Батырлар жыры – айбынды ұрпақ тәрбиесінің қайнары
Автор: esenshabanov • Сентябрь 3, 2021 • Эссе • 1,057 Слов (5 Страниц) • 426 Просмотры
Батырлар жыры – айбынды ұрпақ тәрбиесінің қайнары
Армысыздар! Мен 401 «А» тобы курсанты Аубакир Абай, бүгін сіздерге ұсынғалы отырған тақырыбым «Батырлар жыры – айбынды ұрпақ тәрбиесінің қайнары».
«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе дүниедегі жақсы-жаманды таниды дағы сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады»,- дейді данышпан бабамыз Абай Құнанбай ұлы. Әрине, ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Баланың шын мәнісіндегі адам болып қалыптасуы қыруар уақыт пен тер төгетін, зор еңбекті қажет ететін, ауқымды, жауапкершілігі мол жұмыс. Расында, айрандай ұйып отырған елдердің іркіттей іріп, бір-ақ күнде берекесі қашып жатқан бүгінгі алмағайып заманда ұлт болып ұйысу, бірлікті сақтау, жастарды Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, жас жеткіншектерге патриоттық тәрбие беру бұрынғыдан да маңызды мәселеге айналды. Француз педагогы Жан Жак Руссо: – Бала туғанда ақ қағаздай болып туады, оның үстіне шимайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбиеленеді,- деген екен.
Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта еліміздің бастауыш білім беру мекемелерінде балаларды тәрбиелеудің сан түрлі тәсілдері қолданылып келеді. Бірақ ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу арналы жүйесін тапты деу қиын. Бұл іс көбіне тақырыптық шаралармен шектеліп жатады. Ондай шаралардың еш пайдасы жоқ деуден аулақпын, алайда баланың бойында ұлтжандылық сынды ұлы сезімді қалыптастыруға науқандық сипаттағы іс-шараның қауқарсыз екенін де жасырып қала алмаймыз.
Меніңше, бізге жаңадан «Америка ашудың» қажеті жоқ. Бұрынғы бабаларымыздың баланы ұлтжандылыққа қалай тәрбиелегенін зерттеп-зерделесек те көп нәрсенің беті ашылады. Бертінге дейін ауылдың қариялары жас балаларға батырлар жырын жаттатқызып, кеш болса жыр оқытқызып келген. Сол жыр жаттап өскен, жыр тыңдап өскен балалар бүгінде ауызы дуалы, сөзі уәжді ақсақалға айналғанын өмір көрсетіп отыр. Батагөй, шежірешіл, сөзге шешен қай қариядан барып сұрасаңыз да, бала кездегі оқыған ертегі, естіген аңыздары, жаттаған жырлары өмір бойы рухани азық, бүкіл болмыс-бітім, мінез-құлық, ұлттық танымның қалыптасуына іргетас болғанын ағынан жарылып, айтады. Ендеше ұлттық тәрбиенің қайнар көзі осы жырларда жатқанына еш шүбә келтіруге болмайды. Қайта өшкенімізді жағып, өткен бабалардың осы бір тәрбиелеу тәсілін жаңғыртып, ертеңгіге асыл мұра етіп қалдыруымыз керек. Ол үшін әуелі батырлар жыры балаларға не береді дегенді тарқата талдап, тереңірек түйсініп алғанымыз жөн.
Қазақ халқы ат үстінен түспеген кешегі күндері ұл баланың бойында жылқы малына деген құрмет, оның қасиетті, құтты жануар, «ер қанаты» екенін жете түсіну маңызды болғаны даусыз. Кішкене күнінен естіп өскен жырлардағы тұлпарлар бейнесі баланың бойында осынау батырларға айнымас серік болған сәйгүліктерге сарқылмас ынтызарлықты оятады. Мәселен, Қамбар батырдың аузынан шығатын мынандай бір шумақ бар:
«Қанатты туған пырағым,
Аға-іні сен едің,
Тар жерде жолдас шырағым,
Мойның алтын таяқтай,
Қамыстай екі құлағың,
Төрт аяғың қазықтай,
Төңкерген кесе тұяғың,
Сұлулығың сүмбідей,
Жылқыға бітпес жануар
Сымбатың менен сияғың...»
Бұл жерде жылқы малының батырға жолдас қана емес, аға-інідей жақын болып кететіні айтылады. Жырларда кездесетін адам мен жылқының етене жақындығын, тіпті тұтасып бір денедей болып кететінін сипаттайтын тұстар көшпенді қазақ даласының ұландарын жер жаһандағы ең үздік атты әскер етіп тәрбиеледі. Ал қазіргі кезде жауға атқа мініп шаппайтыны бесенеден белгілі, дегенмен атқа мініп өскен ер баланың жігерлі, намысты, қуатты болып өсетіні сөзсіз.
Атқа міну терапия түрі ретінде де танылып келеді. Қасиетті жануардың энергиясы адамға ерекше қуат сыйлап, шаршауын шығаратыны дәлелденіп, дамыған елдерде бұл ең пайдалы демалыс түрі саналып жүр. Сондықтан дені сау ұрпақ өсіру үшін атқұмарлық қасиеті ешқашан өшпеуі, ұмытылмауы үшін батырлар жырының берері мол.
...