Елбасы – ел тірегі!
Автор: Beka • Декабрь 25, 2017 • Эссе • 372 Слов (2 Страниц) • 14,716 Просмотры
Елбасы – ел тірегі!
Мен Елбасыммен мақтанамын.Еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жетер еш елде президент жоқ деп айта аламын. Өйткені, Елбасының арқасында еліміз қарқынды дамып, бүкіл әлем алдында Қазақстанның абыройын көрсете алды. Сонымен қатар ол ұлт көшбасшысының сарабдал саясатының арқасында қазақстандық бірлік моделі бүкіл әлем назарына түсіп, оң бағаға ие болды. Небәрі 26 жыл ішінде атқарылған іс аз емес. Жеткен жетістіктеріміз, алған асуларымыздың барлығы Елбасының айқын саясатының арқасы. Алда көптеген мақсаттар, атқарылатын істер бар. Тәуелсіз Қазақстанның бағындырар белестері де алда. Осы белестерді, мақсаттарды біз тек Елбасымен бірге бағындыра аламыз. Біз, жастар әрқашан да Елбасымен біргеміз. Жастар – Елбасының тірегі, Елбасы – елдің тілегі! «Төбесіз жер, төресіз ел болмайды». Бағзыдан бүгінге жеткен бұл өсиет тектен-текке айтылмаса керек. Кешегі тар жол, тайғақ кезеңде, егемендіктің елең-алаң шақтарында еліміздің еңсесін көтеріп, кеткен есемізді қайтарып, шекарамызды шегендеп, халқымызды төрткүл дүниеге танытқан, нұрлы болашаққа жетелеген, сан ғасырлар бойғы бабалар арманын баянды еткен, айналдырған 12 жылда Астанасын салып, айдай әлемге әйгілеген, халқымызға пана, жастарға аға болған Елбасына қай кезде де айтар алғысымыз шексіз! Қазақстандық патриотизмнің бүгінгі ұраны – Президент пен халықтың біртұтастығы. Біз қазіргі таңқаларлық жетістігімізді одан әрі баянды етуге ұмтылсақ, өзіміздің және келер ұрпақтың тағдырына сенімді болғымыз келсе, Қазақстанды Орталық Азияның ғана емес, Еуразиялық ұлан-байтақ кеңістіктің қуатты да беделді мемлекеті ретінде көруді қаласақ, ішкі бейбіт өмір мен ұлттық рухани гүлденуді таңдасақ, жаңа ХХІ ғасырдың төріне Елбасымен бірге қадам басуға тиіспіз. Бұл қазіргі зымыран уақыттың талабы. Бұл – өркендеген, талғампаз да зерделі халқымыздың талабы. Бұл – барды бағалай білген, асылын ардақтай алған көкірегі ояу барша азаматтың мұраты.
Негізінде демократиялық биліктің мәртебесі емес, оның тиімділігі маңызды. Қазақстан осы бағытпен келеді. Әлеуметтік жағдайларға байланысты елден жырақ кеткен қандас бауырларымыз бүгінде ғаламның түкпір түкпірінен Елбасының шарапатты саясаты арқасында атамекеніне көптеп орала бастады. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде жас мемлекетіміз қалыптасып, тұрақты даму жолына түсті. Еліміз көпұлтты әрі көп дінді мемлекет болғандықтан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саяси тұрақтылықтың басты кепілі – ұлтаралық және дінаралық ынтымақты үнемі назарда ұстауда. Заманымыздың ұлы қайраткері ретінде Қазақстанды әлем төріне шығарғаны үшін, туған халқының дана перзенті ретінде ата жұртымыздың бағын жандырғаны үшін, әсем де айбынды Астанамен салтанатымызды асырғаны үшін мың да бір рахмет айтамын. Барша Қазақстан халқының жүрегінен жол таба білген Елбасының халқы үшін ақтық демі қалғанша қызмет ететініне кәміл сенемін!
...