Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады
Автор: bizhanminan • Февраль 27, 2023 • Эссе • 1,335 Слов (6 Страниц) • 289 Просмотры
Эссе
Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады
Тіл – халықтың жаны, тәні, тарихы, түп тамыры. Халықтың ең әуелі ел болып, ұлт болып қалыптасуына әсер ететін де осы тіл. Тіл әуелден қарым - қатынас құралы болып саналғанымен, оның өмірде алатын орны бір бөлек. Тіл арқылы біз ұлттардың ынтымақтастығын, адамдардың бір – біріне деген қарым - қатынасын, баланың анаға деген сүйіспеншілігін, әр тұлғаның Отанға, елге деген алғысын біле аламыз. Жалпы тілдің қоғам үшін, әр халық үшін алатын орны зор. Сондықтан да, тіл әрқашанда өзекті де өткір мәселелердің бірі болып қалмақ. Бір жағынан айтсақ, тіл – халықтың ең басты және ең үлкен мұрасы, тарих қойнауындағы асыл қазынасы. Сол себептен тіл ғылымының мамандары: «Тіл – халықтың жаны», «Халық бар жерде тіл бар, тіл бар жерде халық бар», «Бірінсіз олардың бірі болмайды», – дейді. Неліктен халық пен тілді бөліп жара алмаймыз, оған не себеп? Бір – бірінсіз өмір сүре алмайтын ұлттың «тілсіз халық» болып сақталып қалуы мүмкін бе? Жоқ, әрине, мүмкін емес! Тілсіз халық - дүбәрә халық. Тілін білмегеннен кейін халықтың мәңгүртке айналатыны ақиқат. Не болмаса жер бетінен ұлт болып жоғалып кетуі әбден мүмкін. Бұған дәлел ғалымдардың зерттеулері. Ғалымдардың пікіріне сүйенсек: әлемде 6700 тіл болса, тек оның біршамасы ғана жер бетінде сақталып қалған екен. Ал 2100 жылға дейін әлемдегі 3500-дей тіл қолданыстан шығуы мүмкін делінеді. Оған себеп, өз тілінде сөйлеуші халықтың өзі құрып, жойылып жатқаны. Мәселен, Австралиядағы жағдайды алып көрейік. ХХ ғасырдың бас кезінде бұл құрлықта 400-ден астам тіл болған. Бірақ, қазір тек қана 25-тей тіл сақталған. Ал, Африкада 1400 тілдің 600-ге жуығы жоғалып кету қауіпінде тұр. Солтүстік Тайваньда қытай тілінің көп қолданылуынан 23 тіл құрып кеткен. Ал Шығыс Азияда орыс тілінің ықпал етуінен 47 тілдің ішінде тек 6 тіл ғана сақталып қалған екен. Қарап тұрсаңыздар, бұл мәліметтер ғалымдардың зерттеуіне сүйене отырып алынғандықтан, оны жоққа шығару мүмкін емес. Расымен, көптеген тілдердің жоғалып кетуіне отарлау мәселесі себеп болған. Әрі бармай – ақ өзіміздің мемлекетімізді алайық. Кеңес заманы билеген тұстан бастап, біз отарланған елге айналдық. Әлбетте, отарлаушы ел үшін өзге елге өз тілін енгізіп, өз мәдениетін қалыптастырып, ортақ бір үлкен мемлекет құру әлдеқайда тиімді. Міне, содан болар көптеген қазақ, өзбек, тәжік, қырғыз, ұйғыр, татар секілді түркі тектес ұлттардың Ресей империясының отарлау заманында өз тілінен мақұрым қала жаздағаны. Алайда, әр ұлт өз егемендігін алғанымен сол империя ұлтының тілі әбден қанға сіңіп, сүйекке түскен таңбадай сақталып қалғандығы соншалық, қаншама ұрпақ өрбісе де әлі күнге дейін арыла алмай келе жатқандығымыз ащы да болса шындық. Не десек те, бұл тілсіз халықтың жойылып кететіндігінің бір дәлелі.
Қазақ халқының ұлт болып сақталып қалуына барынша үлес қосып, бостандығы үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің еңбегі орасан. Ұлт қамын жеген қайраткерлердің бірегейі - Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің болашағы туралы жазған мақаласында: «...Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға дейін тұтас тұрған халық еді. Арамызға әр түрлі жұрт кіріскенде солармен қатар, атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Осы біздің төсекте дөңбекшітіп ұйқымызды бөлетін нәрсе. Басқа жұртпен араласқанда өз алдына ұлт болып, өз алдына тілі бар, өз тілінде жазылған сөзі (әдебиеті) бар жұрттарға не тұрады. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек...» – деген екен. Демек, бұл даналы сөзден алатын тағылым бөлек. Ахмет Байтұрсынұлының бұл сөзінен кейін, бүгінгі қоғамдағы қазақ тілінің мүшкіл жағдайы еш өзгермегендігін аңғаруға болады. Расымен, тілімізді сақтаймыз деп жанталаса күрескендер, тіліміздің жойылмауын қалағандар бүгінгі күні қоғамның жалмауызына, ұлт жауына айналып отыр. Тіпті, өзіміз де күнделікті қоғамдық орындарда қай ұлттың болмасын мемлекеттік тілімізді емес, орыс тілінің көсегесін көгертіп, болашағын жаңғыртып жүргенін көреміз. Бір сұрақты ана тілімізде сұрасақ, орысша жауап алып, қазақша жауап беруін өтінсек, ашу, ыза, өкпе сияқты мінез – құлық танытып жататындықтарын да көз көріп жүр. Интернеттен де талай - талай жайттарды де естіп келеміз. Соңғы жаңалықтарда айтылған тілге қатысты дау да бүкіл Қазақстанды шарлап кетті. Тамақ ішетін орындарға келген бір топ қазақ жастарының қазақ тілінде жазылған ас мәзірін сұрағандары үшін «фашистер» деп айыпталып, кінәлі болып табылуы, өз елінде, өз жерінде жүріп, тілі үшін қорлық көріп жүргендерін қалай айтпасқа болмас?! Бұл қазақ халқының тіл үшін басынан кешіріп жатқан бірінші оқиғасы емес. Әрбір жүрегі қазақ деп соққан қара көздердің өз елінде жүріп, тіліне бола қорлық көріп, айыппұл алып жатқандарын қалай түсінеміз? Мұндай жағдайлардың орын алуы мемлекеттік тілімізге деген құрметтің жоқтығынан болса керек. Әйтпесе, Қазақстанның қай өңірінде болмасын қазақ тілін үйренемін деушілерге арналған тілдерді үйрету орталығының барын, олардың тәуелсіздік жылдардан бері ашылғандығын көпшілігі жақсы біледі. Сондықтан да бұл жерде өзге ұлттардың «тілді білмейміз», «бізге үйрену қиын...», «кейін үйреніп аламын» деген түрлі сылтаулары жүрмейді. Дәл осы сөз мемлекетте тұрып, осы елдің нанын жеп жүрген арсыздардың құлағына алтын сырға. Айналып келгенде тіл мәселесі қанша ғасыр өтсе де өз өзектілігін жоғалтпай, қазақтың ұлт болып сақталып қалуына бірден – бір себепші болмақ. Олай болса, тіліміздің жаңғыруына, оның дамуына әр қазақ баласы қалай үлес қоса алады? Әрине, өз тілімізді өзіміз қолдансақ, оны өзіміз құрметтеп сыйласақ, тілімізге қызығушылық танытатындай жағдай жасасақ үлкен жеңісіміз болмақ. Кешегі келмеске кеткен кеңес заманындағы қазақ тілінің жағдайы мен бүгінгі егемендік алған қазақ тілінің жағдайын салыстырып қарайтын болсақ, бүгінгінің жағдайы әлдеқайда жақсырақ. Оған әрине Тәуелсіздік те себепші. Алайда «бірақ, бірақ» дейтін тұстар өте көп. Тіл мәселесіне келгенде мемлекетіміздің, әсіресе басшылардың өзі орыс тілінде сөйлеп, ақпарат алып, орыс тілінде мәлімет жасайтыны қазақ тілінің дамуына, оның кең қанат жаюына үлкен кедергі болуда. Демек, біз әуелі тіл мәселесінің шешімін өз ішімізден, өзімізді жөндеуден бастауымыз керек дегенді білдіреді. Түрі қазақ болса да, санасы, жүрегі орыс деп соққан қазақтар қаншама. Бір өкініштісі, олар орыс тілін жақсы көретіні соншалықты ұрпақтарын сол тілде тәрбиелеп, сол тілде білім алып, сол тілде болашағын құруға жағдай жасап отыр. Ал бұл ұлтқа төнген үлкен қауіп. Сол қауіптен сақтанайын, ұрпағымның қазақ болып қалуына қам жасайын деген шала қазақтарды көрмейсіз. Керісінше, қазақ тілін тұншықтырып, оның қоғамда таралуына кедергі жасап, өз ұлтына өзі қарсылық танытады. Осындай азаматтардың кесірінен, қайран тіліміз жетім баланың күйін кешіп, өз жұртына керегі болмай қадірі қашты. Осындай олқылықтарды жоюдың басты жолы, әр Қазақстан азаматы заң аясында мемлекеттік тіліміздің мүддесі мен құқығын жақсы біліп, оның тапталмауына ат салысуы тиіс деп ойлаймын. Ол дегеніңіз, терминал, банк, кез келген қызмет түрлерін тек қазақ тілінде ғана алып, мемлекеттік тілге деген сұраныстың артуына себепші болу. Сұраныс дегенде ойымызға әлемге танымал әншіміз Димаш Құдайбергенұлының жеңістерді ғана емес, тіліміздің де көркемдігі мен байлығын күллі әлемге паш етіп жүргенін, соның арқасында оның әндерін сүйіп тыңдайтын жанкүйерлерінің қазақ тіліне деген ынталары мен қызығушылықтарының артқанын және олардың тілімізді үйреніп жатқандығы еске түседі. Бұл да болса біздің ана тілімізге деген шет мемлекеттердің есігі айқара ашылып, тіліміздің сұранысқа ие болуының бір белгісі болса керек. Сондықтан, ұлт болып сақталуды қаласақ, тіліміздің жаңғыруына, жаңаруына үлес қоса білуіміз тиіс. Біз кеше ғана тілімізді жоғалтуға жақын тұрған елдердің бірі едік. Алайда, рухымыздың өшпегендігінен болар, егемендігіміз бен қатар тілімізді де қайтардық. Қайтардық дейміз, бірақ мәңгүрт болып қалдық. Енді сол олқылықтарды толтыратын кез жетті. Біздің бүгінгі күндегі басты алар асуымыз тіл болуы керек. Кешегі арманы асқақ батырлар мен қайраткерлердің үмітін жалғап, қазақ деген ұлтты сақтап қалу, оның тілі мен дінін, дәстүрі мен тарихын тамырынан ажыратпай ұстау бізге жүктелмек.
...