Новелла жанрының шығу тегі мен генезисі
Автор: ZHaberke • Май 3, 2022 • Анализ книги • 2,183 Слов (9 Страниц) • 567 Просмотры
Новелла жанрының шығу тегі мен генезисі
Л.Н.Гумилев атындағы Еуроазия ұлттық университетінің 2 курс магистранты
Тәжібай Ж.С
Ғылыми жетекшісі: Сағынадин Г.С.
Әдебиеттің негізгі категориялары: эпос, лирика және драма өзгермейді, бірақ әдеби даму барысында олардың жанрлық мазмұны өзгеріп, жанр шеңберлерін, жанрлардың иерархиясын, олардың бір-бірімен арақатынасын жаңа бағалауға мәжбүр етеді. Кезінде әдеби құбылыстарды зерттеу әр жанрдың сапалық компоненттерінде ғана емес, сонымен бірге қалыптасқан сандық көрсеткіштерінде де өзгерістерге әкелді. Бұл ең алдымен, шағын жанрларға қатысты. Осы ретте көптеген теориялық еңбектерде әңгіме мен новелланың жанрларының нақтылану мәселелері көрініс табуда. Сонымен, зерттеуші В. П. Скобелев келесі анықтаманы береді: "әңгіме (қысқа әңгіме) көркемдік уақыт пен кеңістікті ұйымдастырудың қарқынды түрі батырды сынау, тексеру жүзеге асырылатын іс-әрекеттің центрипеталды жинақталуы немесе бір немесе бірнеше біртекті құбылыстың көмегімен кез-келген әлеуметтік маңызды құбылыс жағдай, сондықтан оқырман назарын актердің өміріндегі шешуші сәттерге аударады немесе жалпы құбылыс. [1].Новелла – өз дәуірінің келелі мәселелерін көтере алатын, зейін қойып оқуға тұратын жанр.
ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде де новелла жанры тез бой түзеп, шымыр новеллалар жазыла бастады. Бұл кезеңде қазақ новеллистикасының көгіне шарықтап Б.Майлин шықты. Қазақ әдебиетінде новелла жанрының зерттеліп, ғылыми тұрғыдан пайымдалуы да көңіл көншітпейді. Неміс ағартушысы Гете «бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген тамаша оқиға туралы шындыққа сыйымды әңгіме» деп таныған жанрдың расында да әңгіме жанрымен арасындағы шек-жігі айқындалмай, әңгіме жанры басымдылық танытты. Күні бүгінге дейін новелла жанры қалыс қалып, қағажу көріп, әңгіме жанрының көлеңкесінде қалып келе жатқаны жасырын емес. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы басты теориялық еңбектерге шолу жасап өткеннің өзінде новелла жанрының теориялық тұрғыдан бағалануы, жанрлық ерекшеліктерінің саралануы, тарихы, дамуы сынды мәселелер көңіл көншітпейді. Новелла жанры жөнінде ғалым А.Нұрқатов «Шағын жанр туралы» (1957), «Әңгіме жайын сөз еткенде» (1960); Н.Ғабдуллин, М.Дүйсеновтер мақалаларында бірлі-жарым ой айтылады. Бірақ 17 олар новелланың жанрлық ерекшелігін толық талдап, көкжиегін белгілеп, жазушылар алдына тарта алған жоқ. Новелла жанрының барлық жазушы шығармашылығында болуы міндетті болмаса да, өскелең әдебиеттің қай-қайсысында болса да қағажу көріп келе жатқан осы жанрдың тағдырына алаңдаушылық танытып, оның қазақ әдебиетінде кенжелеп қалу себебін анықтауға талпыну керек. Жазушыға қай жанрға қалам тартуын деп ешкім кесіп айта алмайды. Қай жанрды таңдап, жазу керектігін, өмірлік құбылыстың мәні мен маңызын суреткер өзі айқындайды. Дегенмен, зерттеуші М.Алтынбекованың пайымдауынша, негізгі себеп – зерттеушілер мен әдебиеттанушы ғалымдардың бұл жанрдың табиғатына аз көңіл бөліп, новелладағы шеберліктің нәзік, күрмеуі мол шешілмеген мәселелерін назардан тыс қалдыруында болып табылады. Зерттеуші ғалымдадыңаталған жанр ерекшеліктері мен қасиеттерін жіті қарастырып, талдап, таразылап, мәні мен сәнін көрсете алса,қаламгерлеркелер күнібұл сұлу да өткір жанрды еркін игеріп, мықты новеллалар тудыратындығына үлкен сенім білдіреді. Осымен новелла жанрының теориясы мен болашағына, дамуына қатысты қазақ әдебиеттану ғылымында айтылған ой, ғылыми пікір ұзақ уақытқа дейін айтылмай, үзіліп қалды деуге болады. Әдебиеттану ғылымының көшбасында тұрған Қ.Жұмалиев, З.Қабдолов сынды теоретик ғалымдар еңбегінде де бұл жанр жөнінде тұшымды ой, ғылыми пікір айтылмаған.[2] Теоретик ғалым З.Қабдолов «Сөз өнері» еңбегінде новелла жанры жайында бес сөйлеммен ғана жалпыға ортақ ақпарат берумен шектеледі. «Біз новелланы эпостың шағын түріндегі даму сырларын қатерге алғандықтан ғана атап отырмыз. Әйтпесе, новелла біздің дәуірімізде көркем әңгімемен ұласып, екеуінің ара жіктері жойылып бара жатыр. Әдебиет білімпаздарының бірқатары тіпті бұл екеуін бір-бірінен айыра қарауға қарсы, екеуін бір нәрсе деп түсіндіреді. Сондықтан біз кей реттерде новелланың жанрлық ерекшеліктері болып көрінетін сюжеттегі оқшау шиеленіс, оқыс шешім сияқты жайттарға арнайы тоқтап, айрықша мән бермей-ақ көркем әңгіме мәселесін пайымдауға көшеміз» деп, табиғаты жағынан бір-біріне етене жақын келетін әңгіме жанрына қарай ойысып кетеді. Біздіңше, адамзат баласының өміріндегі ең бір маңызды кезең, санасын дір еткізіп, жарық түсірген тарихи кезең – Ренессанс дәуірінде туып, қалыптасып, жалпы халық, қоғам емес, жеке адамдар басындағы оқыс, оқшау оқиғалардан туған новелла жанрының әдебиет тарихында өзіндік орны бар. Оның ең негізгі ерекшелігі де осында, ол жеке адамның басындағы жағдайға мән береді, әрбір адамның дара тіршілігі, іс-әрекеті, басынан кешкен оқшау оқиғалары мен кездейсоқ құбылыстарға мән беріледі. Шындығында әңгіме ғана емес, новелла – қиын жанр. Адам өміріндегі ең бір елеулі, оқшау оқиғаны таңдап алу да авторға оңай емес. Екіншіден сол оқшау оқиғаның өзі оқырман мүлде күтпеген финалда шешім табуының өзі қиыннан қиыстыруда талап ететін дүние. Көлемі шағын дүниенің ішінде осынша талаптарды орындау автордан жинақылық, шеберлікті ғана емес, ерекше логиканы, ұшқыр ойлылықты талап етеді. Және новелла бір оқылғаннан кейін оқырманына ұмытылмастай әсер ету керектігі де үнемі автордың басты назарында болып отырады. «Әдебиеттану.Терминдер сөздігінде» бұл жанрға: «көлем жағынан әңгімеге теңдес прозалық шығарма, кейде өлеңмен жазылады. Новелланың әңгімеден айырмасы – онда әдеттегіден тыс, өзгеше жағдай, ғажайып оқиға баяндалады. Оқиға желісі таң қаларлықтай қызықты етіп өріледі және тосын, күтпеген жерден аяқталады. Қазақ әдебиетінде новелла жазу дәстүрі С.Ерубаевтан басталады» [35,253] деген анықтама беріледі. Новелланың теориялық анықтамасына берілген анықтамаға қосыламыз, ал қазақ әдебиетіндегі новелла жазу дәстүрінің кімнен басталатындығы тәуелсіз ел әдебиеті тұрғысынан жаңаша бағытта қарап, бағамдауды қажет етеді. «Қазақ әдебиетінде новелла жазу дәстүрі С.Ерубаевтан басталады» дегенді асығыс айтылған пікір деп санаймыз. Мұндай пікірдің әдебиетімізде қалыптасуына новелланың жанрлық ерекшелігі әлі күнге біз ізге түсіп, талданбағандығы себеп болып отыр. Новелла мен әңгіме жанрының бір-біріне ұқсамайтын, бірін-бірі қайталамайтын жанрлық ерекшеліктері өмірдің өзіндей анық. Новелла көп уақыттан бері жазушыларды қызықтырып келгенімен, әлі күнге дейін өзіндік шек-жігі ажыратылып, айқындалып, жанр жөнінде келісілген, қалыптасқан ортақ ұғым жоқ. Тіпті, кей зерттеушілер әңгіме мен новелланың жанрлық айырымын көрсетудің қажеті жоқ деп санайды. Мәселен, Е.Мелетинский өзінің 18 «Новелланың тарихи поэтикасы» еңбегінде «мен новелланың әңгімеден айырмашылығын айырып көрсету маңызды деп санамаймын» [36] деп жазады. Новелла көлемі жағынан әңгімемен шамалас, повестен ықшам, суреттеу сипатында келетін прозалық жанр. Көлемі жағынан әңгімеден шағын келетін новелла түрлері де кездеседі. Новеллаға өткір сюжет, қысқалық, шешімнің күтпеген жерден болуы, мазмұндау стилінің бейтараптығы тән. Бұл жанрда қатысатын кейіпкерлер саны шектеулі (екі-үш), адам өміріндегі маңызды оқиғаның төңірегіне құрылатын болғандықтан, сюжеті өткір, шымыр, шиеленісті болып келеді. Оқиғаның түйіні күтпеген жерден, тосын болады. Жанрлық ерекшелігі бойынша новеллада бір ғана оқиға өріс алады, оның өзі өткір мәселе болуы тиіс. Көп жағдайда символика элементтері кездеседі (әсіресе шығарма атауында). «Новелланың әңгімеден басты айырмашылығы – сюжетінің күштілігінде, оқиғасының қоюлығында, адам өмірінде сирек кездесетін қызықты оқиғаға құрылып, сөз өнерінде тапқырлық көрсетуінде, образдарының қайралған өткірлігінде» [8,144]. Новеллада көпсөзділік, кейіпкердің оқырманды жалықтыратындай ұзақ монологы кездеспейді. Зерттеуші С.Асылбекұлы новеллаға «елгезек жанр» деген баға береді. Қаламгер М.Мағауин новеллистикасының көркемдік диалектикасын жан-жақты талдай отырып, ғалым новеллаға «прозаның осы көлемі шағын болғанымен, оқырманға айтар ойы мен сезіндірер сезімін экспресше заулаған замана ағымынан қалыспай, уақыт пен мезгілдің тыныс-тіршілігін іле-шала суреттеп беріп отыратын елгезек жанр» [37,97] екенін танытумен қатар, оның ерекшелігін де ашып көрсетеді. Новелланың бойында болмайтын қасиеттер қатарында баяндау, лирикалық шегініс түріндегі автордың баға берулері, тақырыптың көпмағыналылығы сынды нәрселерді айтуға болады. Мұнда астарлы ой, подтекст болмайды, бәрі анық, көзбен көріп, қолмен ұстағандай. Басқа жанрлардағыдай бірнеше проблеманың орын алуы да новелла жанрына мүлде жат. Психологизм берілмейді, әрекеттің өзі баяндалады, нақтылай айтқанда кейіпкер әрекетінің мотиві баяндалмайды. Бірақ, бүгінгі таңда новелланың жанрлық сипаты өзгеріске ұшырап, психологизм элементтері дендеп енгені жұмыс барысында тарқатылып айтылады. Новелла мысал, анекдот сынды шағын фольклорлық жанрлардың комбинациясы мен дамуының нәтижесінде пайда болған. Анекдоттан айырмашылығы сюжетінің комикалық жағдайға емес, сентименталдық немесе көп жағдайда трагедияға құрылуында болса, мысалдан айырмашылығы аллегория мен ақыл-өсиеттің айтылмауында деуге болады. Ал ертегіден айырмашылығы новеллада қиял-ғажайыптың кездеспеуімен айқындалады. С.Ерубаевтың қиял элементтері кездесетін «Келесі соғыс туралы» атты новелласын зерттеуші Т.Кәкішев «қазақтың ғылыми қиялының шырқау биігі» ретінде таныған. Аталған новелла ол қазақ әдебиетіндегі ғылыми фантастиканың алғашқы туындысы ретінде бағаланады.
...