Аристотель
Автор: Gulbanu Bakbergen • Декабрь 1, 2022 • Творческая работа • 1,216 Слов (5 Страниц) • 218 Просмотры
Аристотель
«Никомах этикасы» философтардың ежелден үйреншікті болған сүйікті жанрында жазылған. Алайда Жаңа дәуір философы Бенедикт Спинозаның «Этика» шығармасы автордың өз атымен белгілі болса, Аристотель өз шығармасын Никомахтың құрметіне атады. Аристотельдің әдеп туралы трактат түрінде жазылған «Никомах этикасы», «Евдем этикасы» және «Үлкен этика» немесе «Үлкен мораль» деген атпен үш шығармасы белгілі, олардың бәрін бір авторға телуде бірқатар қиындықтар тууы мүмкін. Әйтсе де осы аталған шығармалардың ішінен «Никомах этикасына» жіп тағу оңай, өйткені оны Аристотельдің жазғанына ешкімнің таласы жоқ. Керісінше, осы кезеңді зерттейтін философия мамандары басқа екі шығарманың авторлары турасында аса сенімді емес. Бұл кітаптар даңқты философтың шәкірттеріне тиесілі болуы әбден мүмкін. Аристотель Афос тауының бөктерінде орналасқан Стагир қаласында дүниеге келген. Әкесінің дәрігер болғаны бала Аристотельдің түрлі тәжірибелер жасауға, жаратылыстану ғылымдарына деген құштарлығын оятуға септігін тигізді. 18-ге толғаннан кейін ол білім іздеп Афинаға жол тартады. Көп ұзамай сол кезде жасы алпысқа келген Платонның ең үздік шәкірті атанады. Ұлы философтан ол 20 жыл ілім үйренеді. Платон қайтыс болғаннан кейін Аристотель Асе қаласында, содан соң Македония патшасының сарайында ұстаздық қызмет атқарады. Кейінірек Афинаға оралып, Ликей мектебін ашады. Ликей өз кезінде ұстазы Платон негізін қалаған Академияға бірден-бір бәсекелес мектепке айналады. Өмірінің соңына таман құдайларға тіл тигізді деп айыпталған Аристотель Эвбея аралындағы Халкидаға қоныс аударады. Бір жыл өткен соң осы мекенде бақилық болады. Аристотель жазған деп саналатын шығармалар ежелгі дәуірде белгілі болған барлық ғылым салаларын түгел дерлік қамтиды. Философ ғылымдарды – болмыстың әртүрлі көріністерін зерттейтін теориялық, кез келген амалдың соңғы мақсаты – игілікті зерттейтін практикалық және зерттеу ауқымына поэтика, риторика көркемөнер кіретін – поэтикалық ғылымдар деп үшке бөледі. Сонымен қатар Аристотель «Категориялар», «Түсіндіру туралы», «Органон» жинағына топтастырылған бірқатар өзге де шығармаларды дүниеге әкелді. Бұл шығармалар «логика ғылымының іргетасын қалаушы – Аристотель» деп ұйғаруға толық мүмкіндік береді. Өйткені ол алғаш рет негізгі логикалық аксиомаларды айқын тұжырымдаған болатын. Олардың арасынан силлогизмдердің жеке заңдарын бөліп алып, ұзақ дәуірлер бойы оның ең басты жетістігі саналған – дедуктивті логиканың жүйесін құрды. ХVIII ғасырда өмір сүрген немістің аса көрнекті философы Иммануил Кант: «Аристотельден соң осы уақытқа дейін логикаға еш жаңалық енгізілген жоқ», – деп атап көрсетеді. Дегенмен «Никомах этикасы» біз үшін Аристотель мен Платонның философиялық теорияларын салыстыруға мүмкіндік беретінімен құнды. «Никомах этикасы» сан алуан мәселелерді қамтитын 10 кітаптан тұрады. кітапта зерттеу саласы, нысаны мен әдістері анықталады. Аристотельдің пікірінше адам – табиғаты тұрғысынан қоғамдық жаратылыс. Сол себепті оның өмірдегі мінез-құлқын зерттейтін негізгі ғылым саясат болуы тиіс. Мораль да осы салаға кіреді. Ғылымның бұл саласын зерттеумен шұғылданатын философтан тұрақты принциптерге негізделген дәлелдерді ұсынуын талап етудің қажеті шамалы. Ондай талаптар мәдениетсіздіктің белгісі болар еді, өйткені бұл ғылымның болмысы тым құбылмалы. Сондықтан философ өз дәуірінде билік құрып тұрған моральдық көзқарастарға сүйене отырып, дұрыс қорытынды жасай алады. Ал ондай қорытынды жасау үшін адамның білім деңгейі жоғары және ең бастысы, өмірлік тәжірибесі бай болуы керек. Сол себепті Аристотель жастарды саясат туралы өзінің дәрістерінің лайықты тыңдаушылары қатарына қоса алмайды.
Адамның кез келген ісі мен қалауы белгілі бір игілікті көздейді. Әлбетте, көптеген игіліктердің арасындағы дұрысы адамның өмірін сәтті, табысты ететін, бір сөзбен айтқанда, бақытқа қол жеткізетін игілік екені айтпаса да түсінікті. Бірақ адамның бақытын әркім әрқилы түсінеді. Бақыт деген не? Рақат па? Байлық па? Сый-құрмет пе? Денсаулық па? Білім бе? Осы анықтамалардың әрқайсысы түрлі жағдайларда және әр адам үшін бақыттың не екенін айқындай түседі. Адам биік игілікті ләззаттан, байлықтан, сый-құрметтен де таппайды. Өйткені мұндай жағдайда ол өзгелерге, яғни саясатқа тәуелді. Тіпті бақытты денсаулықтың өзімен ғана өлшеуге келмейді. Аристотель үшін бақыт дегеніміз – парасатты өмір. Биік игіліктің осы бір формасын ол X кітапта егжей-тегжейлі зерттейді. Осылайша I кітап платондық Игілік идеясын жалпы ұғым тұрғысынан қарастырумен шектеледі. Бұдан біздің өміріміздің мақсаты Игілік екенін тұжырымдауымызға болады. Әйтсе де бұл саланы зерттеу үшін тәуекелге бел байлау қиындау, өйткені Идеялар туралы ілімді достық қалыптастырған болатын. Достық ақиқатқа жол беруге тиіс. «Платон мен үшін қымбат жан, ал ақиқат одан да қымбат», – дейді Аристотель. Игілік түрлі жағдайға байланысты формасын өзгертеді: уақытқа қатысты – бұл сәті түскен кез; санға қатысты – ол сенімді өлшем және т.б. Сондықтан Аристотельдің Игілік ұғымы Платон ұсынған Идея түсінігіне мүлдем кереғар келеді. Осы тұста Платонның мұндай «сатқындыққа» қалай жауап қайтарғанына тоқтала кеткеніміз де жөн болар. Лаэрттік Диогеннің сөзінше, «Платон осыған байланысты: «Енесін тепкен құлын сияқты, Аристотель де маған мінез көрсетті» деген екен». Аристотель қуат ұғымын енгізуді ұсынады. Игілік әр алуан болғандықтан, ғылымның нысаны бола алмайды. Ал кез келген игілік мақсат болса, онда адамның қалаған негізгі тілек-мақсатын жақсы нәрсеге талпыныс деп санауға болады. Кәсібіне шынайы берілген шебер іспеттес адам да қолөнерді құлпыртып істеу арқылы өз бақытын табады деп айта аламыз. Бақыт дегеніміз – қуат (energia), қозғалыс, қарекет, жүзеге асыру күшіне, жанның ақылына (Логосқа) жүгіне отырып, өмірінің соңына дейін ізгілікті іске асыру қызметі. Аристотель Кемелдік – адамның сәттіліктер мен сәтсіздіктердегі үлесін өлшейтін, өмірдегі мақсатын іс жүзінде жүзеге асыруы, дүниедегі өз болмысын қалыптастыру тәсілі. Ізгілік дегеніміз не? II кітапта ізгілік ұғымына анықтама беріледі. Ізгілік – адамның әдетке айналдырған ішкі адамгершілік әлемінің кемелдігі. Иррационалды жанның ең жоғары бөлігі құмарлыққа толы, әйтсе де ол ақылға жеңдіргенде өзінің шарықтау шегіне жетеді. Саналы тілектің осы кемелдігі, яғни ізгі қасиет біздің әртүрлі жағдайларға бейімделуге қабілеттілігімізден көрініс табады. Аристотельдің пайымдауынша «іс-әрекет пен пайда саласында тұрақты ешнәрсе жоқ». Сондықтан шектен шықпай және кемшіліктерді де болдырмай тепе-теңдікті сақтауға бар күшімізді салуға тиіспіз. Тең орта теориясы III кітапта тең ортаны іздеп табу тәсілі, дәлірек айтсақ, өнері туралы айтылады. Әркімнің өзінің өзекті ұстанымы болады, яғни біздің дұрыс пайымдауымызға негізделген, өзімізге тәуелді іс-әрекетті ерікті таңдауымызды қайырымдылық дейміз. Қайырымдылық ақылды адамның өз өмірінің өлшеміне айналдырған практикалық даналықтан туындайды. Қайырымдылықтың мақсаты тең ортаға қол жеткізу болғанымен, оның өзі де – кемелденудің биік шыңы. Содан кейін Аристотель батылдық пен ұстамдылық сияқты қайырымдылықтың нақты түрлері жайлы ой қозғайды. Батылдық – қорқақтық пен жанкештіліктің тең ортасы. Ал ұстамдылық – рақаттанудың өзегі. Аристотельдің пікірінше, адам әрқашан тең ортаны ұстануға талпынуы тиіс. Жеке ізгіліктер IV кітапта жомарттық, көркемдік, бекзаттық, даңққұмарлық, биязылық, сыпайылық, шыншылдық, ұстамдылық сияқты жеке игіліктер талқыланған. Мысалы, жомарттық, яғни пұл жарату мәселесіндегі қайырымдылық «ысырапшылдық пен сараңдықтың тең ортасында» болуы тиіс. Ауқаттылардың ұлы қасиеті – дүние-мүлікті жұмсаудың шегін білуі. Басқаша айтқанда, сараңдық пен даңғазалықтың арасында тең ортаны ұстануы. Бұл – жиған абыройбеделді сақтау үшін шама-шарқыңды білу өнері. Бекзаттық – менмендік пен жасықтықтың арасында болады. Бекзат адам өзін әділ бағалайды. Ол өзінің абырой мен намыссыздықтың тең ортасында тұрғанын жақсы біліп, соған сәйкес қарекет етеді. Әділеттілік Аристотельдің V кітабының соңында әділеттілік қасиетінің саналуандығы талқыланады. Аристотель әділеттілік пен әділетсіздіктің екі формасын ажыратып көрсетеді: Әмбебап әділеттілік немесе мойындалған әділеттілік – біздің басқалармен қарым-қатынасымыздағы қасиет, заңға мойынсұну екені сөзсіз. Әрине, мұндай жағдайда заң дұрыс құрылуы тиіс. Бұл – әділеттілік қасиеттің саяси формасы; Жеке әділеттілік, қауымдастық мүшелері арасындағы сый-құрмет, мүлік айырбастау мен бөлісуге қатысты. Бұл – қауымдастық мүшелері арасындағы олардың әрқайсысының мәртебесіне қарай пропорционалдық теңдікті тиісінше орнықтырып отыратын әділеттілік. Жеке келісімшарттар барысында туындайтын осындай әділеттіліктің арқасында теңсіздік жойылады. Бұл адамдар теңдігінің арифметикалық принципіне негізделген. Адамдар құндылықты үлестіру барысындағы тепе-теңдікті анықтайды. Әділетті мүлік айырбасы оның нарықтық құн бағасына байланысты қалыптасуы мүмкін. Әділеттілік – кез келген жағдайдың тең ортасы, ал әділетсіздік – артық қамту, не болмаса, жетпей қалу. Бірі өте көп, екіншісі өте аз алады, – дейді Аристотель. Әділеттіліктің бұл түрдегі омонимиясы қандай да бір мағынасында позитивті заңдылыққа байланысты болады. Алайда бұл заңдылық әділеттілік ұғымының «метафоралық» баламасы саналмайды. Әдетте, қожайынның құлға, әкесінің ұлына, ерінің әйеліне қатысты әділеттігі туралы жиі айтылады. Қарапайым мағынасында, «заңмен реттелген өзара қарым-қатынас кімдерге тиесілі болса, тек сол адамдардың арасында ғана шынайы әділеттілік болуы мүмкін». Аристотель «саяси әділеттілік» пен «табиғи әділеттілікті» софистердің мәнеріне салып бір-біріне қарсы қоюға бармайды. Шындығында, саяси әділеттілікті орнату бәрінен де күрделі, өйткені ол төтенше жағдайларда заңның жалпыға міндетті ережелерін өзгертуді көздейді.
...