Қаржы менеджмент
Автор: arina97m • Март 6, 2018 • Реферат • 1,168 Слов (5 Страниц) • 1,028 Просмотры
Қаржы менеджменті
Нарықтық экономика және бәсекелестіктің дамуы жағдайларында кәсіпорындардың қаржылық менеджментінің ролі мен міндеттері ең маңызды мәселердің бірі болып отыр. Кәсіпорынның табыстылығы, бәсекелестік жағдайлардағы өміршеңдігі, қаржылық тұрақтылығы мен төлем қабілеттілігі мәселелері қаржы менеджментінің негізгі басқару объектісі болып табылады.
Отандық экономикалық теорияда және тәжірибе жүзінде кәсіпорын қызметін стратегиялық басқару мәселелері әлі де болса жеткіліксіз қарастырылып келеді. Мұның басты себебі – еліміздегі экономикалық бетбұрыстардың басталуына дейін стратегиялық басқару мемлекеттің өз қолында болып келді. Мемлекет өзінің экономикалық саясаты шеңберінде елдің дамуы мен келешегінің стратегиясын қалыптастырып, салалар мен кәсіпорындардың өзекті стратегиялық мақсаттарын анықтап келді. Алайда, нарықтық қатынастардың қалыптасуы және дамуы бәрін де өз орнына қойды. Қазіргі таңда кәсіпорындардың өміршеңдігі, табыстылығы, бәсекелестікке жарамдылығы өз қолдарында, яғни олардың өз қаржылық және шаруашылық жағдайын нығайту кәсіпорынның қаржы менеджментінің стратегиялық міндеті балып табылады.
Жалпылай айтқанда қаржы менеджменті дегеніміз – бұл кәсіпорынның табыс табудың және өндірісті дамытудың стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін қажетті ақша ағындарын қамтамасыз етумен, қаражаттар мен ақша қорларын қалыптастырумен және қолданумен байланысты кәсіпорындардың басқару қызметі болып табылады.
Қаржы менеджментінің қызметтерінің түрлерін келесідей тәртіп бойынша бір жүйеге келтіруге болады:
- жоспарлау – стратегиялық, оперативтік және ағымды қаржылық жоспарлауды, түрлі шараларға сметалар мен бюджеттер құруды қамтиды;
- баға саясатын анықтауға және өнімді сату жоспарын құруға қатысу;
- өзге кәсіпорындармен қосылу немесе бөліну нәтижесінде мүмкін болатын капитал құрылымының өзгеруін бағалау;
- қаржыландыру көздерімен қамтамасыз ету: қысқа және ұзақ мерзімді қаржыландырудың ішкі және сыртқы көздерін іздестіру; олардың оңтайлы құрылымын қалыптастыру;
- қаржы ресурстарын басқару: есеп шоттардағы және кассадағы ақша қаражаттарын басқару; құнды қағаздар қоржынын басқару; қарыз қаражаттарды басқару
- қаржылық есеп, бақылау және талдау: есеп саясатын қалыптастыру; қаржылық есеп беру түріндегі ақпараттарды өңдеу және пайдаланушыларға ұсыну; қаржылық нәтижелерді талдау және сараптау; есептік көрсеткіштерді жоспарлық және стандарттық көрсеткіштермен салыстыру; кәсіпорын ішіндегі аудит.
Аталған қызметтерді жүзеге асырудың нақты нысандары мен әдістері кәсіпорынның қаржылық саясатымен анықталады. Қаржылық саясат кәсіпорынның өз қызметін жүзеге асыру мақсатында қаржы ресурстарын басқару үшін қолданатын шаралардың жиынтығы болып табылады және келесідей элементтерді қамтиды:
- есеп саясаты;
- несие саясаты;
- инвестициялық саясат;
- ақша ағындарын басқару саясаты;
- шығындарды басқару саясаты;
- дивидендтік саясат.
Есеп саясатын мемлекеттік бухгалтерлік есеп туралы заңнамаға және бухгалтерлік есеп стандарттарына сәйкес қалыптастыру қажет. Қазақстан Республикасында бұл тұрғыда негізгі құжат ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің Заңдық күші бар «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп беру туралы» 1995-жылдық 25-желтоқсанында қабылданған Жарлығы және Бухгалтерлік есеп стандарттары қарастырылады.
Несие саясаты шеңберінде кәсіпорынның айналым қаражаттарымен қамтамасыз етілуі шаралары қарастырылады – меншікті айналым қаражаттарының көлемін және қарыз қаражаттарға мұқтаждылықты анықтау. Ұзақ мерзімді несиелерді тарту қажет болған жағдайларда кәсіпорынның капитал құрылымы және қаржылық тұрақтылығы зерттеледі.
...