Мен психологпын
Автор: Ааа Ааа • Март 25, 2026 • Эссе • 691 Слов (3 Страниц) • 13 Просмотры
Егер мен психолог болсам...
Адам жанын түсіне білу,
оны зерттей білу - үлкен өнер
З.Фрейд
«Жақсының жарығы – жанға қанағат» дейді дана халқымыз. Адам жанын түсініп, оған жол көрсететін мамандықтың бірі – психолог. Егер мен психолог болсам, ең алдымен адамның ішкі әлемін түсінуге, оның жан айқайын естуге және өмірлік қиындықтарды жеңуге көмектесуге бар күш-жігерімді салатын едім.
Психология – бұл тек мамандық қана емес, бұл адамның жан дүниесіне үңіліп, оның бойындағы мүмкіндіктерді ашуға бағытталған үлкен жауапкершілігі мол сала. Сондықтан психолог болу үшін тек білім ғана емес, мейірім, сабырлылық, тыңдай білу қабілеті, адамға деген шынайы құрмет қажет.
Мен үшін психолог болудың басты мақсаты – адамдарға өз өмірінің шынайы мәнін табуға көмектесу. Көп жағдайда адамдар белгілі бір қиындықтарды жалғыз өткеруге тырысады, алайда олар ішкі сезімдерімен күресіп, шаршап жатады. Осындай сәттерде психологтың қолдауы адамдарға сенім, түсіністік және жаңа күш береді. Егер мен психолог болсам, әр клиенттің жағдайына жеке қарап, оған өзінің мәселесін басқаша қырынан ойлануға мүмкіндік жасар едім.
Психологтың тағы бір маңызды міндеті – тыңдай білу. Адам шынайы қабылданған жерде ғана ашылады. Мен адамдарға өздерін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыруға тырысар едім. Әрбір адам тыңдалуға құқылы, әрбір адамның ішкі әлемі құнды. Әңгімелесу, талқылау, эмоцияларды білдіру арқылы көптеген мәселелердің түйіні шешіледі. Психолог ретінде мен кез келген пікірге түсіністікпен қарап, ешқашан бағаламай, тек бағыт-бағдар беруге тырысар едім.
Психология саласында балалармен де, ересектермен де жұмыс істеуге болады. Егер мен балалар психологы болсам, олардың эмоцияларын тануға, өзін дұрыс танытуға, дағдарыс кезеңдерінен өтуге көмектесер едім. Баланың психологиялық жағдайы оның болашақ тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Халқымыздың көне заманнан келе жатқан «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген даналық сөзін ұмытпауымыз керек. . Баланың бақытты болуы, жақсы азамат болғаны, ең алдымен, ата - анаға байланысты. Бірақ ата -ананың бәрі бірдей ұстаз емес, бәрі бірдей психолог емес. Оның үстіне толық емес отбасылар, қараусыз балалар, ата-ана мейіріміне зәру балалар қоғамда көбейіп отыр.
Психолог маман аса сезімтал, ерекше жанашыр, мықты шыдамды болу арқылы шәкіртінің сырына бойлай алады. Айталық: Егер мен бір баланың қатты жасық, жасқаншақ екенін анықтап шықсам, оны «шалқайғанға шалқай, ол атаңның ұлы емес, еңкейгенге еңкей, ол атаңның құлы емес» деген қағиданы санасына сіңіріп, оның ешкімнен кем емес екендігін, жұртпен бірдей екендігін дәлелелдеп, жігерін ұштап, өзін-өзі тануына, қабілетін жетілдіруіне бар мүмкіндігімді жұмсаймын.
Адамдар тығырыққа тіреліп, шырғалаңға түскен шақта қол ұшын беріп, дұрыс жол көрсете алатын білгір психолог болам деушілер саны жылдан жылға көбеюде. «Психология» мамандығы әлемдегі ең танымал мамандықтардың үздік бестігіне кіреді.Психологияның зерттеу пәні- адам психикасы екендігін ескерсек, психология әрдайым және әрқашан қызығушылық тудыратын мамандық екеніне еш күмән тудыра алмаймыз. Сондықтан да бұл мамандықтың болашағы зор екендігі бүгінгі уақыттың талап-тілегінен туындап отыр. Психология ғылымы адам іс-әрекетінің түрлі салаларында қарқынды орын алуда. Ғалымдардың болжауы бойынша ХХІ ғасыр – психология ғасыры болмақ.
...