Essays.club - Получите бесплатные рефераты, курсовые работы и научные статьи
Поиск

Эмпатиялык коммуникация принциптерi

Автор:   •  Сентябрь 19, 2021  •  Творческая работа  •  1,217 Слов (5 Страниц)  •  315 Просмотры

Страница 1 из 5

Stephen R. Covey

THE 7 HABITS

OF HIGHLY

EFFECTIVE

PEOPLE

Powerful Lessons in

Personal Change

ЭМПАТИЯЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ПРИНЦИПТЕРІ

Жүректің ақыл түсіне бермейтін сырлары бар.

Паскаль

Көзіңіз ауырып, көз дәрігеріне көрінбек болдыңыз делік. Дәрігер шағымыңызды мұқият тыңдаған соң, көзәйнегін шешеді де, оны сізге ұсынып тұрып:

– Міне, тағып көріңіз! Бұл көзәйнекті мен 10 жылдан бері тағып келемін. Көмегі зор. Менде үйде тағы біреуі бар, мынаны сіз ала беріңіз! – дейді.

Сіз көзәйнекті тағуын тақтыңыз. Бірақ бұрынғыдан да нашар көресіз

– Не қылған көзәйнек – дейсіз түсінбей. – Түк көріп тұрған жоқпын!

– Мүмкін емес! – деп таңғалады дәрігер. – Маған ол жақсы көмектескен. Тағы бір байқап көріңіз.

– Тырысып-ақ жатырмын, – дейсіз сіз қитығып. – Көз алдым бұлдырап кетті.

– Сізге не болған? Жағымды ойласаңызшы.

– Жарайды! Бірақ мен жағымды ештеңе байқап тұрған жоқпын.

– Ой, жарқыным, жақсылықты түсінбейді екенсіз, – деп кейістік білдіреді дәрігер. – Сізге көмектеспек болған ниетіме айтқан алғысыңыз осы ма?

Келесі жолы көмек қажет болған кезде дәл сол көз дәрігеріне қайтып баруыңыз қаншалықты ықтимал? Меніңше, ол жаққа енді аттап баспайсыз. Диагноз қоймастан ем-дом тағайындайтын маманға қалай сенуге болады?

Сол секілді басқа адамдармен араласқан кезде әуелі оны не мазалайтынын біліп алмай, кеңес беруге қаншалықты құмармыз?

– Қымбаттым, өтінемін, не болып жатқанын айтшы. Оңай емес екенін білемін. Бірақ сені түсінуге тырысайын.

– Анашым, білмеймін! «Бұл қылығың – ақымақтық» дерсің-ау...

– О не дегенің! Сен маған бәрін жасырмай айт. Барлығы сенің қамың үшін. Сенде бәрі жақсы болғанын қалаймын. Неге сонша қабағың салыңқы?

– Шынымды айтсам, білмеймін...

– Жаным-ау, не болды сонша?

– Жарайды, айтайын. Мен бұдан әрі оқығым келмейді.

– Не дейсің? – деп аңтарылған күйі қайталап сұрайсыз. – «Оқығым келмейді» дегені несі? Осының бәрі сен оқысын деп жағдай жасағанымызға айтқан алғысың ба? Білім – болашағыңның кепілі. Сен де әпкең сияқты ынталанып оқысаң, біртіндеп оқудың қызығына түсесің. Біз саған қанша рет ақымақ болма деп айттық?! Қабілетті баласың, тек жалқаусың. Кішкене өзіңді қолға ал. Оқуға ден қой.

Үнсіздік.

– Ал енді, қанекей, сені не мазалап жүр, соны айтшы маған.

Тура осылай оңды-солды ақыл айтуға шеберміз. Бірақ проблеманың түпкі себебін тексеруге уақыт бөлмейміз. Осы орайда тұлғааралық коммуникация мәселесін зерттей жүріп, дұрыстығына көзім жеткен басты принципті бір ауыз сөзбен түйіндесем, ол былай болар еді: Әуелі түсінуге, содан кейін барып түсінікті болуға ұмтылыңыз. Бұл – тұлғааралық коммуникацияның кілті.

ӨЗ-ӨЗІҢДІ БАСҚАРУ ПРИНЦИПТЕРІ

Ең маңызды істер ешқашан ең елеусіз істерге бағынбауға тиіс.

Гете

Сәл уақыт бөліп, төмендегі екі сұраққа қысқаша жауап беруді өтінемін. Жауабыңыз сізге үшінші дағдымен жұмыс істеген кезде керек болады.

1. Қолыңыздан келетін (бірақ қазіргі шақта істемей жүрген) және оны жүйелі түрде істесе, жеке өміріңізде ұланғайыр жағымды өзгерістерге алып келетін бір нәрсені атаңыз.

2. Бизнесіңізде немесе кәсіби өміріңізде осыған ұқсас нәтиже беруі мүмкін қандай да бір нәрсені атаңыз.

Біз бұл сұрақтарға кейінірек қайта ораламыз. Ал әзірге үшінші дағдының қалған дағдылар жүйесіндегі орнын қарастырып көрейік.

Үшінші дағды – бірінші және екінші дағдының іске асуының жемісі, жеке жетістік. Бірінші дағды «Сіз туындыгерсіз. Сіз барлығы үшін жауаптысыз» дейді. Ол адамның теңдессіз төрт қасиетіне – қиял, ар-ұят, тәуелсіз рух, әсіресе сана-сезімге сүйенеді. Ол бізге «Бала күнімнен әлеуметтік айнаның көмегімен тұтынып келген бағдарламам түкке жарамайды екен. Маған бұл тиімсіз сценарий ұнамайды. Өзгеруге шамам жетеді» деп сенімді түрде мәлімдеуге мүмкіндік береді.

Екінші дағды алғашқы – ойдағы туындыны білдіреді. Ол қиялға – қазіргі сәтте көзбен көру мүмкін емес нәрсені ойыңда құрастыру, алдын ала болжау, елестету қабілетіне, сонымен қатар сана-сезімге – өзіңнің даралығың мен соған сүйене отырып, өзімізді толыққанды танытуға мұрша беретін дербес, моральдық және этикалық нормаларымызды анықтап алу қабілетімізге негізделген. Бұл дағдының арқасында біз негізгі парадигмаларымыз бен құндылықтарымызға терең бойлап, өзіміздің кім екенімізді, кім болатынымызды айқындай аламыз.

...

Скачать:   txt (17.1 Kb)   pdf (150.8 Kb)   docx (14.1 Kb)  
Продолжить читать еще 4 страниц(ы) »
Доступно только на Essays.club