Казак тiл бiлiмiндегi өсiмдiк атауларынын зерттелуiне шолу
Автор: aisulukartaeva • Февраль 2, 2019 • Реферат • 2,816 Слов (12 Страниц) • 655 Просмотры
ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕГІ ӨСІМДІК АТАУЛАРЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІНЕ ШОЛУ
Картаева Айсулу Каныбеккызы
1-курс магистранты
Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ
Ғылыми жетекшісі:
Ф.ғ.д., профессор
Исакова Сабира Сагынбековна
Этнолингвистика – этнос пен оның тілінің сабақтастығын зерттеуден туындаған ғылым саласы. «Бұл, – дейді академик Қайдар Ә.Т., – этнос пен оның тілі арасындағы табиғи тұтастықты саналы түрде сарапқа салып мойындау, «этнос жоқ жерде тіл болмайды, тілсіз этнос болмайды» деген қағиданы нақтылы зерттеуге өзек ету деген сөз» [1,10].
Тіл – қоғамда орын алып жатқан тарихи, әлеуметтік, мәдени, рухани өзгерістердің айнасы десе де болады. Сол себепті де өсімдіктер дүниесі туралы сөз қозғасақ, осы атаулардың ана тіліміздің сөздік қорын тереңдетіп зерттеп, саралап, оның тақырыптық – мағыналық топтарын жіктеу арқылы халқымыздың тіл байлығын, өмірін, кәсіби бірлігін анықтауға болатынын көреміз.
Қазақ халқы өзін қоршаған табиғаттағы өсімдік дүниесіне тым ерте кезден көңіл бөліп қана қоймай, күнделікті күйбең тірліктің ортасында әрбір шөпті танып, анықтап ажыратты. Сондай-ақ өсімдіктің пайдалы – зияндылығын, малға жұғымды – жұғымсыздығын, оның иісі мен түр – түсін, емдік қасиетін айқындай білді [2,84].
Қазақтың ономастикалық кеңістігінде аң, үй жануарларының әлемі өз көрінісін, өз келбетін қалай бере алса, өсімдік әлемі де дәл солай өз бейнесін Қазақстан топономиясында тайға таңба басқандай қалдырды [3]. Қазақ тілінде өсімдік атауларын зерттеген ғалым Б. Қалиев өсімдіктер жөнінде былай жазды: «... өсімдіктерсіз өмір жоқ, олар біздің досымыз; тіршілігімізге тірек, өмірімізге нәр, күнделікті тұрмысымызда көрік. Өсімдіктер: кисең – киім, ішсең – тамақ, жатсаң – төсек, жазсаң – қағаз». Дәстүрлі мал шаруашылығымен шұғылданған қазақ халқы жер бетіндегі өсімдіктер дүниесін тым ертеден бақылап, зер салып, көңіл қойған. Олардың қайсысы қай малға жұғымды екендігін, қай шөп олар үшін пайдалы, қай шөп зиянды (улы) екендігін ажырата білген және өсімдіктердің түр-түсін саралап, әрқайсысына жекежеке ат қойып, айдар таққан [4].
Фитоним – адамзат өміріне қажетті, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан, күнделікті пайдаланылатын, табиғаттағы органикалық құбылыстың атауы. Қай ұлт тілі болса да фитонимдерге бай және бір тілдің ішінде әр өсімдіктің бірнеше атауға ие болуы – адамның танымдық тәжірибесінің нәтижесі [5,3].
«Ботаник ғалымдарымыздың есептеулері бойынша, республикамыздың аумағында алты мыңнан астам өсімдік түрі бар делінеді. Оның 760-ы басқа ешбір жерде өспейтіні де дәлелденген. Демек, қазақ жерінде өсетін барлық өсімдіктің қазақша атауы бар деген сөз.
Он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» бар болғаны 768 ғана өсімдік атауы бар. Соның өзінде кейбіреуі жаңсақ жазылып, атаудың толық мағынасын бере алмайды. Демек, қазақ жерінің көптеген өсімдік түрлері басқа ұлттардың, әсіресе, орыстардың атауымен тұрғаны ұлттық намысымызға сын деп ойлаймын. Аталған түсіндірме сөздікте 67 мың сөз тіркелген екен. Оған басқа жақтан іздемей-ақ өзімізде өсетін өсімдіктердің атауын қоссақ, сөз қорымыз қанатын жайып, қомдана түсер еді.
«Ертеректе Тарбағатай өңірінде өмір сүрген Оспан Бабалықов деген ақсақал өсімдіктің он мыңнан астам түрінің атын атап, түсін түстеп беруші еді»,– деп еске алушы еді күні кеше ғана көз жұмған ғұлама кария Жағда Бабалықов. Осы орайда еріксіз ойға қаласыз. Осыншама өсімдік болмаса соншама атауды сол адам қайдан білді? Оны кезінде ескеріп, қағазға түсіре алмағанымыз өкінішті-ақ. Ағылшындардың сөздік қорында 415 мың, орыстарда 120 мыңнан астам сөз болса, осының аса қомақты бөлігі өсімдіктердің атауымен көркейіп тұрған жоқ па?!» [6], - дейді белгілі емші Сейітқамза Қалиев қазақ емінің рецептері мен Тибет медицинасының негіздерін қамтыған «Емдік рецептер энциклопедиясы» деген кітабында. Кітапта қазақ тіліндегі алуан түрлі дәрілік шөптердің аты аталып, емдік қасиеті көрсетіледі. Сондықтан да бұл еңбек халық емшілігі үшін үлкен қазына ғана емес, қазақтың сөздік қорына көптеген құнды атауларды қосатын сөз қоржыны.
...