Мінәжат жанрының ортағасырлық әдебиеттегі даму ерекшеліктері
Автор: assemok • Ноябрь 1, 2018 • Реферат • 6,985 Слов (28 Страниц) • 853 Просмотры
Мазмұны:
- Кіріспе
- Негізгі бөлім
- Түркі әдебиетінде мінәжат жанрының қалыптасуы
- Мінәжат жанрының ортағасырлық әдебиеттегі даму ерекшеліктері
- Қазіргі қазақ поэзиясындағы мінәжат сарынының көріністері
- Қорытынды
- Пайдаланған әдебиеттер
Әдебиеттану ғылымындағы күрделі де көп анықтамалы ұғымдардың бірі – «жанр» термині. «Жанр» ұғымы аясында әдебиеттің эпос, лирика, драма секілді ірі тектерінің де, олардың ішкі құрамдас бөліктері болып табылатын жанрлық түрлердің де қамтылатыны белгілі. Шығыс әдебиетіндегі жанрлар теориясын зерттеген белгілі әдебиеттанушы И.В.Стеблеваның пайымдауынша, «жанр» ұғымы белгілі бір дәуірдегі белгілі бір мазмұн мен тұрақты түр белгілерін қамтитын, поэтикалық біртұтас жүйесі бар мәтіндер тобын біріктіреді . Өзгермелі тарихи категория ретіндегі «әдеби жанр» ұғымының ерекшелігін айқындай түсетін кезекті анықтаманы татар ғалымы А.М.Шариповтың «Зарождение системы стихотворных жанров» атты еңбегінен кездестіреміз: «Жанр складывается веками, непрерывно изменяется, трансформируется согласно художественно-эстетическим требованиям каждой эпохи и каждой отдельно взятой национальной литературы, и, прожив долгую жизнь, если нет в нем потребности, он может и угаснуть» . Аталған ерекшеліктердің барлығын дерлік қамтитын төл әдебиетіміздегі бірегей құбылыстардың бірі түркі халықтарының әдебиет тарихында елеулі із қалдырған мінәжат жанры болатын.
Адам баласының өзін жаратушы Құдіретке, тылсым күш иелеріне жалынып-жалбарынуы, жәрдем тілеуі – оның болмысында бар қасиет. Сондықтан мінәжат сөздері мен жырларының адамзат қоғамының алғашқы дәуірінде-ақ пайда болғаны күмән тудырмайды. Қазақ фольклорының ең көне үлгілерінде кездесетін Тәңіріге жалбарыну, рухтардың желеп-жебеуін, тылсым күш иелерінің жарылқауын тілеу мәніндегі шумақтарды мінәжат жырларының ауыз әдебиетіндегі алғашқы нұсқалары ретінде қабылдауға болады. Белгілі жазушы, әдебиет зерттеушісі М.Әуезов «Әдебиет тарихы» еңбегінде алғашқы діни наным-сенімдердің туындауы туралы айта келіп: «Табиғат басшысын қадірлеу, құдайға дұға оқып, жалбарыну әдеті туады. Сонымен жалғас ең әуелгі әдебиет жұрнақтары шығады. Құдайға дұға айтып шұбыртқан тақпақ өлеңдер шығады» деп жазады . Өз заманының ыңғайымен терістеу және үстірт пікір білдіргенімен, автор осы тұжырымы арқылы мінәжат жырларының тамыры қаншалықты тереңге кететінін меңзеп, әдебиетіміздегі алғашқы сүрлеуді салды. Ал әдебиеттанушы ғалым Х.Досмұхамедов халық әдебиетінің бір түрі ретінде өсиет өлеңдерді атай отырып, оларға мінәжатқа тән мазмұндық ерекшеліктерді теліген .
Ислам дінінің енуімен бірге төл әдебиетіміздегі сыйыну мәнді жырлар ислами реңкке ие болып, «Аллаға мінәжат» ұғымының аясына топтасты. Әлем әдебиетінің ежелгі нұсқаларында жиі кездесетін гимндер де мадақ пен мінәжаттың біріккен түрі әрі алғашқы бастау-көрінісі болып табылады. Сондықтан кез келген ұлт әдебиетіндегі мінәжаттың даму жолы сол әдебиеттің алғашқы үлгілерінен бастау алып, бүкіл өн бойына созылып жатқан құбылыс десек, қателеспейміз. Ал жазба әдебиеттің біртұтас, тұлғаланған жанры ретіндегі мінәжаттың шығу төркіні исламдық араб поэзиясынан бастау алады. Басқа да бірқатар шығыстық жанрлар секілді исламдық мазмұндағы мінәжат түркі жазба әдебиетіне парсы поэзиясы арқылы сатылай енген. Әдебиеттанушы И.Жеменей парсы әдебиетінде «мінәжат» сөзінің бес түрлі мағынасы бар екендігін көрсетеді: 1. Біреумен сырласу, сыбырласу. 2. Алламен сырласу. 3. Біреудің ішкі ойын ұғыну. 4. Сырласу. 5. Алладан тілеу .
Қазақ әдебиетіндегі мінәжат жанры туралы алғашқы толымды анықтама төл әдебиеттануымыздың негізін салушы А.Байтұрсынұлы қаламына тиесілі: «Діни дәуір мұңды-зарлы өлеңдеріне «мінәжат» деп ат қойған. Әуелде «мінәжат» деп ғұламалардың Құдайға айтқан зары, арызы, наласы айтылған. Бара-бара зарлық, мұңлық мағынасына айналып, зарлық өлең сияқты сөздер де «мінәжат» деп аталатын болған» . Осы тұжырымнан кейін ғалым өз өлеңін «Мінәжат» деп атаған Сейдахмет ақынның жырынан үзінді келтіреді:
...