Міржақып Дулатов аудармаларының көркемдік ерекшеліктері
Автор: Zhupaaar • Октябрь 22, 2022 • Реферат • 1,246 Слов (5 Страниц) • 414 Просмотры
Міржақып Дулатов аудармаларының көркемдік ерекшеліктері
Қазақ еліне еңбегі сіңіп, халқының жүрегінен орын алған зиялыларымыздың бірі – Міржақып Дулатов. Ол өзінің жасаған қайраткерлік істерімен қатар, шығармашылығымен де талай шындықты жарияға жар салған. Оның бірқатар еңбектері талданып, қарастырылғанымен, аудармаларының бар екендігін бірі білсе, бірі білмесе керек. Міржақып Дулатов орыс ақындарының ішінде М.Ю.Лермонтовтан, А.С.Пушкиннен және араб тілінен Әбу Фирастан аударған. Бірақ ол өлеңдері өз заманында газет-журналдардан бой көрсеткенімен, кейін ұмыт болып кеткен десем де болады. Сондықтан мен Міржақып Дулатовтың әлем әдебиетінен аударған аудармаларына тоқталып, олардың көркемдік ерекшеліктерін қарастырғым келіп отыр.
Ең алдымен «Көркемдік ерекшелік дегеніміз не?» осы сауалға тоқталып өтсек. Көркемдік ерекшелік дегеніміз әдеби шығармадағы мазмұн, мағыналық ойдағы ой-сезім байлығының сөзбен мүсіндеп жеткізілген қалпы, алуан түрлі суреттеу тәсілдерінің біріккен жүйелілік тұтастығынан туатын шығарманың көркемділік қуаттылығы. Көркемдік ерекшелік арқылы біз жазушының немесе ақынның қандай тәсілдерді қолдана отырып құнды мұра қалдырғанын біле аламыз. Көркемделік ерекшеліктің бірнеше түрі бар.
Эпитет – шығармадағы заттың немесе құбылыстың елестету үшін бейнелі түрде айтылуы. Ақынның өлеңдерінен бұл тәсілді жиі байқауға болады. Оның тапқырлығында сөз жоқ. Мысалы, 1913 жылы «Қазақ» газетінің 6-санында жарияланған М.Ю.Лермонтовтан аударған «Айтыс» өлеңінің:
...Уатып тас кеудеңді темір күрек
Алтын, жез хазнаңды алар керек...,-
деген жолдарында «тас кеуде» тіркесіне эпитетті қолданып отыр, яғни «тас» деген сөз «қатыгез, мейірімсіз» деген мағынада жұмсалған. Сонымен қатар:
...Болғанша жолдас опасыз
Қатын жүрек құлдарға, -
жолдарындағы «қатын жүрек» сөзін эпитет ретінде керемет байланыстырған. Бұл тіркесте әйел затын құрметтемей тұрғаны емес, оны екінші мағынасынан қолданып тұр. Нақтырақ айтқанда, қазақ тілінде бұл сөз бойында қорқақтық, сатқындық, әлсіздік сияқты жағымсыз қасиеттері бар адамдарға қаратып айтылады.
Міржақып атамыздың М.Ю.Лерментовтан тағы бір аударған шығармасы «Шиллерде»:
...Ер жетсе: қара дүние
Tap деседі,-
деп келетін жолдардағы эпитет «қара дүние» тіркесіндегі «қара» сөзі. Осы бір ғана сөздің ішінен дүниенің алдамшы, қысқа, қиындығы көп екендігін аңғаруға болады.
...Қураған, үнсіз, жансыз шөл дала бар.
Алланың фәрманымен өрт шалғандай...
Расымен, шөл даланың жаны да жоқ, үні де жоқ. Бірақ бұл жерде үнсіз, жансыз деп шөл далада көп тіршіліктің бола бермейтінін және мүлгіген тыныштықта жатқанын жеткізеді. Осы бір жолдарда тек қана эпитет емес, теңеу де көзге түседі.
Теңеу дегеніміз екі затты немесе құбылысты салыстыра отырып, әдеби көркем түрде айту. Бұл тәсілдерді көптеген ақын-жазушылардың еңбегінен көруге болады. Міржақып Дулатов аудармаларындағы теңеуге келетін болсақ, жоғарыда айтылған жолдардағы «Алланың фәрманымен өрт шалғандай» деп қатты ыстықты білдіріп тұр.
...Шаңдатып атты әскер өтіп жатыр,
Ту ұстап, дабыл қаққан өңшең батыр.
Дүние жаңғырыққан тұман басып,
Болғандай бейне қазір заман ақыр,-
...