Интеллектуалды жүйелер адамдардан ақылды бола ма?
Автор: Бану Тажибек • Апрель 28, 2022 • Эссе • 680 Слов (3 Страниц) • 341 Просмотры
Эссе
Интеллектуалды жүйелер адамдардан ақылды бола ма?
Жасанды интеллект – әлемге жаңа төңкеріс алып келетін аса қауіпті әрі аса пайдалы сала. Бүгінгі күннің өзінде оның қамтымаған секторы жоқ. Осыдан он жыл бұрын адам күшін қажет ететін жұмыстарға робот күші жегілген заманға да жеткендейміз. Әзірге роботтың мүмкіндігі пайымдау және сыни ойлау мүмкіндігіне ие емес. Сондықтан роботтар юриспруденция, журналистика және компьютерлік бағдарламалау сынды салаларды игере алған жоқ. Әзірге...
Дегенмен бұл уақыттың еншісіндегі дүние.
McKinsey&Company жасаған болжамға сенсек, 2030 жылға қарай 800 миллион адам жасанды интеллектінің кесірінен жұмысынан айрылуы мүмкін. Алдағы он жылдағы адам санының өсуін ескерсек, бұл жақын болашақтың басты мәселелерінің біріне айналуы ғажап емес.
Мысалы, осыдан шамамен он шақты жыл бұрын ғана автобустарда кондукторлар болатын еді. Қазір ол мамандық иелері келмеске кетіп, орнын техника алмастырды. 2014 жылы америкалық миллиардер Джефф Безос Amazon.com компаниясының жүк тасымалдайтын мыңдаған қызметкерін жұмыстан босатып, оларды роботтармен алмастырды. Қазіргі таңда компанияның қоймаларында жүз мың робот жұмыс істейді.
Одан бөлек, такси қызметін ұсынатын Uber компаниясы жүргізушісіз қозғалатын көлік жүйесін тестілеуден өткізіп жатыр. Егер жоба іске асса, екі миллионға жуық такси жүргізушісі жұмыссыз қалуы мүмкін.
Техника қазіргі уақытта үй шаруасын да шыр айналдырып отыр. Еңкейіп еден жумайсыз, ыдысыңыз да, кіріңіз де жуулы, керек десеңіз машиналар тамақты да дәмді етіп әзірлеп береді.
Ғалымдар жасанды интеллектіге ие роботтардың адам орнына жұмыс істеуіне қауіп ретінде қарамауға шақырады. Есесіне адам баласының шығармашылықпен айналысуына уақыты артады деген аргумент айтады ғалымдар. Болашақта жұмыс сағаты 8-ден 4-ке дейін қысқарып, бір қызметкердің орнына екі маманды жалдау қарастырылуы мүмкін.
Интеллектуалды жүйелер, жасанды интеллект үшінші мыңжылдықтың басты қорқынышына айналып отыр. Іс жүзінде жаһандық ауқымда алгоритмдерді әзірлеу және енгізу барлығымыздың назарымызды аудартып, технологияның бізге артар жүгі де ауырлап барады.
Бірақ бұл жасанды интеллект, технология адам күшін, адамның ойлау қабілетін, адамның ұшқыр қиялын алмастыра алады деген сөз емес.
Қазіргі таңда әлем үшін бірінші орында адами өзара іс-қимыл, ал роботтар тек қана көмекші құрал рөлін атқарады. Яғни, жасанды интеллект адамдардан ақылды бола алмайды.
Қарапайым ғана мысал: сол роботтардың өзін адамдар жасайды, арнайы мамандар компьютерлік жүйелер арқылы ғылымның дамуына үлес қосуда. Жаһандық ауқымда технологияландыру адамзатқа жаппай қауіп төндірмейді және адам еңбегін жедел ауыстыра алмайды.
Автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект бірте-бірте адамды ауыр еңбектен босатып, оларға жаңа жұмыс орындарын құрып жатыр деуге де болады. Жасанды интеллектің жемісін түрлі салада еңбек етіп жүрген мамандар көріп жүр.
Марвин Минский айтып кеткендей, адамның ойлау қабілеті – қоғамның ақылы іспеттес. Біздің ойлау жүйеміз толықтай экожүйені құрайды. Біздің миымыз ойлау функцияларын атқаруға қабілетті: дедукция, индукция, эмоционалды интеллект, абстрактілі және кеңістіктегі ойлау жүйесі, қысқа мерзімге және ұзақ мерзімге жететін есте сақтау қабілеті. Жасанды интеллект жұмысы осыған ұқсас болып келеді. Кейбір салаларда интеллектуалды жүйелердің адамдардан ақылды бола алатыны рас. Кез келген есептеуіш машинаны қолыңызға алсаңыз, жылдамдығы бойынша математиканың данышпанынан да озып түседі. Ал Google ақпаратты іздеу жүйесі кішкене ғана микрофлешкада барлық ақпаратты сақтап, жинап, таратуға қабілетті.
...