Қазақстандағы тәуелсіздіктің тарихи алғышарттары: ұлттық мемлекет құру идеяларының кезеңдері
Автор: sanzhar278274 • Март 17, 2022 • Лекция • 1,499 Слов (6 Страниц) • 492 Просмотры
Дәріс №2.
Тақырыбы:Қазақстандағы тәуелсіздіктің тарихи алғышарттары: ұлттық мемлекет құру идеяларының кезеңдері.
1. Патшалық Ресейдің отаршылдық саясатын жүзеге асырушы құрал ретінде қазақ өлкесіне ресей шаруаларының қоныс аудару қозғалысы.
2. Аграрлық мәселенің шиеленісуі. Қазақтардың қауымдық жерлерін экспроприациялау және оның дәстүрлі шаруашылыққа тигізген әсері.
3. Столыпин аграрлық реформасы және оның салдары. XX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы Қазақстандағы этнодемографиялық жағдай.
Дәрістің мақсаты: патшалық Ресейдің қазақ өлкесіне қоныс аудару саясатының мақсаты, кезеңдері, әдістеріне талдау жасау және оның казақ қоғамына тигізген салдарын ашып көрсету.
Дәрістің мазмұны: патшалық Ресейдің өлкені отарлаудағы басты құралының бірі – Қазақстанға Ресей шаруаларын қоныс аудару қозғалысының барысы, кезеңдері және оның әлеуметтік-экономикалық, демографиялық салдарлары қарастырылады.
1. Патша үкіметінің XIX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанда жүзеге асырған әкімшілік реформалары қазақ елінің саяси тәуелсіздігін біржола жойғанымен, бұл реформалар көп ұзамай-ақ патшалық әкімшіліктің қазақ қоғамының ішкі өміріне тереңдеп еніп, оны игеріп алып кетуге әлі де болса әлсіз екендігін көрсетіп берді. Мұны жақсы түсінген патшалық әкімшілік XIX ғасырдың 60-жылдарының орта тұсынан бастап Қазақстанды отарлаудың «ең сенімді» жолына түсті. Ол Орталық Ресей шаруаларын қазақ жеріне қоныс аударту еді.
Патшалық Ресейдің қоныс аудару саясаты бірнеше кезең арқылы жүзеге асырылды. Қазақстан тарихнамасында бұл қоныс аудару саясаты үш кезең бойынша бөліп қарастырылады. I кезең XIX ғасырдың 70-80 жылдар аралығын қамтиды, ол 1889 жылғы 13 шілдедегі жарлық шыққанға дейін созылды. II кезең XIX ғасырдың 90-жылдарынан 1905 жылға дейінгі уақыт аралығын қамтиды. III кезең 1906 жылдан 1916 жылдар аралығын қамтиды. Қазақстанға ресей шаруаларын қоныстандыру XIX ғасырдың 70- жылдарының соңы 80-жылдардан бастап қарқынды жүргізілді. Қоныс аударудың алғашқы кезеңі өз еркімен қоныс аударған шаруалар қозғалысымен анықталып, патша үкіметі өз еркімен қоныс аударғандар жағдайын реттеу мақсатына бірқатар жеке заң-актілермен, нұсқаулар қабылдады. Онда көзделген мақсат – қоныс аударуды үкімет өз қадағауларына алып, оған көмек көрсету болды. Оған алдын ала дайындық шаралары жасалды.
Мәселен, Жетісу облысы әскери губернаторы Колпаковский бастамасы бойынша Жетісуға шаруалардың қоныс аударуы туралы «Уақытша ереже» әзірленді. Бұл құжат 1868 жылдан бастап 1883 жылға дейін күшін сақтады. «Уақытша ереже» бойынша орыс қоныс аударушыларына (ерлерге) 30 десятина жер беру, 15 жылға алым-салық және түрлі міндеткерліктерден босату, 100 сом мөлшерінде көмек беру және басқа жеңілдіктер анықталып, көрсетілді. Қоныс аударған шаруалар жағдайына қатысты оларға жасалатын жеңілдіктер туралы 13 жаңа ережелер XIX ғасырдың 80-жылдарынан дайындалды. Оларда да жаңа келіп қоныс тебушілер үшін берілетін жеңілдіктер сақталды, тек жер мөлшері аздап төмендеді. Айталық, 1886 жылғы дайындалған: «Түркістан генерал-губернаторын басқару туралы Ереже» бойынша 10 десятина (ерлерге) жер беру, қоныс аударушыларды алым-салық және міндеткерліктен 5 жылға босату, кейінгі жылдары алымды тек жартылай төлеу жеңілдіктері сақталды.
Арнайы ереже 1889 жылғы 13 шілдеде қабыданды. Онда қоныс аудару тек Ішкі істер министрлігі және Мемлекеттік мүлік министрлігі арқылы алдын ала шешілуі қажет делінген. Тиісті үлестік мөлшері жергілікті өкімет құзырына берілді. «Ережеде» шаруалардың қоныс аударып, тұрақтайдын аудандары нақты анықталып көрсетіледі: Жетісу, Ақмола және Семей облыстарының аумағына ресейдің европолық аудандарынан көшкен шаруалар көптеп қоныстануы белгіленді. Атамекенінен қоныс аударған шаруаларға қажетінше жерді үлестіру кеңінен жүргізілді. Тек 1885 жылды қоса алғанда, Ақмола облысы қазақтары жерінен 251779 десятина мөлшерінде тартып алынды. Онда 10 740 ер адамы бар 24 қоныс аударушылар бөлімшесі (учаскелері) құрылған еді. Семей облысы бойынша 33 064 десятина егістік жер жергілікті тұрғындар иелігінен алынды. Жетісу облысынан 12 жылда (1868-1880 жж.) 3324 отбасы қоныс аударып, оның 2099 селолық құрылымға біріксе, 1225 отбасы қалаларда тұрақтанды. 1889 жылғы Заң күші Торғай және Орал облыстарына да таралды. Заң қоныс аудару мәселесін үкімет құзырында қалдырды, қоныс аударушылар үшін арнайы рұқсат қағаз қажет болды. Түйіндеп айтсақ, патша өкіметі орыс шаруаларының еркінше қоныс аударуын қадағалап, реттеуді көздеді.
...