Дәстүрлі қазақ сөз өнерінің ислам дінімен үйлесімділігі
Автор: maral9414 • Июнь 4, 2019 • Реферат • 1,628 Слов (7 Страниц) • 1,034 Просмотры
- Дәстүрлі қазақ сөз өнерінің ислам дінімен үйлесімділігі
X-XIV ғасырлардағы гуманизм мен ардың тазалығына шақыратын ислами-діни мотивациялық ортатүрік әдебиеті қазақ әдебиетімен жалғасын тапты. Қазақ өркениеті үшін әлемдік мәдениеттің біте қайнасуы қалыпты құбылыс. Орта ғасырлардан бастап халықтың көркем ойлауын қалыптастыру мен даму жолында діни-ислами ағартушылық көзқарастар ұлттың гумандық тәрбиеленуіне ықпал етті. Поэтикалық мұрада лирикалық-дидактикалық және эпикалық жанрдың діни-ислами мотивтар орын алуы – ұлттық және жалпы адами гуманистік мақсаттардың бірге үйлесім тапқанының көрсеткіші. Діни-ислами ағартушылық қарапайым халыққа поэтикалық шығармалар арқылы кең таралып, ықпал етті. Жалпыға белгілі, қазақ поэзиясындағы тарихи және әдеби негіздердің дамуы және діни-ислами дүниетанымы араб-парсы мәдениеті мен түрік өркениетінің интеграциясы жағдайында жүзеге асты. Қазақ даласындағы ислам өркениетінің толыққанды өкілі, дінді жақсы білген ақын, жыраулар, би, ағартушы, ғалымдар және музыканттар да болды. Бүгінде біз қазақ мәдениетінің көрнекті өкілдері –Асан Қайғы, Бұқар жырау, Махамбет Өтемісұлы, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов исламның этикалық және рухани мақсаттарын таратушы екенін толығымен ауыз толтырып айта аламыз. Діни-ислами және дидактикалық-философиялық шығармалардың өкілдері Қожа Ахмет Иассауи, Ахмет Иүгінеки, Жүсіп Баласағұн, Сүлеймен Бақырғани шығармалары қазақ поэзиясына ықпалы зор екені даусыз. Ұлттық санаға діни-ислами дүниетанымның қалыптасуын қазақ поэзиясы эстетикалық гуманитарлық көзқарастардың исламдық өркениетке бағытталуымен түсіндіреді. Фольклорлық дүниетаным (мақал және мәтелдер, жоқтау, жарапазан, бата, проза) және ақындардың шығармалары (Әбубәкір Шоқанұлы, Шортанбай Қанайұлы, Ыбырай Алтынсарин және басқалары).
Ахмет Иасауи адам бойында кездесетін қанағатсыздық, ашкөздік, надандық, әділетсіздік сынды қасиеттердің болатынына налиды, жалған өмір мен өлімнің ара-қатынасын сипаттай келе, адамдарды жағымсыз әдеттерден арылуға үгіттейді.
«Дүниені мүлкім деген сұлтандарға,
Әлем малын сансыз жиып алғандарға,
Он өмір дүние-малын жиса-дағы,
Өлім келсе бірі де опа болмайды екен.
Сол жақсы өз жерінде патша болса,
Әділ болып, бір мүминді қазы қылса,
Сол қазы барша елді разы қылса.
Ризалықпен жұмақ үйін алады екен» [21,185].
«Хакім ата» лақап атымен танылған Түркістандық ақын Сүлеймен Бақырғани өзінің «Бақырғани кітабында» Аллаға есеп беретін Қиямет күнін жырына арқау етеді. Діни мазмұндағы өлеңдер жазып, ұстазы Қожа Ахмет Иассауидің жолын қуады:
«Жаратушы ие, қиямет күні
Мен күнәмді қайда қоямын?
Осы аһ ұрған өкініш күні
Мен күнәмді қайда қоямын?
Таразысы мен көпірін құрса,
Айдаушылар әзір тұрса,
Не істегенімді сұраса,
Мен күнәмді қайда қоямын?
Пайғамбарлар дізерлеп отырып,
Бетін жерге баса қалса,
Баршасы өз (басын) ғана ойласа,
Мен күнәмді қайда қоямын?
Арасат (майданына) келтірсе,
Маған (күнәм жазылған) дәптерді берсе,
«Дауыстап оқы» деп бұйырса,
Мен күнәмді қайда қоямын?»
Қазақ поэзиясында Дулат Бабатайұлының ғибратты өлеңдерінің жинағы діни-ислами бағыттағы шығармалармен толысқан (XIX ғасырдың I жартысы). Ақынның мына өлеңдерінде: «Алладан сұрап иманды», «Әуелі Алла айталық», «Ей, мұсылман қарындас» және осы сынды басқа да шығармаларында діни насихат уағыздар тілдің поэтикалық үлгілерімен бейнеленген. «Алладан сұрап иманды» өлеңінде қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік өміріндегі маңызды құндылықтарға жататын ар мен намыстың тазалығы насихатталады:
...