Ақпараттық жүйелер және мәліметтер қоры
Автор: lyazka18 • Сентябрь 8, 2021 • Реферат • 3,812 Слов (16 Страниц) • 1,356 Просмотры
ДӘРІС 1. Ақпараттық жүйелер және мәліметтер қоры
Автоматтандырылған ақпараттық жүйелер (АЖ) деп техникалық құралдарды, атап айтқанда ЭЕМ қолданатын жүйелерді атайды. Қолданыстағы АЖ-лердің көпшілігі автоматтандырылған болып келеді, сол себептен оларды қысқаша АЖ-лар деп атайтын боламыз.
Ақпараттық жүйе деп ақпаратты өңдеуге арналған есептеу кешені аталады. Ақпараттық жүйе келесілерден:
компьютерлік құрал-жабдықтан;
программалық қамтудан;
мәліметтерден;
қызмет көрсетушілер құрамы (пайдаланушылар, әкімші) құралады.
Жергілікті ақпараттық жүйе деп бір компьютерде орнатылған және сонда жұмыс істейтін жүйе аталады.
Клиент/сервер типіндегі компьютерлік желіде жұмыс істейтін ақпараттық жүйелер барған сайын кең таралуда. Бұл жүйелер мәліметтерді орталықтандырылған, сондай-ақ үлестірілген түрде өңделуді қамтамасыз етеді. Бұл жағдайда жалпы мәліметтер серверлерде орналастырылады, ал клиенттік компьютерлерде жеке клиенттердің мәліметтері орналасады.
Мәліметтер қорымен жұмыс істейтін ақпараттық жүйелерді программалық қамту төмендегілерден:
- жалпыға арналған программалық қамту;
- қолданбалы программалық қамту;
- мәліметтер қорын жобалауды автоматтандыру құралдарынан құралады.
Мәліметтер қорын ақпараттық жүйелерде қолданудың үлкен артықшылығы – мәліметтер қоры мәліметтердің клиенттік бағдарламалардан тәуелсіздігін қамтамасыз етеді, пайдаланушылар мәліметтерді тасымалдағыштарда физикалық орналастыру мен оларға қол жеткізу мүмкіндігін ұйымдастыру мәселесінен құтылады.
Кең мағынада АЖ анықтамасына ақпаратты өңдеудің кез келген жүйесі жатады. Қолдану саласы бойынша АЖ-ларды өндірісте, білім беруде, денсаулықты сақтауда, ғылымда, әскери істе, әлеуметтік салада, сауда-саттықта және өзге де салаларда қолданылатын жүйелерге бөлуге болады. Мақсаттық қызметі бойынша АЖ-ларды шартты түрде келесі негізгі категорияларға бөлуге болады: басқарушы, ақпараттық-анықтамалық, шешімдерді қабылдауды қолдау.
Кейбір жағдайларда АЖ ұғымы қандайда бір қолданбалы мәселені шешуге пайдаланылатын аппараттық-программалық құралдардың жиынтығы деген өте тар түсініктеме түрде қолданылады. Ұйымдастыруда, мысалы, өздеріне сәйкес келесі міндеттер жүктелген ақпараттық жүйелер болуы мүмкін: мамандар мен материалдық-техникалық құралдардың есебін жүргізу, жеткізушілер мен тапсырыс берушілермен есеп айыру, бухгалтерлік есеп және т.б.
Мәліметтер банкі АЖ-ның бір түрі болып табылады, мұнда бір немесе бірнеше мәліметтер қорына ұйымдастырылған ақпаратты орталықтандырылған түрде сақтау мен жинаудың қызметтері жүзеге асырылған.
Мәліметтер банкі (МБ) жалпы жағдайда келесі компоненттерден: мәліметтер қорынан (бірнеше қорынан), мәліметтер қорын басқару жүйесінен, мәліметтер сөздігінен, әкімшіден, есептеу жүйесі мен қызмет көрсетуші персоналдан тұрады. Аталған компоненттер мен солармен байланысты маңызды түсініктерді қысқаша түрде қарастырып кетейік.
Мәліметтер қоры (МБ) есептеу жүйесінің жадында сақталатын және объектілер мен қарастырылып отырған пәндік салада олардың өзара байланысының жағдайын бейнелейтін, арнайы түрде ұйымдастырылған мәліметтердің жиынтығы болып табылады.
Қорда сақталатын мәліметтердің логикалық құрылымы мәліметтерді кейіптеудің моделі деп аталады. Мәліметтерді кейіптеудің негізгі модельдеріне (мәліметтер моделіне) келесілер жатады: иерархиялық, желілік, реляциялық, постреляциялық, көпөлшемді және объектілі-бағытталған.
Мәліметтер қорын басқару жүйесі (МҚБЖ) дегеніміз – бұл МҚ-ны құруға, енгізуге және оны көптеген пайдаланушылардың бірлесе отырып пайдалануына арналған тілдік және программалық құралдардың кешені. Әдетте МҚБЖ мәліметтердің қолданылатын моделі бойынша ажыратылады. Мысалы, реляциялық мәліметтер қорын пайдалануға негізделген МҚБЖ-лар реляциялық МҚБЖ-лар деп аталады.
...