Әлеуметтік құрылым және қоғамның стратификациясы
Автор: bazylkhanov • Сентябрь 24, 2021 • Лекция • 5,341 Слов (22 Страниц) • 1,397 Просмотры
4-тақырып. Әлеуметтік құрылым және қоғамның стратификациясы
1. Қоғам және оның әлеуметтік құрылымы
2.Стратификация әр түрлі топтар арасындағы теңсіздік ретінде.
3. Әлеуметтік стратификация теорияларына қысқаша шолу (К. Маркс, М. Вебер).
4. Әлеуметтік стратификация формалары (П. Сорокин).
5.Әлеуметтік мобильділік. Көлденең және тік мобильділік.
6. Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік стратификация сипаты
Дәріс мазмұны:
1. Қоғам және оның әлеуметтік құрылымы
Қоғам – бұл әлеуметтанудың басты категориясы, негізгі зерттеу объектісі. Күнделікті өмірде ол әр түрлі мағынада қолданылатын абстрактылы ұғым. Өте кең мағынасында қоғам – адамдардың бірігіп өмір сүру нәтижесінде қалыптастырған адамзаттың біртұтас ұйымы. Қоғам – өзіне тән элементтері бар, уақыт пен кеңістікте шектелген біртұтас әлеуметтік организм.
Қоғамды адамдар қауымдастығы құрайды, бірақ қоғам адамдардың кез-келген механикалық жиынтығы емес, керісінше, ол адамдардың тұрақты өзара ықпалы мен өзара әрекеттерінің негізінде құралатын бірлестік.
Әлеуметтану тұрғысынан қоғамға анықтама беретін болсақ, онда қоғам дегеніміз өздерінің қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатындағы адамдардың өзара байланыс пен өзара әрекетінің қалыптасқан формаларының тарихи бірлестігі, өзін-өзі өндірумен, өзін-өзі толықтырумен, өзін-өзі реттеумен және өзін-өзі дамытумен сипатталатын, сондай-ақ, адамдардың өзарабайланысы мен өзараәрекетінің негізі болатын ерекше әлеуметтік нормалар мен құндылықтар жүйесі қалыптасқан, мәдени деңгейі жоғары біртұтас әлеуметтік жүйе.
Қоғам уақыт пен кеңістікте үздіксіз өзгеруші күрделі және көпқырлы жүйе ретінде қоғамның тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ететін әртүрлі байланыстағы және әртүрлі деңгейдегі элементтер жиынтығынан тұрады. Жүйе ретінде қоғамды құрап тұрған оның элементтеріне :
- жеке индивидтер, әлеуметтік топтар, таптар, қауымдастықтар ;
- әлеуметтік институттар мен ұйымдар;
- әлеуметтік қатынастар мен нормалар, құндылықтар;
- әлеуметтік әрекеттер мен байланыстар;
- қоғамда орын алып жатқан барлық әлеуметтік құбылыстар мен проблемалар жатады. Бұлардың әрқайсысы бір-бірімен өзара байланыста әрекет ете отырып, қоғамда өз рөлдерін атқарады.
Әртүрлі тарихи және табиғи жағдайларға тәуелділігіне байланысты қоғамның ұйымдасу деңгейі әртүрлі болып келеді. Оны шартты түрде былай түсіндіруге болады:
- Ең жоғарғы деңгейде тұтастай қоғам өзі тұрады;
- Ал орта деңгейде ұзақ уақыттар бойы қоғамның тұрақтылығын сақтаушы мемлекет, отбасы және неке, ғылым, дін, саясат пен құқық, мораль сияқты әлуметтік институттар, ұлт, халық, тап, топ сияқты адамдардың әлеуметтік қауымдастығы тұрады;
- Төменгі деңгейде адамның индивидуалды әлемі тұрады.
Сонымен қатар, қоғам өз ішінде мынандай жүйелерден тұрады:
- Экономикалық жүйе – қоғамның материалдық және шаруашылық саласы;
- Саяси жүйе – қоғамды және мемлекеттік істерді басқару саласы;
- әлеуметтік жүйе – этникалық, ұлттық, мәдени және діни қатынастар мен байланыстар саласы.
Қоғамның өзіне тән әлеуметтік құрылымы бар. Әлеуметтік құрылым - әлеуметтік жүйедегі элементтердің тұрақты байланысы. Ол элементтер – белгілі мәртебесі бар және белгілі роль атқаратын жеке адам, ал осы жеке адамдар мәртебелік белгілеріне сәйкес топқа бірігеді: әлеуметтік, территориялық, этникалық, ұлттық, демографиялық, таптық, топтық, т.б. Осы әлеуметтік құрылымның әрбір элементі өз тарапынан өзінің байланыстарына, қызметіне қарай күрделі элементтік жүйе болып табылады.
...