Тіл біліміне кіріспе пәні бойынша дәрістер курсы
Автор: Аяжан Жакупова • Апрель 9, 2022 • Курс лекций • 9,590 Слов (39 Страниц) • 291 Просмотры
М. ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ [pic 1]
СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН
УНИВЕРСИТЕТІ
Ғабдулина Мақшай Ғабдуловна
Тіл біліміне кіріспе пәні бойынша дәрістер курсы
Білім беру бағдарламасы «6В01701 – Қазақ тілі мен әдебиеті»
Петропавл, 2021ж.
[pic 2]
ДӘРІСТЕР КУРСЫ
№1 дәріс
Тіл біліміне кіріспе пәнінің мақсаты мен міндеттері
1. Тіл біліміне кіріспе» курсының нысаны
2. Жалпы тіл білімінің және қазақ тіл білімінің дамуы
Әдебиет:
1. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. – Алматы, 2015.
2. Хасенов Ә.Тіл білімі. – Алматы, 2014.
3. Фромкин В., Родман Р., Хайамс Н. Тіл біліміне кіріспе - Алматы, 2018- 608 б.
1. Тіл білімі немесе лингвистика – тіл және оның заңдылықтары туралы ғылым. «Лингвистика» термині латынның lingua – тіл сөзі бойынша жасалған. Қазақ тіл білімі қазақ тілінің жүйесін, құрылымын, ерекшелігін, байлығын, қызметін, басқа тілдермен қатынасын зерттейді.
Лингвистика тілге қатысты ірі мәселелерді қарастырады. Олардың негізгілері мыналар:
Тілдің мәні, табиғаты, қызметі. Тілдің негізгі қызметі – қатынас құралы болу. Тіл – қоғамдық құбылыс.
Тіл білімі лингвистика тарихында болған өткен-кеткен мұраларды да естен шығармайды. Сондайлардың бірі – негізі ХІХ ғасырдың бас кезінде қаланып, тіл фактілері мен материалдарын зерттеу нәтижесінде қалыптасқан салыстырмалы – тарихи әдіс. Салыстырмалы-тарихи әдістің қалыптасуына себепкер жайт – санскрит тілінің кейбір сырының ашылуы. Санскрит – ертедегі Индияның әдеби тілі. Зерттей келгенде, санскрит тілінің XVIII-XIX ғасырларда қарым-қатынас құралы болып отырған көптеген тірі тілдермен ұқсастығы бары анықталды. Осыдан кейін Азияның бірсыпыра территориясын мекендеушілер тілінен бастап, бүкіл Еуропа, Америка тұрғындары тілдерінің бәрі дерлік бір атаумен – үндіеуропа тілдері деп аталатын болды.
Тілдің құрылымы мен жүйесін зерттеу мәселесі.
Кез келген тіл – өзіндік құрылымы бар аса күрделі құбылыс. Тіл құрылымы бөлшектерге фонетика, морфология, лексика, синтаксис болып бөлінеді; тілдің құрылымы тілдің жүйесімен тығыз байланысты. Осыған орай, тілдің қалыптасқан дыбыстық жүйесі, сөз жасау, сөз қолдану, яғни лексикалық жүйесі,сондай-ақ, грамматикалық жүйесі болады.
Тіл мен ойлаудың шығуы, дамуы, әр түрлі дәуірлердегі тілдердің тіл білімінде қарым-қатынасы. Тілдің шығуы туралы сұраққа түрлі ағым, пікір, қөзқарастар белгілі.
Тіл еңбек процесінде адамдардың өзі жасаған жемісі; тілді қажеттіліктен туғызған – адамның өзі.
Тіл мен сана және тіл мен ойлаудың байланысы жөніндегі мәселе. Тіл – сананың бір бөлігі ойлаудың материалдық, практикалық жағы.Тілдің материалдылығы оның барлық единицаларының: сөздердің, сөз тіркестерінің, сөз бөлшектерінің, яғни морфемаларының дыбыстық құрамынан көрінеді. Ой мен тілдің құрылысы мен даму заңдары да бірдей емес. Ойдың құрамды бөліктеріне жататындар – ұғымдар, пайымдау, ой қорыту; ал тіл дыбыстардан, сөздерден, сөз тіркестерінен және сөйлемдерден құралады.
Тіл – тарихи құбылыс. Мұның мәнісі – кез келген тілдің бүгінгі қазіргі таңдағы қалпы бар, кез келген тілдің өткені, яғни тарихы бар деген сөз.
Тілді синхрондық тұрғыдан зерттеу – тілдің қазіргі құрылымын, жүйесін сипаттау; тілді диахрондық тұрғыдан зерттеу – оның құрылымы мен жүйесін тарихи тұрғыдан қарастыру. Бұл екеуін – синхрония мен диахронияны бір-біріне қарама-қарсы қоюға болмайды, өйткені тілдің өткен жолын білмей, қазіргі қалпын дәл анықтап айту мүмкін емес.
Жалпы жазу атаулының шығуы. Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні бар құбылыс. Жазу арқылы адам айтайын деген ойын қағазға түсіріп, екінші бір адамға, жалпы адамзатқа жеткізуді мақсат тұтады.
...