Жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларының патологиялық морфологиясы
Автор: Аяла Досжигитова • Ноябрь 7, 2020 • Лекция • 2,398 Слов (10 Страниц) • 619 Просмотры
№ 2 лекция
Тақырыбы: Жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларының патологиялық морфологиясы
1. Жүректің кеңеюі
2. Эндокардит, миокардит, перикардит
3. Атеросклероз, эндоартериит, аневризмалар, варикоздар
4. Лимфаденит, спленит
Жүрек аурулары алуан түрлі және мал патологиясында ерекше орын алады.
[pic 1]
Жүректің кеңеюі – жүрек көлемінің оның қуыстарының кеңеюнен ұлғаюы. Себептері: дистрофия, миокардтың некробиозы және некрозы, артериосклероз, өкпе эмфиземасы, нефросклероз және т.б.
Жүректің кеңеюі барлық ауылшаруашылық малда байқалады, алайда жылқы мен итте жиі кездеседі.
[pic 2]
Миогенді кеңейгенде жүректің қуысы көлденеңінен үлкейеді, папиллярлы еттер мен трабекулалар жалпайып, біркелкіленеді.
Тоногенді кеңеюде жүрек көлденеңінен де ұзынынан да кеңейеді. Жүрек еті гипертрофия салдарынан қалыңдайды.
Жүректің миогенді кеңеюі зілді инфекциялар мен интоксикациялар кезінде, малды жылдың ыстық мезгілінде темір жол арқылы тасымалдау кезінде және таулы жайылымдарда жайылғанда туындауы мүмкін.
[pic 3]
[pic 4]
Жүректің жіті кеңеюі жеткіліксіз жаттықтырылған жануарларға артық жүктеме түскен кезде байқалады.
Жүректің көлемі үлкейеді, барлық қуыстары кеңейіп, қанға толады, оң жақ қарыншаның қабырғасы жұқарады (оң жақ және сол жақ қарынша қабырғасының қатынасы 1:5, 1:6). Папиллярлы еттер, трабекулалар мен сіңір жіпшелері жұқарады; бауырда, өкпеде, бүйректе, көк бауырда веналық қан іркіледі; тері асты және ет талшықтар арасындағы шел, өт қабының қабырғасы домбығады, көкірек және құрсақ қуыстары шеменденеді, жүрек етінде дистрофия, өкпеде - альвеолалық эмфизема байқалады.
Жүректің кеңеюі көптеген мүшелердің іркілмелі гиперемиясын, терінің домбығуын, табиғи қуыстардың шеменденуін тудырады, ал бұл ауру созылмалы өткенде жүрек қақпақшаларының фиброзы, бауыр циррозы, өкпенің қоңыр индурациясы, тері асты шелде ошақты некроздар дамиды.
Эндокардит (Endocarditis) жүректің ішкі қабатының эндокардтың қабынуы.
Эндокардиттер негізінен екінші кезекті үдеріс ретінде инфекциялық ауруларда пайда болады (шошқа тілмесі, ірі қара мал стафилококтық инфекциясы, ірі қара малдың, жылқының, шошқаның стрептококтық инфекциясы, иттің лептоспирозы ж. т. б.)
Эндокардиттер иттің уремиясында, жылқы деляфондиозында да кездеседі. Кейбір улы заттардың әсерінен де туындайды. Қабыну процестері негізінен қақпақшаларды зақымдайды.
Қабыну процесінің орналасуына байланысты эндокардиттің мынадай түрлері бар:
- қақпақшалық (вальвулярлық)
- қабырғалық
- сіңір жіптерінде (хордалық)
- папиллярлық
- трабекулалық
Бұлардың ішінде ең жиі кездесетін - қақпақшалық эндокардит.
Қақпақшалар беті эндотелий торшаларымен жабылған дәнекер ұлпадан тұрады. Әдетте қақпақшалар серпімді, мөлдір, өте жұқа болады.
Морфологиялық тұрғыдан келгенде эндокардиттер 3 құбылыстың қосындысы болып табылады: а) альтерация; ә)гистиоцитарлық реакция; б) тромбтың түзілуі.
Үдеріс ұзаққа созылғанда дәнекер ұлпа өсіп, қақпақшалардың склерозына ұласады.
Қақпақшалық эндокардиттің морфологиясы бойынша 3 түрі кездеседі:
- қарапайым (E. simplex)
- сүйелді тромбоэндокардит
- ойылымды (E. ulcerosa)
1. Қарапайым қақпақшалық эндокардиттің туындауы көбінесе интоксикацияға байланысты. Мәні: қақпақшаға экссудат сіңеді. Осыған байланысты коллаген талшықтары ісінеді, босаңсиды. Қақпақшаның ұлпасында торшалар көбейеді. Қақпақшалар мөлдірлігін, серпімдігін жояды. Кейіннен мұндай қақпақшалар нығыздалады, сұрғылт түсті болады. Жүрек қызметі бұзылады.
...