарымды надандарға тек сатпаңыз». Қожа Ахмет Йасауидің даналық ғибраттарының жинағы «Диуани хикмет» шығармасы – сегіз жүзжылдықтан астам уақыт өтсе де құндылығын жоймай келе жатқан туынды. Мұндағы өсиеттерді діни, ғылыми, қоғамдық-саяси, тарихи, 16 тілдік, əдеби тұрғыдан əрі қарай тереңдете зерттеу көп нəтиже берер еді. Қазақ жəне араб əдеби байланыстарының түп төркіні ортағасырларда араб мəдениетінің Орта Азия мен қазақ жеріне енуімен байланыстырылады. Қазақ мəдениетінің кейінгі дамуына, ғылымы мен білімінің өркендеуіне араб тілі мен əдебиетінің қосқан үлесі едəуір. Араб мəдениетімен бірге келген араб жазуы, араб тілі мен ислам діні, сол арқылы енген араб классикалық əдебиетінің үлгілерінің ауызша таралуы қазақ əдебиетінің дамуына ықпал етті. Кеңес өкіметі ыдырап, еліміз тəуелсіздігін алғаннан кейін қазақ мəдениеті мен əдебиеті жаңа сипатта, шынайы көзқараспен қайта зерттеліп, зерделене бастады. Кеңестік кезеңде ұлттық əдебиетіміздің толыққанды қарастырылмай, кенжелеп қалған қырларының бірі қазақ-араб əдеби қатынастары екені мəлім. Осыған байланысты белгілі ғалым М.Əуезов қазақ-шығыс əдеби байланыстары жайында сөз ете келіп, «...қазақ əдебиетінің шығыстық байланысының тек кейінгі уақыттарда ғана қолға алына бастағанын» айтады. Əйтсе де қазақ əдебиетінің классикалық Шығыс əдебиетімен өзара сабақтастығы жөнінде көрнекті əдебиетші ғалымдарымыз С.Талжанов, Б.Кенжебаев, Ə.Дербісəлин, А.Машанов, С.Қасқабасов, А.Қыраубаева, Ш.Сəтбаева, Ү.Сүбханбердина, М.Мырзахметов, Ə.Дербісəлі, Ө.Күмісбаев, Н.Келімбетов, Б.Əзібаева, С.Төлеубаева, М.Салқынбаев жəне т.б. зерттеу жүргізген. Қазақ халқы мен басқа Шығыс халықтарының сұлулық пен парасаттылық, жақсылық пен ізгілік, сүйіспеншілік пен махаббат, кішілік пен кісілік туралы толғамдары мен пайымдауларының ұқсастығы əдеби үлгілердің аударылып берілуінің басты шарты деп түсінуге болады. Халықтардың жер шалғайлығы мен таным-түсінігінің, тілінің өзгешелігіне қарамастан, олардың рухани болмысының, жалпы дүниетанымының арасында айырмашылықтан гөрі жақындық мол. Жалпы табиғаты мен жаратылыс болмысы шығыстық болғандықтан да, араб жəне қазақ халықтарының шынайы сезімді насихаттаудағы, қарапайымдылық пен сұлулықты 17 құрметтеудегі ұстайтын бағыты, шығармадағы көркемдік шешімі ортақ. Қазақ жəне араб мəдениетінің өзара байланысының басты себептерінің бірі қазақ жеріне ислам дінінің енуімен де байланысты болғанымен, халық арасына кеңінен тараған шығармаларда дінге қатысы жоқ, өзге де көркем шығармалар мол. Мұның өзі жоғарыда атап өткеніміздей халықтардың дүниетанымдық ортақтығы, жақсылық пен жамандыққа, ақ пен қараға деген көзқарасының жақындығынан болса керек. Дүниетаным мен түсініктің, талғамының жақындығы қазақ халқының арасына тараған көркем бейнелердің сипатымен де байланысты. Айталық, «Мың бір түн» ертегісі кейіпкерлерінің ішінде қазақ арасына кең тарағандары – Лұқпан хəкім, даңқты патша Һарун Рашид, қайырымды Атымтай жомарт жəне Əділетті Наушаруан (Ануширван). Қазақ ақындарының шығармаларында аталған дидактикалық сарындағы кейіпкерлердің əрқайсысының өмірі мен жасаған іс-əрекеттері халыққа адамгершілік, ұлағаттық сияқты үлгі-өнегеге бағытталған жақсы қасиеттерді уағыздауға қызмет жасайды. Мəселен, Шалкиіз жыраудың «Би Темірді хаж сапарынан тоқтатуға айтқаны» атты толғауындағы: ...Ай, хан ием, сұраймын: Тəңірінің үйі Кебені Ибраһим Халилулла жасапты, Ғазірейіл – жан алмаған қасапты, Жығылғанды тұрғызсаң, Жылағанды уатсаң, Қисайғанды түзетсең, Тəңірінің үйі бəйтолла, Сұлтан ием қарсы алдыңда жасапты! – деген үзіндіден жыраудың еліңе игі де қайырымды істер жасасаң, қасиетті Мекке қаласындағы Бəйтулла, яғни Қағба қарсы алдыңда тұр емес пе деп, Темір биді райынан қайтаруға үгіттегенін көреміз (Бес ғасыр жырлайды Т.1. – Алматы: Жазушы, 1989. – 384 б.). Мұндағы Кебе сөзінің түп төркіні «қағба» екенін айта кету керек. Ал, «бəйтолла» сөзі араб тіліндегі «Алланың үйі» деген мағынада берілген. 18 Ақтамберді жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп» толғауында: Атымтай жомарт секілді Атағым жұртқа білінсе! – деп «Мың бір түн» хикаясын жетік білетінін білдірсе, «Ей, азаматтар, шоралар» өлеңіндегі: Мекені іздеп нетесің, Мекеге қашан жетесің? Əзір Меке алдыңда, Пейіліңмен сыйласаң, Атаң менен анаңды, – деген жолдардан жыраудың ислам дінінің шариғатын жақсы білетіндігін жəне «Жұмақ – ананың табанының астында» деп келетін пайғамбар хадисін де осы өлең желісінде өргендігін бағамдауға болады (Бес ғасыр жырлайды Т.1. – Алматы: Жазушы, 1989. – 384 б.).

...

Скачать:   txt (43.5 Kb)   pdf (140.6 Kb)   docx (18.6 Kb)  
Продолжить читать еще 11 страниц(ы) »
Доступно только на Essays.club