Қаратпа құрылымдардың зерттелу көрінісі
Автор: szhan24 • Декабрь 17, 2023 • Творческая работа • 6,346 Слов (26 Страниц) • 158 Просмотры
Қаратпа құрылымдардың зерттелу көрінісі
Тілдік материалдарды зерттеу барысында алдымен А.Байтұрсыновтың еңбегіне жүгінеріміз сөзсіз. Ғалым сөйлем ішінде басқа сөздермен үйлеспей, байланыспай сөйлем маңайында жүретін бұратана сөздердің болатынын тілге тиек ете келіп, олардың екі түрге ажыратқан: «Бір түрі – сөз арасында керек жерінде қыстырыла айтылатын сөздер. Бұлар қыстырма сөз деп аталады.
Екінші түрі сөз бетін біреуге қарата, қадап сөйлегенде айтылатын сөз. Бұлар қаратпа сөз деп аталады». Ғалым одан әрі оқшау сөздің осы түрлеріне мысалдар келтірген: Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда! Сөз тыңдаңыз, әлеумет! Әй, Әлжан, қайда барасың?Құдай, оңда! Оңға баста. Келтірілген мысалдардағы «қызым», «келінім», «әлеумет», «Әлжан», «құдай» сөздерін қаратпа, сөз беті соларға қаратылып айтылып тұр» дейді [8, 286].
Байқағанымыздай еңбекте қаратпа сөзге түсініктеме беріліп, мысал келтірілгені болмаса, қаратпа сөздің мағыналық жағы, қолданылу аясы сияқты ерекшеліктері көрінбейді. Қаратпа сөз мәселесі белгілі түркітанушы С.Аманжоловтың оқулығында да өзіндік орын алды. С.Аманжолов қазақ тіл білімінде қаратпа сөзді екі түрге бөлген жалғыз зерттеуші десе де болады: 1) адамның көңілін жалпы тарату үшін айтылатын қаратпа; 2) адамды бір нәрсеге қолма-қол, көзбе-көз тартатын қаратпа (Әне, міне т.б.). Қаратпаны айтушы субъект объектке шұқшия сөйлейді дей отырып, мынадай мысал келтірген: –Әй, Алтынсарин! – деді ол, - осы мен сені қуып жетем (С.Мұқанов). – Жә, балам, енді сен бері таман кел! (М.Әуезов). Осыдан барып қаратпаға «сөйлемдегі біреуге я бірдемеге ой қаратылып, көңіл я көз тарту үшін айтылатын сөздер» деген анықтама береді. Қаратпа сөздердің тұлғасын төмендегідей 4 топқа топтастырады [9, 84-85]:
1) Қаратпа сөз, көбіне, атау тұлғадағы жалқы есіммен айтылады. Сол сияқты, зат есім мағынасында қолданылған сын есім я есімше де, сілтеу есімдігімен де, одағай сөзбен де айтылуы мүмкін. Мысалы: Мырқал аға, туыс сіздікі, жолдас біздікі (Ә.Әбішев). Солай қымбатты Мария. Революция – ерліктің ісі (Т.Ахтанов). Қарағым-ай, Мекепар антұрғанмен кездесіп қалған соң, бірлесің ғой. Қасынысып, қалжыңдасып тұрып қаласың (Ғ.Мүсірепов). Міне, қандай іс, - деді Ленин есіктің тұтқасынан ұстап тұрып. Қазір телефонды түзеуге монтер табылмас па екен? (А.Толстой). Міне, сол көл осыдан жеті жыл бұрын салынған еді (И.Шухов). Қане, алдымен өз пікіріңізді айтыңызшы? (Ә.Ә.). Савкин (құлағын салып). Ие, біздікі емес. Әне, көріне бастады (Ә.Ә.). Ей, сен өзің не айтпақсың, осы?;
2) Поэзияда сөз тек адамға ғана емес, жан-жануарға да, затқа, жансыз табиғатқа да қаратып айтылуы мүмкін. Мысалы: Арқадан тұрып арыдың, Айналайын, Тарланым! (Ер Тарғын);
3) Қаратпа сөз күрделі түрде бірнеше сөз арқылы айтылуы да мүмкін. Мысалы: Жолың болсын, жас жігіт! – деді ол (Ғ.С.). Құрметті Бубенчик жолдас! Екеуміз қабылдаған міндеттеме үшінші тоқсанда мен тарапымнан қалай орындағанын хабарлаймын («Соц. Қазақстан», 29.Х-1949). Әй, шырағым, балам, әуелі ар жағында әкең тұр. Сәлем бер! (М.Ә.). Ойпыр-ай, қарындасым-ай, кабинетіңе не болып кеткен бұл! (Ә.Ә.).
-О-о, Босан, ат осылай!-
Деп Майданбек өте шықты.
Өмір керек болса осындай,
Тумас дейсің нелер мықты! (Д.Ә. «Майданда»);
4) Қаратпа сөздер мүлде жалғаусыз атау тұлғада ғана кездесіп қоймайды. Олар тәуелді, көптік жалғаулы тұлғада да кездеседі. Мысалы: Қызым, сен де осындай қызмет істеймісің? (Ә.Әбішев).
Біздің пайымдауымызша, зерттеушінің топтастыруында алынған кей мысалдар қаратпа сөз қызметін атқара алмайды. Мәселен, бірінші топтағы төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші сөйлемдеріндегі қаратпа деп берген «міне», «қане», «әне» сөздері қазіргі тіл білімінде қыстырма сөз ретінде танылып жүр. Ол М.Қараев, Р.Сыздықова, Р.С.Әміровтардың еңбектерінде кездеседі. Р.Сыздықова «Бірқатар қыстырмалар тыңдаушының назарын аудару үшін қолданылады. Олардың негізгілері мыналар: айтпақшы, айтқандай, әне, міне (мінекей), кәне, мұның үстіне…т.б.» деп берсе [1, 104], Р.С.Әміров «Үндеу үшін сөйлем құрамында немене, қалай, қане, ал деген сөздер қыстырма ретінде кірігіп қызмет атқарады. Қане үндеу амалы ретінде бұйрық мағыналы сөйлемдердің құрамында жұмсалады» деп, оған мынадай мысал келтірген: Қане, алатын болсаң, тез ал, әйтпесе қазір қалаға жүретін кісілер бар, содан беріп жіберемін [2, 98]. Жетінші сөйлемдегі «әне» сілтеу есімдігі қаратпа сөз емес, қаратпа реңкке ие. Ал үшінші топтағы күрделі деп берген үшінші, төртінші сөйлемдегі мысалдары да күрделі қаратпалардың қызметін атақарып тұрған жоқ. Бар болғаны бір қаратпа сөз бірнеше сөзбен қайталанған. Оған қарап бұл күрделі қаратпа деу дұрыс емес.
...