XVIII ғасырдағы халықаралық қатынастар
Автор: Еркежан Есимова • Октябрь 20, 2022 • Лекция • 1,556 Слов (7 Страниц) • 304 Просмотры
2 тақырып. XVIII ғасырдағы халықаралық қатынастар.
XIV Людовик билеген кезеңнің екінші жартысында Англияның халықаралық қатынастардағы орнының күшеюімен сипатталатын Еуропаның дипломатиялық тарихындағы жаңа кезең басталды. Англия мен Франция арасында отаршылдық тонауда бақталастық күрестер болып жатты. Бұл күрестердің ең маңыздысы 1701-1714 жж. испан мұрасы үшін соғыс еді. Ол династиялық соғыс ретінде басталып, Франция мен Англия арасында теңізде және отаршылдық саясатта үстемдік ету үшін жүргізілген күрес ретінде аяқталды.
Соғыстың тұтануына мұрагері жоқ Испан королі II Карлдың қазасы себеп болды. XIV Людовик өзін Испания иелігіндегі жерлердің мұрагерімін деп мәлімдеді. Бұл тарихтағы мұралардың ең қомақтысы еді. Бұл жерде мәселе Еуропадағы саяси тепе-теңдіктің Францияның пайдасына қарай бұрылуында, оның әлемдік гегемониясын орнатуында еді. XIV Людовикке Испаниямен бірге оның иелігіндегі итальяндық, нидерландық, бірқатар африкандық және американдық жерлер мұра ретінде тиесілі еді.
XVII ғ. 90 жылдарында-ақ XIV Людовик өзге державалармен осы мұраны бөлісу жөнінде келіссөздер жүргізген еді. Испан королінің тағы бір мұрагері пайда болды: испан королі III Филиптің немересі - Австрия эрцгерцогы Карл. Англия мен Голландияның Габсбургтарға қарсы бірге соққы жасауы арқылы іске асатын Францияға қарсы коалицияны болдырмауға XIV Людовик күш салды. Лондон мен Гаагадағы Францияның елшілері ағылшындар мен голландықтарды Испания тағына тек Бурбондардың немесе тек қана Габсбургтардың отыруы Еуропадағы тепе-теңдікті бұзады деп сендірді. Венадағы Францияның елшісі Еуропада бейбітшілікті сақтап қалу үшін Испанияны бөліп алу керек деп императорды сендірумен болды. Бұл қызметінде француз дипломаттары белгілі нәтижелерге жете алды.
Еуропадағы жағдай Франция үшін жайсыз болды. XVII ғ. 80-жылдарындағы коалиция қайта құрылды - барлық Еуропа Францияға қарсы бірікті. 1701 ж. басталған соғыс Франция үшін сәтсіз болды. Ол Испания, Италия, Нидерланды және Пиреней бойындағы Германияда тұтанды. Соғыстың бірінші кезеңінде (1701-1704 жж.) Франция күмәнді жетістіктерге жетсе, одан кейінгі уақытта бірнеше жеңілістерге ұшырады. Елдің ішінде ашаршылық басталып (1704-1710 жж.), Севенн тауларында орналасқан камизар-протестанттар көтерілістерге шықты. Француздардың әскери ахуалы тек 1710-1717 жж. біршама жақсарды. Соңында XIV Людовик өзге елдерді келісімге келуге көндірді.
1712 ж. ақпанында Утрехтте конгресс шақырылды. Ұзақ келіссөздер нәтижесінде келісімшартқа қол қойылды: Испания, Франция - бір жақтан, Англия, Голландия, Бранденбург, Савойя — екінші жақтан, 1713 ж. 11 сәуірінде Утрехт келісіміне қол қойды; 1714 ж. 7 наурызында Раштадт келісіміне Франция, Испания және империя қол қойды. XVIII ғ. Еуропа тарихында екі келісім маңызды рөл атқарды.
Бурбондарға Испанияда қалуға рұқсат етілді, бірақ испан королі бір мезгілде француз корольдігіне қоса ие бола алмайды деп шарт қойылды. Испания ол үшін мынадай талаптарды орындау керек: 1) Габсбургтарға - Неаполитан корольдігін, Сардиния, Тоскананың бір бөлігін, Милан герцогствосын, испандық Нидерландыны беру; 2) Курфюрст Бранденбургскийге испандық Гельдернді (Нидерландыда) беру; 3) Герцог Савойскийге Сицилияны беру; 4) Англияға Гибралтарды, Минорка аралындағы бекіністі беру керек. Сонымен бірге Англия асиенто немесе негрлерді сату құқығына да ие болды. Франция Габсбургтарға Нидерландыдағы өздеріне тиесілі жерлерді беріп құтылды, Лотарингиядан әскерлерін алып кетті, герцог Савойскийге оңтүстіктен азғантай жер берді. Франция Америкадағы иеліктерінің көпшілігінен айырылды. Мұнда олар XVII ғ. бері иемденіп келе жатқан Гудзон шығанағын, Нью-Фаундленд, Акадияны (Қасиетті Лаврентий өзенінің солтүстік жағындағы жерлер) ағылшындықтарға берді. Бұл Францияның Солтүстік Америкадағы иеліктерінен айырудың басы еді. Англия үшін теңізде үстемдігін жүргізу кезеңі басталды.
...