Қымыздың қасиеті
Автор: microsoft.word • Апрель 5, 2021 • Реферат • 1,167 Слов (5 Страниц) • 559 Просмотры
Қымыздың қасиеті
Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітіргесін, 1990-1999 жылдары сол кездегі Жезқазған облысы, Ұлытау ауданына жолдамамен барып дәрігер қызыметінде болдым. Медициналық тексеріс бойынша елді мекендерді аралағанда байқағаным: ай далада бір үй мал бағып отырса да бие байлап, қымыз дайындап, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын сақтап, дамытып отыратын. Ұлытаудың қазақ халқы үшін мәртебелі, қасиетті болуының бір қыры осыда шығар деп ойлаймын.
Кейбір өңірлерде көп жылқысы болса да, бие байламайды, қымыз дайындамайды, Қымызмұрындықты білмейтіндер де бар. Ал Ұлытау жақта мамыр айында Қымызмұрындықты жылда жасайтын.
Қазақ халқында атадан балаға мұра болып келе жатқан игі дәстүрдің бірі Қымызмұрындық. Ертеде жер аяғы кеңіп, бие құлындап, желіге байланған тұста көптен көріспеген ағайын-туған сағынып, бірін-бірі қымызмұрындыққа шақырысып, мәре-сәре болған. Қымызмұрындық мерекесінде өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып қана қоймай, қыздар билеп, жігіттер білек күшін сынасып, кір тасын көтеріп, арқан тартысып, қазақ күресінен, тоғыз құмалақ, асық ойындары сияқты қазақ ұлттық ойындарынан жарыс ұйымдастырған. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін әр ауылдан жеткізілген сары қымыз¬дың дәмін татады. Тігілген ағаш үйде қазақы дастарқан жайылып, қазақтың ұлт¬тық тағамдары қойылады. Бүгінде қазақ халқының қуатты, мәңгі ел белгісін көрсетер Қымызмұрындық кең далада атап өтуге сұранып-ақ тұр. Оны жұрт¬тың ықылас-пейілінен аңғару қиын емес.
Жалпы жылқы малы төрт түлік малдардың ішіндеғі текті мал екендігін қазақ халқы атам заманнан білген. Жануар судың тұнығын ішіп, шөптің асылын теріп жейтіні белгілі.
Аурудан асқан жан бар ма, Қымыздан асқан дәм бар ма?!– деп Ақтамберді жырау(1675-1768 ж.) жырға қосқан.
Әр бие басынан күніне орта есеппен 10-12 литр сүт алуға болады. Кей биелер 15-17 литрге дейін сүт береді.
Тағы бір ерекшелігі саумал биелерді 8 ай саууға болады, сонда бие басынан 1500-2000 литрге дейін сүт алынады. “Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей суалмас” деген мақал тегін айтылмаса керек. Күтімі келіскен бие тіпті бір жылға дейін сүт береді.
Биенің сүтін саумал дейді. Саумалдың емдік қасиеті мол. Әсіресе, бірінші рет құлындаған, яғни, қулық биенің сүті үлкен биелерге қарағанда әлдеқайда қуатты болады. Саумалды сауған бойда ішу керек: жүз, екі жүз граммнан аз мөлшерден бастап бір литрге дейін үш мезгіл ішуге болады.
Бие сүті микроэлементтерге, А, С, В1 дәрумендеріне бай. Оның минералдық қасиеттері 12 сағатқа дейін жойылмайды.
Саумалды ем ретінде буын ауруларына ішсе тіпті пайдалы. Сал ауруының алдын алады. Жаңа босанған келіншектің сүтін молайтып, нәрлі етеді. Демек, емізіп жүрген балаға да пайдасы зор. Саумал жүрек ауруларын, асқазан жарасын емдеуге, бауыр ауруына, иммундық жүйе жұмысының жақсаруына, туберкулез, ішек, тері ауруларын, аллергияны, қан аздықты т.б. ауруларды емдеуде жиі қолданылады.
Биенің сүтінің құрамындағы «С» дәрумені сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп. Жақында ғалымдар тағы бір жаңалық ашты. Төрт түліктің ішінде биенің сүті ғана альбуминдік(сүттің ерекше түрі) қасиетке ие екен. Демек, бие сүті ананың сүтімен пара-пар деген сөз. Бие сүтінде кездесетін ақуыздар, майлар, көмірсутегілері басқа сүтке қарағанда ерекше болып келеді. Бұл – бие сүтіндегі ғылыми дәлелденген қасиеттердің бір парасы ғана. Ал оның зерттелмеген, ашылмаған тұстары қаншама.
Қымыз — шипалы әрі жұғымды сусын. Сапы қымыз — дертке шипа, денеге күш. Қымыз жылқы терісінен тігіліп, тобылғы түтінің ысы әбден сіңген сабада не болмаса ағаш күбіде ашытылады. Қымыздың ашытқысы “қор” деп аталады. Дәкеге түйген қорды сабаға немесе салып,оның үстіне бір шелектей жаңа сауған салқын саумалды құйып, ыдыстың сыртын жылы орап тастайды. Қор езіліп, саумалға тегіс тарағанда саумалдың дәмі қышқылданады. Сөйтіп жаңа қор жасалады. Жаңа қордың үстіне салқындатылған (әйтпесе қымыз іріктеніп кетеді) саумалды құйып, саумал әр құйылған сайын піспекпен жарты сағаттай пісіп араластырады. Қымыз ашытылатын ыдысқа жылқының сүр қазысы мен семіз жаясын салса, қымыз майлы әрі жұмсақ болады. Әдетте, қымыздың өзінен де май шығады. Ол май қымыздың бетінде қалқып жүреді. Іңірде пісірілген қымызды жылылап қымтап, келесі күні биенің бас сауымы сауылып болғаннан кейін ғана қотарады. Саба мен күбіні аптасына ең кемі бір рет ыстайды. Әжелеріміз күбіні киік отымен ыстаған. Киікоты піскенде оны келесі жылға жететіндей орып, кептіріп алатын болған.
Ескерту: дер кезінде тазартып, ысталмаған ыдыс өңезденіп, қымыздан ескі дәм шығады.
Қымыздан бір күнге жетерлік мөлшерде қотарып алғаннан кейін, оның орнына қайта саумал құйылады. Бұл процесс бие ағытылғанға дейін осылай жалғасады. Қымыз қотарғанда ыдыстың түбінде жетерлік мөлшерде қор қалуы тиіс. Қымыз дайындау шеберлігіне, сүттің сапасына, уақыт мезгіліне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Осыған орай оның аталуы да алуан түрлі.
Уыз қымыз — биені алғаш байлағанда ашытылатны қымыз. Мұны бие бау деп те атайды.
Бал қымыз — әбден пісілген және бойына жылқының майы сіңген бапты жұмсақ қымыз. Мұндайда қымыздың түрі әдеттегідей қымыздан гөрі сары әрі қою болады.
Бесті қымыз — төрт түн асып, ашуы мейлінше жеткен қымыз.
Дөнен қымыз — үш түнегеннен кейін қотарылатын, мейлінше ашуы жеткен қымыз.
Жуас қымыз — үстіне саумал құйып жұмсартылған қымыз. Қымыз аса ашып кеткенше ішуге қолайлы болуы үшін осылай істейді.
Құнан қымыз — екі түнегеннен кейін ғана қотарылатын қымыз. Бұл түнеме қымызға қарағанда күшті болады.
Қысырақ қымыз — бірінші рет құлындаған биенің сүтінен ашытылатын қымыз. Қулық биенің сүті жылда сауылып жүрген сары қарын үлкен билердің сүтіне қарағанда әлдеқайда қуатты болады. Оны әдетте “ту қымыз” деп те атайды.
Қысырдың қымызы — бие ағытылғаннан кейін, жем-шөбі дайын адамдар қысыр биелерді іріктеп алып қалып, қыстай қолда ұстап сауады. Сондықтан да бұл қымызды “қысырдың қымызы” деп атайды.
Сары қымыз — шөп пісіп, биенің сүті қойылған кезде ашылатын қымыз. Жаздыкүнгі қымызға қарағанда қою әрі өңі сары болады.
Сірге жияр қымыз — бие ағытылар кездегі ең соңғы қымыз. Бие алғаш байланып, уыз қымыз ішерде бір той болса, бие ағытылып, сірге жияр қымызды ішерде тағы бір той болады.
Түнеме қымыз — ескі қымыздың үстіне саумал құйылып, келесі күні(тағы бір күн асқаннан соң) қотарылатын қымыз.
Қымыз құрамында 28 түрлі микроэлементтер, көптеген дәрумендер бар. Бұл элементтер бие құнарлы жерге жайылған сайын арта түседі. Қымыздың құрамында жыныс гармондарына жақсы әсер ететін ферменттер көп. Бұл әйелдерді бедеуліктен, ерлерді белсіздіктен қорғайды.
Қуаттандырады. Құрт ауруларының алдын алады, ауырған адамның қайта қалпына келуіне жақсы ықпал етеді. Ашыған қымыз шөлді басып, қантамырды қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Іш қатудың алдын алады. Ашығудан кейін қымыз ішу буын ауруларына өте пайдалы. Адам денесінің күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырды қанықтырады, қан тамырларын тазалайды. Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру(гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың алдын алады немесе жеңілдетеді. Қымыз адамның физикалық жағдайын жақсартады, тәбетін ашады, ас қорытуды жақсартады. Қымызды безгек ауруына және жөтелге қарсы да ішуге болады. Қымызбен емделгенде қан құрамындағы гемоглобин эритроцит көбейеді. Тамырдың соғуы жиілеп, қан айналымы жылдамдайды. Қан тамыры жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады.
Қымызды әр кім шамасына қарай мөлшерімен ішу керек. Тым көп ішкен жағдайда пайдалы ферменттер мен дәрумендер бір-бірімен теріс байланыс орнатып, адамның әлсіреуі мен естен адасуына алып келеді. Ең дұрысы өзіңнің кеңесші дәрігеріңмен ақылдасып саумал, қымыз ішкен жөн.
...