Функционалды лингвистика: нысаны, баfыттары
Автор: baltamurat • Апрель 19, 2022 • Лекция • 2,657 Слов (11 Страниц) • 339 Просмотры
3 МОДУЛЬ: ФУНКЦИОНАЛДЫ ЛИНГВИСТИКА: НЫСАНЫ, БАҒЫТТАРЫ
Функционалды морфология мәселелері
Лекция 9
Аспектуалды семантика жасауға көмекші етістіктердің қатысы
Қазақ тілінде аспектуалды семантиканы беруде белсенді сипатқа ие –негізгі етістік пен көмекші етістіктің тіркесі. Көмекші етістіктер – тілдік жүйеде өзіндік орны бар және тілде белгілі бір қызмет атқаратын сөздер. Көп жағдайда аналитикалық форманттың бір сыңары ретінде танылып, сол арқылы қандай да бір грамматикалық категорияның көрсеткіші ретінде сипатталады. Олар жетекші етістіктің белгілі бір тұлғада келуін талап етеді, ал өздері сол жетекші етістікті мағыналық жағынан толықтырып, тұлғалық жағынан аяқтап тұрады. Көмекші етістіктердің етістіктің лексика-семантикалық топтарымен тіркесімділігі негізгі етістіктің салт және сабақтылығына, сондай-ақ лексикалық мағынасына байланысты болып келеді. Көмекші етістіктер лексикалық мағынасына қарай екіге – толымды көмекші етістіктер және толымсыз көмекші етістіктер деп ажыратылады. Қазақ тілтанымында бұл етістіктерге қатысты осы түсінікте мәнді/мәнсіз көмекші етістіктер деген термин де қоса қолданылып жүр [Ы.Маманов, 51-52 бб.]. Біздіңше, бұл терминдердің арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ және екі термин де негізгі ұғымның сипатын толық ашып бере алады.
Көмекші етістіктер түркітанымда бірнеше зерттеу еңбектеріне негіз болды. Ол еңбектердің бірқатарында көмекші етістіктер мағынасы мен тұлғалық жағынан зерттелсе [Ы.Маманов; Н.Курпешко], келесі бір еңбектерде етістіктің сыпат (вид) категориясымен байланысты қарастырылады [А.Харисов; И.Ұйықбаев]. Енді бір еңбектерде көмекші етістіктер етістіктің аналитикалық форманттарына қатысты зерттелген [Н.Оралбаева, А.Юлдашев]. Көмекші етістіктер тіркескен негізгі етістіктерге грамматикалық мағына үстеп, етістіктің аналитикалық формасын жасайды.
Сөздің аналитикалық формасы дегеніміз – лексикалық мағыналы сөз бен көмекші сөздің грамматикалық мағына беретін тіркесі [Н.Оралбаева]. Ал аналитикалық форма жасайтын элемент аналитикалық формант деп аталады. Қазақ тілінде кез келген көмекші етістік негізгі етістікпен тіркесіп айтыла бермейді. Олардың тіркесуінде белгілі бір заңдылықтар бар. Бұл негізгі етістіктің лексикалық мағынасы мен оның қандай лексика-семантикалық топқа жататындығына байланысты болып келеді. «Көмекші етістік өзінің көмекшілік қызметін алдыңғы етістіктің белгілі бір формативімен тіркесіп келгенде ғана атқарады, сондықтан да осы тіркестен туындайтын мағынаны көмекші етістіктің еншісіне ғана беру дұрыс емес», – деп жазады А.А.Юлдашев.
Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық формасын арнайы қарастырған Н.Оралбаева аналитикалық формалы сөзде грамматикалық мағына көмекші етістік пен толық мағыналы сөзге жалғанатын қосымшаның қатысы арқылы пайда болатындығын айтады. Біздің түсінуімізше, бұл тұстағы ғалымның толық мағыналы сөзге жалғанатын қосымша деп отырғаны оның тұлғасы, яғни етістіктерге қатысты айтқанда негізгі етістіктің көсемшенің қай тұлғасында (-ып/-іп, -п; -а/-е, -й; -ғалы/-гелі) келуін меңзеп отырған сияқты.
Аналитикалық форманттар жалғанған сөзге тек грамматикалық мағына үстеп қана қоймай, негізгі сөздің лексикалық мағынасына сәл де болса өзгеріс енгізеді, яғни мағыналық реңк жасайды. Бұл тұжырымды аналитикалық форманттарды арнайы зерттеген Н.Оралбаева да жоққа шығармайды. Ғалымның мына пікірі осыны аңғартса керек: «Аналитикалық формалы сөздің сөйлемде бір ғана лексикалық мағынаны білдіруі, бір сөздің грамматикалық формасы қызметінде қолданылуы оның сыңарларының лексикалық салмағына тікелей байланысты. Аналитикалық формалы сөздің құрамында бір ғана дербес сөз болады, сөйлемді құрастырушы сөз ретінде дербес сөз алынады да, оған тіркескен көмекші сөз оның лексикалық мағынасын өзгерту қызметін емес, оған грамматикалық, лексика-грамматикалық мағына беру қызметін атқарады».
...