Бір сәттік-бақыт!
Автор: Nurdass • Январь 31, 2023 • Доклад • 290 Слов (2 Страниц) • 158 Просмотры
Бір сәттік-бақыт!
Биыл Шәуілдірге қар жақсы жауды. Жауып қана қоймай аяз ызғарында бірге ала келді. Әдетте, әр жыл сайын жаңа жылды қарсыз қарсы алу біз үшін қалыпты жағдай. Ал биыл қарды көру бізге бұйрыпты. Қыс мезгілінде қар жаумаса да, Шәуілдірдің желі кез келген адамды шыдатпасы анық. Қар жауған күні ақ, ең әуелі қуанған ойын баласы шығар. Мектептің үлкен үзілісінде мектеп ауласы, қар атысып, зыр жүгірген балаға лезде толды. Бәрінің жүзінде қуаныш, бақыт кернеп тұр. Ал қар беті шана сүйреуге жараған бетте ақ, үлкен кіші барлығы көңіл көтеріп сырғанауға аттанады. Даланың үскірік аязы да, ананың «ей жүгермек, сырғанама, құлайсың, қане үйге кір» деген сөзіде балаға тосқауыл болар емес. Күннің ызғары әдеттегіден әлде қайда суығырақ соғып тұр. Сыртқа шығарда, бет ауызды орап шықпаса үскірік аяз ешкімді аямайды. Ал ол суықты сезбейтін, шанасын сүйреп сырғанап жүрген бала ғана. Ауыл шетінде Пышақшы төбе дейтін дөң, қар жауғалы балалардың сырғанақ алаңына айналды. Күннің суығына қарамастан, дөң басына жиылғандар қарасы көбеймесе, азаяр емес. Мектептен келе салып, шанасын сүйреп дөңге қарай, сырғанауға асыққан балдардың қуанышында шек жоқ. Балалардың еріксіз қуанышы, біздің ес біліп, есейгенімізді ұмыттырып жіберді. Бізде бір сәт шанамызды сүйреп дөңге қарай ағылдық. Мәссаған, қандай керемет десеңші. Бір сәт болсада, бар уайымды ұмытып, жас балаша көңіл сергіткен қандай тамаша десеңші. Ойнап жүрген баланың мәз мейрам қуанышын көріп, ойын бөліп тамаққа да шақырғың келмейді. Жәй ғана бақылап, тамашалап отырыпта жүзіңе күлкі ұялатасың. Аз ғана өткінше уақыт, бір ғана қардың жауғаны қаншама жанға бақыт сыйлағаны керемет емеспе. Кейде, ойланып қарасам қардың бізге көп жаумағаны да тиімді екен. Күттіріп, сағындырып жауған қар, белгілі бір аз ғана уақытта бақыттың не екенін ұғындырып кетті. Енді бұл қыс бәрінің есінде, бақытты естелік болып қалары анық…….
...