Мектепке дейінгі балалық шақтағы іс-әрекеттің жемісті түрлері – еңбек пен оқудың элементтері
Автор: ardak123 • Ноябрь 23, 2021 • Лекция • 4,256 Слов (18 Страниц) • 2,250 Просмотры
7.3-тақырып. Мектепке дейінгі балалық шақтағы іс-әрекеттің жемісті түрлері – еңбек пен оқудың элементтері
Жоспар:
1. Еңбек пен оқыту іс әрекетінің бала психикасының дамуына тигізетін әсері.
2. Оқу ынтасының пайда болуы және оқу іс-әрекетін меңгеру.
3. Оқу іс-әрекетінің бала психикасының дамуына тигізетін әсері.
4. Еңбек іс-әрекетінің бастапқы формаларын меңгеру.
Еңбек пен оқыту әрекетінің бала психикасының дамуына тигізетін әсері
Мектепке дейінгі кезеңде еңбек әрекетінің негізі енді ғана қаланып келе жатқанымен, бала психикасын жан-жақты дамытуға маңызды әсері бар.
Еңбек әрекетін орындау нәтижесінде қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды еріксіз бақылап, дүние туралы түсінігі кеңейіп, тәрбиешінің сөз жүзіндегі айтып, түсінік беруінің нәтижесінде ересек адамдарының қоғамдық еңбегінің мәні оның адамзат болшағы үшін қандай маңызының бар екенін түсінеді. Тіпті күнделікті өмірде бақша қызметкерлерінің еңбек әрекетін мұғалім, тәрбиеші міндетін, дәрігер сатушы, құрылысшы, наубайхана жұмысшыларының әрекеттерін серуен сабақ, экскурсия кезінде бақылап, көріп өз ата-анасының еңбегін олармен салыстырып, бүкіл адамзат баласының өмірі үшін еңбектің қоғамдық маңызы бар екенін түсіне бастайды. Еңбек ете білген адам елді, Отанын құрметтейтін түсініп, өзін еңбек ете білуге ынталандырып дайындайды.
Баланың мұндай ықылас ниеті ойын кезінде байқалады. Өйткені үлкендердің еңбек әрекеттері ойында бейнеленеді.
Оқу және еңбек іс-әрекеттері өздерінің жетілген формаларында мектепке дейінгі шақта қалыптаса бастайды. Оқу іс-әрекеті мектеп жасындағы балаларда жетекші орын алады (өндірістен қол үзбей білім алып жүрген үлкендерде де солай). Еңбек – үлкендер жұмысының негізгі түрі. Іс-әрекеттің осы түрлерінің әрқайсысы күрделі құрылымға ие және адам психикасына жоғары талаптар кояды. Бұларды табысты орындау үшін мектепке дейінгі жастағы балада әлі қалыптасып үлгермеген психикалық қасиеттер мен қабілет болуы қажет.
Жүйелі оқуға және келешек өнімді еңбекке араласуға даярлық мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқытудағы негізгі міндеттердің бірі. Бұл даярлық негізінен ойын мен істің жемісті түрлері арқылы жүзеге асырылады. Әйтсе де осымен қатар үлкендер балалардың алдына оқу мен еңбекке тән нақты тапсырмаларды қояды, балалар осы тапсырмаларды орындағанда олардың оқу мен еңбек іс-әрекеттері үшін қажетті белгілі бір психикалық іс-әрекеттерді игеруіне бірте-бірте қол жеткізеді.
Мектепке дейінгі шақта оқу мен еңбек элементтерінің дамуына баға бергенде еңбек ісінің мәні оны ұйымдастырушы үлкен адам мен бала үшін өте көптеген жағдайларда түрліше болып шығатынын естен шығармау қажет. Мысалы, үйрету үдерісінде баланың белгілі білім мен дағдыны игеруінен, кезекшінің міндетін атқаруынан немесе гүл отырғызуынан оның оқу және еңбек іс-әрекеті қалыптасты (тіпті қарапайым формада) деп қорытынды шығаруға негіз бола алмайды.
Белгілі бір сәтке дейін балалар іс-әрекеттің үдерісінің өзіне қызығады, үлкендерге ұқсауға ниеттенеді, бала ұқсау және олардың мақұлдауына ие болу тілегін басшылыққа алады, алайда алған білімнің, немесе өздерінің еңбек тапсырмаларын орындау нәтижелерінің мәнін әлі түсінбейді. Мектепке дейінгі жаста оқу және еңбек іс-әрекеттерін саналы орындау жаңа ғана қалыптаса бастайды.
Оқу ынтасының пайда болуы және оқу іс-әрекетін меңгеру.
Оқу іс-әрекетінің негізгі ерекшелігі оның мақсатының сыртқы нәтижеге қол жеткізуі ғана емес, жаңа білім, іскерліктер мен дағдыларды игеру болып табылады.
...