Әбу Насыр әл-Фараби «Музыканың ұлы кітабы»
Автор: Зияуддин Асен • Октябрь 11, 2021 • Реферат • 1,258 Слов (6 Страниц) • 925 Просмотры
Араб, парсы тарихшыларының айтуынша, Фараб қаласында заманында Шығыстағы аса бай кітапхана болған. Демек, әл-Фараби бабамыз білім бастауын өзінің туған жерінен алған деуге толық негіз бар.
Әбу Насыр әл-Фараби «Музыканың ұлы кітабы» еңбегінде өз елі, жұрты, мәдениеті жайлы деректер қалдырғаны белгілі. Туған қаласынан білім бастауын алған Фараби Хорасан, Самарқан, Бұқара, Хиуа және Шығыстағы мұсылман әлемінің біраз жерлерін аралаған, кейін Бағдатта тұрған. Мысырда да болғаны, түркі, араб, парсы, грек, тағы басқа бірнеше тіл білгені туралы айтылады. Өмірінің соңғы жылдарын Каирде, Дамаскіде (Шам) өткізген. Адамзаттық өркениетте ерекше орны бар ежелгі грек ғылымы мен философиясының кемеңгерлері Пифагор, Аристотель, Евклид, Птолемей мұраларын меңгеріп, одан әрі дамытқан. Дүние жүзіндегі барлық ғалымдардың бірінші ұстазы (муғаллим ауал) Аристотель деп, екінші ұстаз (муғаллим сани) Әбу Насыр әл-Фараби деп мойындаған.
Әл-Фарабидің ХХ ғасырда қазақ қоғамына қайта танылуында ғұлама Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машанидің еңбегі зор. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары академик Қ.Сәтбаев А.Машанидің әл-Фараби туралы зерттеулеріне үлкен қолдау көрсеткен. Кувейт елінің ғылыми журналына жариялаған еңбектің ғылыми мәйегіне сүйсінген араб ғалымдары Машанов деген тегін әл-Машани деп жазған. А.Машани 1958 жылдан бастап Лондон, Каир, Париж, Берлин, Лиссабон, Бейрут, т.б. қалалардың ең ірі кітапханаларына хат жазып, әл-Фарабидің шашырап жатқан мұраларын жинастырып, бірқатар еңбегінің библиографиясын тауып алады. 1961 жылы әл-Машанидің республика Ғылым Академиясы хабаршысының №5 санында «Әл-Фараби және оның мұралары» деген алғашқы мақаласы жарық көреді. Бұған дейін әл-Фараби туралы ешкім айтпаған еді. 1962 жылы «Білім және еңбек» журналының бірінші санында жарияланған әл-Машанидің мақаласында әл-Фарабидің қазақ топырағынан шыққаны тұңғыш рет айтылды. Бұл әлем зиялыларының көзқарасында өзгерiс тудырған тосын жаңалық еді.
Әл-Фарабидің Отырардан шыққан қазақ-қыпшақ перзенті екендігіне көз жеткізіп, бұлтартпас дәлелдермен ресми мойындатқан А.Машани «Ұлы ұстаз» атты еңбегінде: «Әл-Фарабидің туған жері Сырдария бойындағы Фараб екенін дәлелдеп жазып, картаға түсірген атақты ғалым ибн-Хаукал. Ол өзінің «Китаб Масалик уа мамалик» аталатын географиялық еңбегінде Түркістан аймағының сипатын берген, қалаларын картаға түсіргенде әдейі арнайы тоқтап «Бұл жер атақты ғұлама, асқан философ әл-Фарабидің туған жері» деп жазған. Ибн Хаукал әл-Фарабидің шамалы кіші замандасы және екеуі бірін-бірі жақсы білген, екеуі де Сирияның сол кездегі әмірі Сайф-ад-Даула сарайында қызмет еткен. Ибн-Хаукалдың сол кездегі жасаған картасы біздің қолымызда. Оны қазіргі картамен салыстырғанда, ғажайып дәлдікті көреміз. Демек, әл-Фарабидің туған жері туралы ешбір күмән болмаса керек. Ал, ХІІІ ғасырда өмір сүрген Ибн Халликан «Уфиат аль-аиан фи ал-Заман» («Ғалымдар өмірінен ескерткіш») атты әйгілі еңбегінде мұсылман елдерінің атақты ғалымдарының өмірбаяны мен еңбектеріне шолу жасап, соның ішінде әл-Фарабиге үлкен орын берген. Осы кітап араб, Еуропа тілдерінде бірнеше рет басылды. Одан кейін ХVІ-ХVІІ ғасырларда өмір сүрген түріктің атақты ғалымы Хажы Халифа Мустафа Челеби өзінің «Кашаф ал-Зунун. Куман айру» атты еңбегінде әл-Фараби түркі нәсілді, түркістандық екені баяндалған. Оның арғы аталарының есімдері Дархан, Ұзлақ деген таза түркі нәсілінің ежелгі, исламға кірмей тұрғандағы атаулары екені айтылады» деген құнды мәліметтер ұсынады.
Бабамыздың мұрасын іздетуді тоқтатпаған әл-Машани әйгілі ғұлама Птоломейдің арнайы карта жасап, Отырарды әл-Фарабидің туған жері деп көрсетіп кеткен бұлтартпас дәлелін де табады. А.Машани «Әл-Фараби ұлы ғалымдар қатарында халықаралық тізімге енгізілсін, оның 1100 жылдық мерейтойы КСРО-да, Отаны Қазақстанда тойлансын» деген ЮНЕСКО қаулысының қабылдануына көп еңбек сіңірді. Түркіславистика ғылымын негіздеген Олжас Сүлейменов бір сөзінде: «Кезінде белгілі ғалым Ақжан Машановтың баласымен бірге өстім. Үйінде жиі болушы едім. Ақжан ағаның өзінің де, әйелінің де мамандығы кенші болатын. Әйтсе де ол кісі Фараби бабамыз жайлы тереңдете зерттеу жүргізіп, оның арғы түбі қазақ екенін әлемге дәлелдеп шыққаны, ол жөнінде көптеген еңбектер жазғаны белгілі. Үйіне барған кезде сол кісінің бұл іске бар жан-тәнімен кіріскенін талай рет көргенім де бар. Менің де зерттеушілікке бой ұруыма Ақжан ағаның әсері болғаны анық» дей келіп, өзінің Бейбарыс бабамыз туралы деректерді жинап, егжей-тегжейлі зерттегенін әңгімелеген екен.
...