БАҚ-тың қоғамдық сананы қалыптастырудағы рөлі
Автор: erkenazbalseker1 • Апрель 20, 2021 • Реферат • 807 Слов (4 Страниц) • 1,169 Просмотры
БАҚ-тың қоғамдық сананы қалыптастырудағы рөлі
Өміріміздің көп бөлігі медиамен, жалпы, бұқаралық ақпарат кұралдарымен қоршалған. Келісіңізші, таң сәресімен ең алдымен қолыңызға ұялы телефонды алып таңғы жаңалықтарды қарайсыз ғой. Жақсы жаңалық естісеңіз күнімен көңіліңіз көтеріңкі өтеді, кейде керісінше болып жаныңыз жабырқаулы жүруі де әбден мүмкін. Содан кейін радио тыңдарсыз, әлеуметтік желі ақтарарсыз немесе жай ғана әуен тыңдауыңыз да мүмкін.
Қарапайым ғана достарыңызбен әлеуметтік желіден көрген бейнероликті, шыққан жаңалықтарды, материалдарды талқыларсыз. Мұның бәрі өмір сүру салтымыздың: күн сайын медиаға телміруді, медиаға шырмалуды яки бұқаралық ақпарат құралдарымен интерактивті байланысқа түсуімізді анықтайды. БАҚ сөйлеу мәдениетімізге, қалай ойлауымызға және өмірге бейімделуімізге жөн сілтейді.
Әсіресе, БАҚ-тың қоғамдық пікірге әсер ету мен оны қалыптастыру мүмкіндігі соңғы он жылда айтарлықтай ұлғайды. «Төртінші билік» деп атауынын өзі-ақ, оның әлеуметтік салаға деген үлкен әсерін негіздейді.
БАҚ-тың қоғамдық пікірді қалыптастыруынан кейін ғылымда «қоғамдық пікір», «бұқаралық сана» деген ұғымдар да пайда болды.
«Бұқаралық сана» - қалың көпшіліктің, халықтың санасы. Адамның бұқаралық санасында ең құрығында, негізгі екі қабат болады:
- Кәдуілгі сана: күнделікті күйбің тіршілікке байланыстының бәрі.
- Практикалық сана: бұған адамның өмірлік тәжірбиесі кіреді.
Бұқара санасына ақпараттық-психологиялық әсер етуде бір ақпаратты жиі қайталау оны бейсаналы түрде жаттауға алып келеді және адамдардың қабылдайтын шешімдеріне, іс- әрекеттеріне әсер етеді. Кейде ақпаратты тарату үшін бұқараны тұтас қамтудың қажеттігі туындамайды, тек оның шағын бөлігіне әсер ету арқылы ақпаратты тұтас бұқараға таратуға болады. Ақпараттық коммуникациялық құралдар кең қолданысқа ие заманауи қоғамда ақпарат аз уақытта жедел қарқынмен тарайды. Сонымен қатар белгілі бір оқиға бойынша ақпараттандыруда бірінші болудың маңызы аса жоғары, себебі алғашқы ақпарат қабылдауға әсерлі болады.
Бұқаралық сананы қалыптастыруға ақпараттық коммуникациядан дінге дейінгі көптеген түрлі механизмдер қатысады. Бұқаралық санаға әсер етуде стереотиптердің де алатын орны зор. Олар белгілі бір құбылысқа қажетті пікір немесе көзқарас қалыптастыру үшін ақпарат арқылы жеке адамдардың санасын күңгірт етеді. Оған өзіміздің күнделікті естейтін «шымкенттіктер қу» немесе «адайлар дөрекі» сыңды санамызда қалыптасқан стереотиптер дәлел.
Қазіргі заманғы бұқаралық ақпарат құралдары бұқаралық сана мен адам санасының даму көкжиегін кеңейтудің орнына, оған үкімдерде егемендік пен тәуелсіздік берудің орнына, көбінесе мінез-құлық стандарттарының көмегімен көпшіліктің санасын манипуляциялауда. Әрине, кез келген нәрсенің екі ұшы болатыны тәрізді, бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуының оңды тұстарымен қатар, бірқатар мәселелерді де тудырып отырғанын айта кету керек. Олардың ішінде келесілерін көрсете кетуге болады: — бұқаралық мәдениеттің кең таралуы, — әртүрлі адамдардың қалаулары мен мүдделерінің ұқсастануы, индивидуалдылықтың жоғала бастауы, — ұлттық мәдениет пен әлемдік мәдениеттің ең үздік жетістіктерінің жоғалта бастауы, — белгілі бір қабылданған стереотиптік жүріс-тұрыстарды таңу мақсатында масс-медиа мүмкіндіктерін пайдалану. Мұның жарқын мысалы ретінде адамға күнделікті өмірде аса қажеті жоқ тауарлар мен қызмет көрсету түрлеріне назар аудартатын жарнаманы айта кетуге болады, — БАҚ қоғамдық пікірді алдап-арбау құралына айнала бастады. Бұған көптеген сайлау компаниялары дәлел бола алады. Көптеген саяси басбұзарлықтар мен егестер нақты кандидатқа кір жағу үшін арнайы ұйымдастырылады. Осы орайда, тіпті дәлелденбеген және соңынан жоққа шығарылған ақпараттың өзі саясаткердің мансабына кері ықпал етуі мүмкін екендігін айта кеткен жөн.
Халқымызда «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген нақыл бар. Басты жару үшін қандай күш керек болса, сол күш – бүгінде журналистерге де керек. Қазіргі бастар, яғни XXI ғасыр адамдары – жан-жақты біліммен, жаңа технологиялармен қаруланған, ақпарат көздерін де жақсы меңгерген, басқа елдердің де БАҚ-тарын пайдаланады. Сондықтан қай кезде де журналистердің ең басты өлшем болып қала бермек. «Басты жару» деген ұғымды таратып айтсақ, адамның санасын өзгерту, оның азаматтық ұстанымына әсер ету, өмір сүру салтын таңдауына ықпал жасау деген сөз. Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде пайдалы, сапалы, ақиқат ақпараттармен қатар фейк, жалған мәлімет, өтірік-өсек, қауесет қаптап жүреді. Мұндай әдістер қоғамды теріс ұғымға бағыттайды. Бір оқиғаның өзін 50 түрлі етіп айтуға болады, сонша рет суреттелуі, хабарлануы да ықтимал. Соның қайсысына құлақ асу керек? Әлде 51-ші нұсқаны оқырманның, көрерменнің өзі таңдауы керек пе? Біздіңше, әр адамның санасында «ақпараттық қалқан» болмаса да, «ақпараттық сүзгі» болуы тиіс.
Мәселен, коронавирусқа байланысты осындай жағдайлар орын алып жатыр емес пе? Бұл, біріншіден, тиісті ғалымдардың, білікті мамандардың, дәрігерлердің жетіспеушілігінен болса, екіншіден, елімізде салалық журналистиканың кенжелеп қалғандығының көрінісі, сонан соң жекелеген азаматтардың интернеттегі жауапсыздығы мен арандатушылық пиғылы. Ондай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Рейтинг қуу, оны жалаулату жарнама үшін жақсы болғанымен, сол арқылы көрерменнің, оқырманның құқығы шектелетінін, тіпті бұзылатынын да ашық айтқан абзал. Оны ескеретін ортақ ереже, механизм болу керек немесе қосымша өлшемдер енгізуді ойластыруға болар еді.
Қорытындылай келе, жалпы БАҚ нарығы дегеніміз – профессионалдардың профессионал еместермен тартысы, интеллектуалдық майданы. Әрбір кәсіп иесінің әлеуметтегі сый-құрметі, беделі, қоғамдағы мәртебесі олардың өздерінің білімі мен парасатына, әдебі мен заңды орындау мәдениетіне байланысты болмақ. Сондықтан еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары – халық үніне құлақ асатын Ахмет Байтұрсынұлының айтып өткендей көз, құлақ һәм тіл ретінде ғана емес, қоғамдық сананы жақсы жағынан өзгертіп, қалыптастыратын ықпалды құрал ретіндегі қызметін де жалғастыра береді деп сенеміз.
...