Ажалмен күрескен аңыз адам
Автор: nurs98 • Май 19, 2018 • Доклад • 1,482 Слов (6 Страниц) • 912 Просмотры
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты
Қазақ және орыс филологиясы факультеті
Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы
Мақала
Тақырыбы: Ажалмен күрескен аңыз адам.
Орындаған: Алпысова Н.С., Сәкен Ж.Н.
Тексерген: Ерманова С.Б. аға оқытушы.
2016 жыл
Қорқыт ата – атақты ақын, асқан күйші, аңыз кейіпкері. Аңыз демекші, ел аузында Қорқыт жайлы аңыз-әңгімелер көп сақталған. Ертегі, өлең, дастан түрінде де кездеседі. Олардың ішіндегі елеулілері: «Қорқыттың өлімге қарсы тұруы», «Қорқыттың өлімнен қашуы», «Қорқыттың өлімі», «Қорқыттың әзірейілмен алысуы», «Қорқыт және қырық қыз», «Қорқыт әулие», «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны» және «Қорқыт туралы аңыздардың бір түрі». Қорқыт туралы қазақтың мұндай қызық аңыз-әңгімелеріне назар аудармаған бірде-бір ғалым, жазушы, әдебиетші, этнограф, суретші, тарихшы, жинаушы жоқ шығар [1; 31-бет].
Қорқыт жайында айтылатын әңгімелердің сюжеті біреу-ақ: Қорқыт бірде жатып түс көреді. Түсінде бейтаныс кісілер көр қазып жатады. – «Бұл кім үшін қазылып жатқан көр?» - деп сұрайды. «Қорқытқа қазып жатырмыз» деп жауап береді аналар. Шошып оянған Қорқыт өлімнен қашып құтылмақ болады. Сөйтіп ол дүниенің төрт бұрышын аралайды. Бірақ барлық жерде өзіне қазылып жатқан көрді көреді. Ажалдан қашып құтыла алмайтынына көзі жеткен Қорқыт енді жер ортасы – Сырдарияға, өзінің байырғы мекеніне қайтып келеді. Ажал кенеттен келіп қалмасын деп, ол өзеннің ортасына кілем төсеп, өзі жасаған қобызды тартып, өмір сүре береді. Бір күні әбден қалжыраған ол қалғып кетеді. Сол мезетте ажал жылан түрінде келіп, оны шағып өлтіреді [2; 433-бет].
Бұл сюжет те ерте заманнан пайда болған. Мәселен, ол әзірше, ең көне деп саналатын, тіпті, әйгілі «Илиада» мен «Одиссеядан» біржарым мың жас үлкен «Гильгамеш туралы жырда» философиялық тұрғыдан өлім мен өмірдің күресі, адамның мәселесі ретінде, көркем түрде әңгімеленген.
Қорқыт аңыздарындағы Қорқыт, ақыр аяғында өз мекеніне – Сырдария жағасына оралады. Бірақ мұндағы саяхат басқа себептерге байланысты жасалады: өлімнен құтылу үшін. Бұл себеп кейінгі дәуір адамдарының өмірі мен өлімі туралы түсініктері негізінде қалыптасқан.
Қазақ аңыздарындағы Қорқыт өлімнен қашып, бүкіл Ғарышты аралайды. Мысалы, ең алғаш түскен тексте былай делінеді: «Түсінен шошыған Қорқыт ажалдан құтылу үшін ертеңінде дүниенің екінші шетіне көшіп кетеді. Мұнда ол баяғы түсті тағы көреді. Таң атысымен ол тағы да жолға шығады. Не керек, әулие осылайша түсінен шошып, дүниенің төрт бұрышын түгел аралап шығады. Не істерін білмей түңілген ол жердің ортасына бармақ болады. Жердің ортасы Сырдың жағасы екен, қазірде Қорқыттың моласы тұрған жерде екен» [2; 468-бет].
Ал, 1899 жылы жарық көрген әңгімеде бұл жағдай былайша баяндалады: «Қорқыт ертемен өзінің желмаясына мініп алып, дүниені бір бұрышы батысқа (мағрибқа) сапар шегеді. Ондағы үміті – өлімнен құтылу. Қорқыт желмаясын кері бұрып, дүниенің басқа бұрышына – жүнібке татады... Қорқыт желмаясын дүниенің үшінші бұрышына – шығысқа (машрихқа)... Онан шығып дүниенің төртінші бұрышына – солтүстікке (шамалға) бет бұрады. Онда да сол өзіне мола қазып жатқан кісіге ұшырасады.
Енді оған жоғарыдан мынандай хабар келеді: «Кері қайт, ақымақ, өзің шыққан жерге бар, егер де менен құтылам десең. Сол жерде мәңгілікке тыныш табасың. Өзің бұрын мекенің – дәл жердің ортасы, басқа жерден гөрі сонда саған жақсы болады...».
Сонымен Қорқыт бұрынғы жеріне, Сырдарияның жағасына оралуға мәжбүр болады. Сол жерден Әзірейілге өз еркімен жанын береді [2; 510-бет].
Бізге жеткен деректердің бәрінде осылай: Қорқыт өлімнен қашып, дүниенің төрт бұрышын шарладайды, бірақ құтыла алмасын біліп жердің ортасы деп Сырдарияға қайтып келеді.
Қорқыт жайындағы әңгімелерді дүниненің төрт бұрышы, жердің ортасы болуы, оның Сырдарияда орналасуы, кейіпкердің осы жер ортасына келуі және Сырдарияда тыныштық табуы, судың ортасынды ұзақ уақыт өмір сүруі, оның тұңғыш қобыз жасауы, күй тартуы, - міне, осының бәрі ежелгі рулық қауым адамдарының Космос төрт бұрышты болады, оның ортасы болады, сондай-ақ Космос үлкен өзен түрінде де болады, өзен бірнеше әлемді біріктіріп тұрады және әлемнің біраз нәрсесін, өмір салтын жасампаз қаһарман жасап, қалыптастырған деген өте көне мифологиялық дүниетанымы мен түсініктерінің қалдықтары, бұлыңғыр іздері.
...