Қазақ телевизиясындағы көңіл көтеру, сауықтыру бағдарламалары
Автор: Gulmura42 • Февраль 10, 2018 • Реферат • 17,148 Слов (69 Страниц) • 899 Просмотры
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Ақпарат тасқыны жүріп жатқан қазіргідей уақытта телевизия басқа құралдарға қарағанда оқ бойы озық тұрғаны белгілі. Жұмыр жер жаңалықтарына шолу жасап, хабар таратып, көрерменнің рухани дүниесін байытып қана қоймай, көңіл көкжиегін кеңейтіп, тынымсыз қызмет етуде көгілдір экранның қоғам алдында алар орны мен рөлі орасан зор.
Телевизияның электр қуаты, электромагнитті толқын, радио, фотография, кино сияқты идеялардың заңды жалғасы ретінде өзіндік даму жолы бар. Кітап басу ісінен кейінгі ұлы жаңалық осы идеялардың жаңа сапаға көтерілуі болып табылады. Электронды хабар таратудың дүниеге келуі және тез қанат жаюы адамзат өркениетіндегі жаңа бір кезеңді бастап берді. Ол іле-шала компьютерлі технологиялармен кірігу арқылы жаңғырды. Қазір компьютерсіз қадам баса алмаймыз, кез-келген іс-әрекет компьютерге келіп тіреледі. Телевизия да соның қалың ортасында дамып, бірін-бірі байытып келеді. ХХІ ғасыр цифрлы технология ғасыры, ақпарат ғасыры деген тұжырымдар бекер айтылып жүрген жоқ.
Қазақстандағы телевизияның дамуы бір арна, бағытта болғанымен, өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Әсіресе, біздің нарықтағы көрші Ресейдің телевизиялық экспанциясы әлсіремей отыр. Әлі де болса кезінде дүрілдеген ортақ кеңістіктен кіндігімізді үзген жоқпыз. Ұлттық, өзімізде даярланатын хабарлардың үлесі шамалы ғана. Көбіне эфирді шетелдік фильмдер мен сериалдар, арзанқол аудармалар, болмаса, шетелге еліктеген ток-шоулар толтыруда. Өндірістік циклы өз өнімдеріне негізделген бірде-бір телеарна жоқ. Тіпті, кезінде бір шаңырақтың астында болған ТМД елдерінің барлығы дерлік Ресей телеарналарының ашық эфирде таралуына тосқауыл қойды. Олар Ресей телеканалдарын ақылы жолмен ғана кабельді немесе жерсеріктік жүйе арқылы ғана көреді. Ал, бізде керісінше, соңғы жылдары «31» телеарна ресейліктерге толық сатылып, хабарларының сипаты мүлдем өзгерді.
Қазақ телевизиясындағы осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін қазақи сипаты бар, ұлттық болмысымызға сай бағдарламалар ауадай қажет. Сандық жүйеде телебағдарламалардың біразы дерлік тікелей эфирде өткізілетінін ескерсек, тележурналистикаға жан-жақты дайындық пен озық тәжірибенің қажеттігі байқалады. Кез келген бағдарлама журналистің дүниетанымдық көзқарасын, өзіндік идеясын, ерекше қолтаңбасын айшықтап көрсетеді. Телепублицистикада шығармашылық шеберлігімен көзге түсіп, аудиториясын баурап алатын тұлғалар аз емес. Алайда қазақ телебағдарламаларының сапасына көңіл толмаушылық пікірлер жиі естіліп қалады. Оның бірқатары жоғарыда айтып өткеніміздей ой жұтаңдығы, идеясыздық, көшірме немесе еліктеушіліктен туындаған таптаурын тақырыптарға арналған хабарларға қатысты.
Телевизияның саясат құралына айналғаны да өмір шындығы. Кез-келген саяси іс-әрекетіңіз телевизияның қатысынсыз жүзеге аспайды. Міне, осы тұрғыдан алғанда, теленарықта сөз бостандығын дамытуда журналистер қауымының атқарар міндеті жетерлік. Телевизия саласындағы қордаланған мәселелердің орын алуы мен көңіл көтеру және сауықтыру бағдарламаларының табиғатын таразылаудағы тақырыптың зәрулігі осыдан келіп туындап отыр.
Диплом жұмысының ғылыми жаңалығы – қазақ телевизиясындағы көңіл көтеру және сауықтыру бағдарламаларының жалпы мазмұны мен бағытына, телеэкран мәдениетіне, бағдарлама жүргізушісінің шығармашылық шеберлігін айқындап, дәстүр мен жаңашылдық бағыттарын саралаудан көрінеді. Жұмыста алғаш рет көңіл көтеру, сауықтыру бағдарламаларының берілу пішіндері мен ерекшеліктері анықталады. Журналистің сөйлеу мәдениеті жайлы пікірлер сарапқа салынады.
Ұлттық телевизиялық журналистика тарихында өзіндік қолтаңбасымен танылған С.Әшімбаев, С.Оразалинов, Б.Құсанбек, С.Жанболат, Н.Иманғалиұлы, Қ.Аманжолұлы секілді таланттардың телевизияға әкелген жаңалықтары айқындалады. Телевизия жанрларының ерекшеліктері ескеріле отырып, көңіл көтеру, сауықтыру бағдарламаларындағы тақырып пен проблеманың ашылуы, талдану, тележурналистердің, шығармашылық ұжымның тың ізденістері сараланады.
Диплом жұмысының алдына қойған мақсаты – ұлттық телевизиядағы көңіл көтеру және сауықтыру бағдарламаларының жалпы сипатына, мазмұны мен пішініне баға беру, оларды дамытудың жолдарын қарастыру болып табылады. Осы мақсатқа жету үшін бірнеше міндеттерді шешу көзделді:
...