Психикалық аурулар жөніндегі жалпы мәліметтер
Автор: DianaM04 • Сентябрь 20, 2022 • Реферат • 1,621 Слов (7 Страниц) • 295 Просмотры
Тақырып 2. Психикалық аурулар жөніндегі жалпы мәліметтер
Психикалық аурулар этиологиясы.
Психикалық аурулар патогенезі.
Психикалық аурулар ағымы және нәтижесі.
Қатаң негізделген тәжірибелік профилактикалық, емдік және реабилитациялық іс-шаралар жүйесін құруда психикалық аурулардың түп негізі, себептері, пайда болу жағдайлары, клиникалық көрінісінің түзілуіне қоршаған ортаның, тұлғаның индивидуалды ерекшеліктерінің әсері, патологиялық процестің ағымы мен аяқталуы жөніндегі жетік білімге сүйену қажет. Психикалық қызмет патологиясы адамның сыртқы ортаға бейімделуін
күрт өзгертеді және шынайы өмірдің күрделі формаларының бейнеленуін бұзады. Психикалық ауру тудырушы факторлар өте көп. Олардың бірі белгілі болса (органикалық, инфекциялық, интоксикациялық психоз), кейбірлерінің сипатын тек жанама белгілері бойынша байқай аламыз (шизофрения, эпилепсия).
Психикалық аурулар этиологиясын зерттеу — әлі де аяқталмаған процесс.
Психикалық аурулардың себептерін организмге қатысты сыртқы-экзогенді және ішкі-эндогенді деп бөледі. Экзогенді ауру тудырғыш агенттерге инфекция, интоксикация, мидың жарақаттан кейін зақымдалуы, церебральды ісіктер, психогениялар (психикалық жарақаттардың әсерінен рухани күйдің бұзылуы), соматогениялар жатады. Ал эндогенді себептер тұқым қуалаушылық және адамның конституциялық ерекшеліктеріне, жас кезеңдеріне байланысты. Этиологиялық факторларды экзогенді және эндогенді деп бөлу тәжірибелік психиатрияда кеңінен қолданылады. Этиологиялық принцип психикалық ауруларды жіктеуде шешуші рөл атқарады. Теориялық жағынан зиянды фак торларды эндогенді және экзогенді деп бөлу дұрыс бола бермейді. Мұны түсіну үшін қоршаған орта әсеріне жауап ретінде адам ағзасының барлық реакциялары (физиологиялық, патофизиолгиялық) ұзақ эволюция барысында қалыптасқандығын еске түсіру қажет. Осы реакциялардың кейбірі адам ағзасының зат алмасу үрдісіне орнығып, тұқым қуалайтын ерекшелікке айналған. Осылайша, сыртқы ортаның белгілі бір әсеріне ағзаның индивидуалды жауабы оның болашақ ұрпақтары үшін алдын ала бағдарланған болып табылады.
Басқаша айтқанда, белгілі бір субьект үшін экзогенді болған себеп оның ұрпақтары үшін эндогенді болып табылады. Үлы орыс клиницисті С.П. Боткин ауру сыртқы ортаның организмге тікелей немесе оның алыс-жақын ата-аналары арқылы әсер етуінен пайда болатынын айтқан. Адам эволюциясының күрделі даму жолында организмнің сыртқы ортаға бейімделу реакциясы ғана емес, сыртқы ортаның өзі де өзгерді. Адам үнемі қоршаған ортаны өзіне бейімдеу үшін өзгертіп келді. Бұл өзгерістер ақыр соңында адамның өзін өзгертті.
Ауру туғызушы фактормен кездесу міндетті түрде ауруға шалдығу деген сөз емес. Қолайсыз факторлар дерт туындатуы үшін ағза белгілі бір жағдайда болуы керек. Осылайша, дертті құбылыс этиологиясы жайсыз фактор болып табылмауы да мүмкін. Методологиялық тұрғыдан аурудың себебі — ауру тудырғыш элемент пен оны қабылдауға қабілетті организм қарым-қатынасы процесі. Тіпті тұқым қуалаушылықтары бірдей бола тұра бір жұмыртқалы егіздердің біреуінің шизофрения немесе маниакальды-депрессивті психозбен ауруы, екіншісінің бұл аурулармен жүз пайыз ауыратындығын білдірмейді. Сондықтан бұл жерде психикалық аурулардың тұқым қуалаушылығы жөнінде емес, оларға бейімділіктің тұқым қуалайтындығын айтуымыз керек. Мәселе — организмнің алдын ала ауруға бейімділігінде. Бұл бейімділік ауруға ұласа ма, жоқ па, ол организмнің өмір сүру ортасындағы жағдайларға байланысты. Эпидемиологиялық зерттеулерге сүйенсек, шизофрения тәрізді эндогенді ауруларда спонтанды дебют өте сирек кездесетіндігі анықталған. Науқастардың басым көпшілігінде дерттің басталуына психожарақаттаушы ситуация, соматикалық аурулар, ішімдікпен уланулар себеп болған. Экзогенияларға сезімтал науқастарда сол зиянды факторлар шизофренияның қайта өршуін және ұстамалар рецидивін туғыза алады.
...