Бәсекелестік пен бәсекеге қабілеттілік: мазмұны, макро-, мезо- және микродеңгейлерде сипаттау және басқару
Автор: Ermenonva05 • Октябрь 17, 2023 • Лекция • 2,992 Слов (12 Страниц) • 164 Просмотры
Дәріс 13. Бәсекелестік пен бәсекеге қабілеттілік: мазмұны, макро-, мезо- және микродеңгейлерде сипаттау және басқару
Кәсіпорынды басқаруда бәсекелестік артықшылықтарды зерттеудің маңызы зор, себебі ұйымның дамуы сөзсіз нарықтағы басқа ұқсас өнім өндірушілер мен тасымалдаушылардың бәсекесі және қақтығысымен байланысты. Бірақ, зерттеушілер бәсекелестік, бәсекеге қабілеттілік және бәсекелік артықшылық ұғымдарын жиі шатастырады.
Латынның «concure» сөзінен мақсатқа жүгіру деп аударылатын бәсекелестік ұғымы мақсатқа жетудегі адамдар арасындағы бақталастық дегенді білдіреді. Сонымен қатар бәсекелестіктің басты құралы болып сұранысты қалыптастыру мен өткізуді ынталандыру болып табылады.
Бәсекелестік – нарық жағдайында қызмет ете алатын қаржылық тұрақты кәсіпорындарды іріктеу негізінде нарықты экономиканы табиғи реттеу механизмі. Бұдан басқа, бәсекелестік біртекті өнім шығаратын жеке шаруашылық субъектілерінің тұрақты жұмыс жасау және жоғары табыс табу мақсатында өткізу нарығы үшін экономикалық күресінің ресмиленген түрі болып табылады.
А. Смит өзінің «Халықтар байлығының табиғаты мен себебі туралы зерттеу» еңбегінде бәсекелестікті ұсыныс қысқарғанда бағаларды көтеретін, керісінше, ұсыныс артқанда бағаларды төмендететін қақтығыс деп анықтаған. Содан кейін А. Смиттің бәсекелестік теориясының дамуына Д. Риккардо, Дж. Кейнс, Ф. Котлер, Фр. Хайек, М. Портер, сонымен қатар Г. Азоев, П. Завьялов, И. Герчикова, Е. Горбашко, М. Кныш, И. Липсиц, Ю. Рубин, Р. Фатхутдинов, А. Юданов сияқты зерттеушілер елеулі үлес қосқан.
Объектінің сипатына, бәсекенің арнайы белгілері мен факторларына, сонымен қатар басқару иерархиясы деңгейлеріне (кәсіпорын – сала – аймақ – ұлттық экономика) байланысты бәсекеге қабілеттілік динамикасына қарай отандық әдебиетте де, шетел экономикалық әдебиетінде де «бәсекелестік» және «бәсекеге қабілеттілік» ұғымдарының әртүрлі түсіндірілетіндігін атап өту керек. Мысалы, Г. Азоев бәсекелестік «бір мақсатқа жетуге мүдделі дара заңды және жеке тұлғалар арасында қандай да бір майдандағы қақтығыс» деп есептейді.
А. Юданов нарықтық бәсекелестік тұтынушылардың төлеуге қабілетті сұранысының шектеулі көлемі үшін фирмалардың нарықтың ашық сегменттерінде жүргізетін күресі деп тұжырымдайды. Ресейлік зерттеушілер Шогеновтар «бәсекелестік – бұл өзара байланысты мақсаттары бар көптеген нарық қатысушыларының қақтығысы деп есептейді; ол қоғамдық өндірістің үйлесімділігін ұтымды реттейтін, бағаға әсер ету мүмкіндік болмайтын тәртіппен экономика мен қоғамдағы өндірушілер мен тұтынушылар қызметінің еркіндік бірлігіне кепілдік беретін механизм болып табылады».
Бәсекелестік ұғымымен қатар «бәсекеге қабілеттілік» категориясының әртүрлі анықтамалары бар. Сонымен, бәсекеге қабілеттілік деп «бір жағынан белгілі бір қоғамдық қажеттілікке сәйкестік дәрежесі бойынша, екінші жағынан осы қажеттілікті қанағаттандыруға кеткен шығын бойынша бәсекелес – тауардан айырмашылығын көрсететін тауар сипаттамасын» атайды. Бұдан басқа бәсекеге қабілеттілікті нарықтық қатынастар жағдайында өз қызметін іске асыруда және өндірісті ғылыми-техникалық жетілдіру, жұмысшыларды ынталандыру үшін жеткілікті табыс табуда жарыс мүмкіндігі деп те басқаша түсінеді. Менің ойымша, бәсекеге қабілеттілік ұғымы ашық нарық жағдайында қызмет ететін кәсіпорын деңгейінде толығырақ зерттеліп құрылымдалған. Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі деп қатаң бәсеке жағдайында шаруашылық қызметті іске асыру мүмкіндігі түсініледі. Г. Мадиев өз ұстанымымен келесі анықтаманы береді: кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі – облыс немесе аймақ ішіндегі берілген саланың басқа кәсіпорындарына қатысты артықшылығы.
Сонымен қатар бәсекеге қабілеттілікке қолданылатын, кейде тіпті қате баян етілетін бірталай түсініктемелер бар. Мысалы, П. Кругманның түсініктемесін келтіру орынды: «бәсекеге қабілеттілік ұлттық экономикаға тұтастай қолданғанда мағынасыз сөз болып табылады. Және бәсекеге қабілеттілікке құлай берілу қауіпті және қате болып табылады». П. Кругманның көзқарасы бойынша, мемлекеттер өзара тіпті компаниялар сияқты да бәсекелеспейді. Дегенмен, елдер олардың бәсекеге қабілеттілігі бойынша бағалана алады, егер бұның астында халықтың белгілі бір өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету мүмкіндігі тұрса. Бұл жағдайда бәсекеге қабілетті кәсіпорындар елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты құраушысы болып табылады.
...