Музыканың адамға әсері
Автор: arinova.danira03 • Октябрь 10, 2024 • Статья • 1,635 Слов (7 Страниц) • 14 Просмотры
Музыканың адамға әсері
Адамзат баласының өмірінде өнердің, оның ішінде музыканың алатын орны ерекше. Тарихта болған талай ұлы адамдар, өздерінің адам игілігіне қалдырып кеткен ұлы істері үстінде еш уақытта өнерден алыс кетпеген. Карл Маркс жас кезінде өнерді тыңдау, бағалаумен шектелмей өзі де өлең жазған. Ал фортепьяноның бірінші рет тарих бетінде көрінуін, Паганин саусақтарының соншама көз ілеспейтін тездікте жүруінің себептерін жазған Фридрих Энгельс мұндай тұжырымды ойға өнерді сүю, зерттеу, музыканы тыңдап-түсіну арқылы жеткен. Ұлы ойшылдардың қай-қайсысын алсақ та, олар сол өздерінің үлкен тарихи міндеттерінің үстіне үнемі музыканы сүйіп тыңдаумен, тіпті кейбіреулері өздері орындаумен шұғылданған. Музыка олардың өмірінде тек жеңіл қызық үшін емес, өмірдің тек сырт сәнін келтіру үшін емес, сол алған бағыттарында, сол жолдарында үлкен демеуші рух, рух беруші күш болған. Олар өнердің, оның ішінде музыканың адам мінезін тәрбиелеуде, адам санасына әсер етуде үлкен рухани құрал екенін түсінген және сол пікірлерін кейінгіге мирас еткен.
Елімізде қазақ музыкасының профессионалдық тұрғыдан дамуына 1926 жылы ашылған қазақтың тұңғыш драма театры айтарлықтай әсер еткен. Театр сол тұста өзінің драмалық спектакльдерімен қатар үнемі концерт беріп жүрген. Және аталмыш концерттерде қазақтың әншілері, күйшілері, жыршылары, күлдіргілері, бишілері шығып, тыңдаушылар алдында үлкен абыройға ие болған. Әсіресе, театр Алматыға келгеннен кейін оның қатарына Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Қуан Лекеров тәрізді әншілер қосылып, театрдың концерттері бүрынғыдан да құбыла, байи түскен.
Жалпы, музыка адамға басқа “өзге шындық”, “айнадағы” сияқты өзін-өзі тануға мүмкіндік береді: яғни, санадан тыс тереңдегі өзін, өзінің тегін, өз халқын, адамзатты көре алады.
Адам психологиясының бүкіл эмоционалды қатары – базалық туа берілген эмоциядан жоғары, әлеуметті және мәдени шартталған сезімдерге дейін, көптеген ғалымдардың пікірінше, музыканың негізі мазмұны қызметін атқарады. Өйткені ән сезімнің кейбір кезеңдерін сыртқа шығаруда, адамның табиғи құралының бірі болды. Музыканың тартымды келетіні, жүрегіңе қона салатыны, олардың баста өнер қуу мақсатында шықпай, табиғилық жағының басым болуында. Осы күнге дейін музыкалық тәжірибесі мол құлағымыздың өзі, жаңа шығарманы тыңдап отырғанда, битаныс әуен теңізі ішінен музыка тақырыбы естіле қалса, біраз уақыттан бері көрмеген, кездеспеген бір досыңның төбесі көрінгендей сезім пайда болады. Өйткені сол музыка тақырыбы есіңе сан алуан оқиғаларды түсіреді. Себебі, музыка көркем өнер жасаймын деген алдын ала сызылған план бойынша шыққан емес, өмірдің, табиғаттың өз туындысы.
Халқымыз музыкаға бай. “Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді” деп, қазақ халқының әдебиеті мен өнерін көп зерттеген Шоқан Уәлихановтың досы Г.Потанин айтқандай, қазақта музыкасыз, әнсіз өмір жоқ. Тарихқа көз тастасаңыз, “Тойбастар” айтқан жігіт, кешкі ауыл сыртында алтыбақан тепкен қыз-бозбала, шілдехана күзеткен жас, кәрі, “Жар-жар” айтқан екі топ, елінен еріксіз алысқа ұзатылып бара жатқан қыз, өлген жұбайын жоқтаған жесір, түйеге мініп әр үйдің сыртында жарапазан айтқан балалар бәрі-бәрі әндетеді. Бәрі де жай сөзбен айтқанда жетпейтін сезім тасқынын музыка арқылы шығарады.
Тағы да тарихқа шегініс. Жиырмасыншы ғасырдың оныншы жылдарында қазақ баспасөз беттерінде музыка туралы жазылған мақалалар тізбегі бар екен. Ол “Айқап” журналының 1913, 1915 жылғы кейбір сандарында жарық көрген. Мысалы, Мұхаммед-Сәлім Кішімов деген кісі:
“Әр жұрт, әр халық музыкасыз тұра алмайды. Бұл анық болған нәрсе. Қай халыққа көз салып қарасаң да, бұл музыка, бұрынғы және жаңа заманда болып, ойналып келе жатқан өшпес мұра. Музыка күй күйлеп, ашындырып, күлдіретін, мұңайтып, жылататын, адамға рух беріп көтеретін, қайғылы уақытта көңіл ашатын, жалғыз уақытта серік болатын құдіретті күш” деп пікір білдірген екен.
...