Абайдың философиялық мұрасы
Автор: moldamuratov • Апрель 25, 2020 • Статья • 1,984 Слов (8 Страниц) • 406 Просмотры
АБАЙДЫҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРАСЫ
Молдамуратов Н. – Қарасай ауданы, Үшқоңыр қазақ орта мектебі
Молдамуратова Р.Н. – Қарасай ауданы, О.Жандосов атындағы орта мектеп
Өзі өмір кешкен және өлең жазған ғасыр үшін Абай жұмбақ болды.
Ал біз үшін жұмбақ па?
Жоқ.
Біз Абайды қараңғы жұмбақ ретінде емес, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы ретінде қастерлейміз.
Абай теңдесі жоқ ақын, аса дарынды композитор, асқақ ойшыл, ұлы ағартушы, тарихшы, сезімді оятушы, қай қырынан алсаң да, жаңашыл халқымыздың отандық, керек десеңіз, дүниежүзілік мәдениет тарихынан ерекше орын алған топ жарғаны. Осының бәрі Абайдың бір бойына сыйып та, жарасып тұр. Ал енді: «Осыншама құдірет бір кісінің бойына қалай дарыған? Оған себеп не?»-деген сауалдардың тууы да заңды. Біздіңше, оған бірнеше себеп бар: ең біріншісі-сол кездегі тарихи - әлеуметтік жағдай. Абай өмір сүрген мезгіл- Қазақстанның Россияға қосылып біткен кезі. Ал мұның өзінің халық тағдырына қаншалықты маңызы болғаны баршамызға мәлім. Патша үкіметі қазақ елін отарлау ниетімен сахараға біраз өзгерістер әкелді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде қалалар мен қамалдар салынды, сауда- саттық күшейді, мектептер мен медіреселер ашылып, газет -журналдар мен кітаптар шығарыла бастады.
Қысқасы, қазақ қоғамы ХІХ ғасырдың екінші жартысында түгелдей қозғалысқа түсіп, жаңғыруды басынан кешіріп жатты. Бұл кезең ХІ-ХІV ғасырдан кейінгі бейне бір қайта өрлеу дәуірі еді. Мұндай тұста тарих айдынына ұлы қайраткерлер шығатыны әлімсақтан белгілі жәйіт. Міне, осылайша Абайды тарихи қажеттілік өмірге алып келді. Сондықтан да Абай шығарымпаздығы қайта өрлеу сипатына ие. Егер қайта өрлеу үшін ежелгі дүние мәдениетінің элементтері бой көрсетуі керек десек, Абайда бұл да бар. Алғашында медіреседе Физули, Шамси, Сәйхалиді, Навои, Сағди, Фердоусиді, Қожа Хафизді пір тұтқан Абай кейіннен орыс тілі арқылы Сократты, Аристотельді оқып, көне грек мәдениетімен, философиясымен де танысады. Оларды өз шығармаларына арқау етіп, өз пікірін білдіріп ой қосады. Ол шығыс қайта өрлеуінің алтын діңгегі саналатын классикалық поэзия мен ислам философиясын, әсіресе, суфизмді, мағрифат, шариғат, хақиқат деп бөлінетін таным сатыларын толық меңгерді. Бұл жайында ақын өз ойларын поэзияда да, қара сөзде де ортаға салып, олардың кейбір қағидалары бойынша пікір таластырады.
Абайдың басты ерекшелігі- көне заман тарихын, Шығыс пен Батыстағы қайта өрлеуді, одан кейінгі жаңа заман мәдениетін біліп, олардың өресінен қазақ санасына жаңа идея, ой-пікір әкелгендігі. Аристотель, Платон, Сократ, Фараби, Фердоуси, Низами, Иассави, Гете, Байрон, Пушкин, Лермонтов, Крыловтар Абай үшін тек ұстаз ғана емес, сонымен қатар, пікірлес ойшылдар, сырлас достар, ел кей тұста өнер сайысына түсіп, күш сынасатын сөз зергерлері.
Бұл - бірінші себеп десек, екінші себеп, әрине, Абайдың табиғи дарыны мен кемеңгерлігі. Оның әулетінде үлкен дарындылық болғанын атасы Ырғызбай мен әкесі Құнанбайдың, нағашы жұртынан шыққан шешен мен өнерпаздардың іс-әрекетінен, Абайды тәрбиелеп - өсіруге деген үлкен қамқорлықты көруге болады.
Үшінші себеп дегенде, Абайдың өз басының көп ізденіп, көп оқып, көп тоқығанын айтуымыз керек. Қазіргі жастарымыз айрықша ғибрат, өнеге алатын, тәлім -тағылым алатын нағыз Абайлық қасиет осы болуы тиіс.
Мұхтар Әуезов: «Абай шығарымпаздығының үш қайнар көзі бар: бірі - қазақ фольклоры мен әдебиеті; екіншісі - Шығыс әдебиеті, үшіншісі - Орыс және Батыс әдебиеті» - деген еді. Міне, осы үш саланы ол өмір бойы танып - ізденумен болған, оларды бір - бірімен шебер ұштастыра, толықтыра білген.
Әрине, бұл айтылғандар Абай құдіретін толық айқындай алмайды. Жасыратыны жоқ, осы таяу ғана уақытқа дейін, дәлірек айтқанда, 30 - жылдары ұлы ақын таптық түсінік тұрғысынан бағаланып, аға сұлтанның, қажының тұқымы деп, тіпті, Абайды емес, оның ұрпақтарының да соңына шаңқай шаң түсте шам алып түсушілік болды. Ал, ақиқатына жүгінсек, Абай тек ағартушылық идеямен, демократтық бағыттағы өлеңдер шығарумен шектеліп қойған жоқ. Ол - өз кезіндігі қоғамға ғана емес, бүкіл адамзатқа қатысты келелі мәселелерді қамтыған суреткер. Ойлап қарасақ, ол қамтымаған сала жоқ сияқты. Поэзия, өнер, философия, тарих, музыка, этика, эстетика, педагогика, дін тағы басқа салалар. Бұл шын мәніндегі энциклопедиялық сипаттар ғой.
...