Өмірдің мәні
Автор: John Johnson • Март 20, 2021 • Творческая работа • 3,394 Слов (14 Страниц) • 510 Просмотры
Өмірдің мәні
Өмір – біреудің ойдан шығарған әңгімесі емес
Мен кіммін? Өмірге не үшін келдім? Өмірдің мәні не? Бұл сұрақтар адам баласын әлімсақтан бері мазалап келеді. Біздің білетініміз бен білмейтініміз құбылып, өзгеріп тұратындықтан, әр ұрпақтың бұларға беретін өз жауабы болуы керек. Осы уақытқа дейін ғылым, құдай, саясат пен дін туралы жинақтаған білім қорына сүйеніп, бүгінгі таңда осы сұрақтарға қандай жауап бергеніміз дұрыс болар еді?
Өзгелер бізден қандай жауап күтеді? Әдетте адам өмірдің мәні туралы сұраққа әңгімелеп жауап бергенді қалайды. Homo sapiens – әңгімеге әуес жануар, оның ойлау жүйесі сандар мен графиктерге емес, әңгімелерге құрылған; оның түсінігіндегі ғалам – өмірлік тартысты суреттейтін, қаһармандар мен жауыздар сияқты кейіпкерлері бар, адам басына бұлт үйіріліп, аяғы жақсылықпен бітетін оқиғалар желісінен тұратын аңыз әңгіме іспеттес. Өмірдің мәнін іздеген адам айнала қоршаған дүниені сахналанып жатқан жаһандық драмаға теңеп, ондағы өзінің рөлі туралы естігісі келеді. Өзінің осындай үлкен бір қойылым қатысушысы екенін аңғарған адам, бұл жалғанда не істеу керек екенін түсінгендей болады.
Өз орнын табуға ұмтылған миллиондаған жанға бірнеше мың жыл бойы айтылып келген осындай жалпыға мәлім бір аңыз әңгімеге сенсек, жер бетіндегі тіршілік атаулы мәңгі жүретін жаратылыс цикліне бағынған. Әр тіршілік иесінің осы циклде атқаратын қызметі бар. Өмірдің мәнін түсіну үшін адам өзінің қандай қызмет атқару керек екенін түсінуі қажет; жақсы адам болу үшін сол қызметті ойдағыдай атқарып шығу керек.
«Бхагаватгита» атты үнді эпосында сұрапыл азамат соғысы кезінде ержүрек жауынгер, ханзада Арджунаның жау әскері қатарында достары мен ағайынын көріп, абдырап, күмәнға берілген сәті суреттелген. Ханзада «жақсылық пен жамандықтың аражігін қалай ажыратуға болады, адам өмірге не үшін келеді» деген сұраққа ой жүгіртеді. Кришна құдайы оған жеті ғаламды қамтыған циклде әрбір тірі жанның маңдайына жазылған «дхармасы», яғни өз жолы, атқаруға тиіс парызы бар екенін түсіндіреді. Дхармасын білген адам тар жол, тайғақ кешулерден өтетініне қарамастан, бойындағы күдіктен арылады, жаны жай табады. Дхармасынан бас тартып, өзге біреудің жолын қуған (не мүлде жол таңдамаған) адам ғаламдық тепе-теңдікті бұзады, мұндай адам жаны аласұрып, тыныштық таппай қиналады. Нақты қандай жолға түскені маңызды емес, ең бастысы – сол жолдан таймау. Тағдырына мойынсұнбай, өмірлік жолынан адасқан ханзадаға қарағанда, кір жуып нан тауып жүрген, тағдырына өкпесі жоқ әйел жақсы. Өмірдің мәні осы екен ғой деген ойға бекіген Арджуна өзінің жауынгер ретіндегі дхармасына адал болуды ұйғарады. Сөйтіп, достары мен ағайындарын өлтіріп, әскерін жеңіске жетелеген қолбасшы Арджуна индуистердің ең сүйікті қаһармандарының біріне айналады.
Disney студиясының 1994 жылғы «Арыстан патша» мультфильмі жоғарыда аталған көне үнді жырынан алынған сюжетті жаңа заман көрермендеріне түсінікті болатындай етіп жеткізеді. Мұндағы Арджуна образын арыстанның аланы – Симба сомдаған. Өмірдің мәнін білгісі келген Симбаға әкесі – арыстан патшасы Муфаса Өмір шеңбері туралы айтып береді. Африка саваннасын мекендеген бөкен шөппен қоректенеді, бөкеннің өзі арыстанға жем болады, ал арыстан өлгенде, оның денесі шіріп, шөп өсетін жерді құнарландырады. Өмір осылай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып айналатын шеңбер сияқты, онда әр жануардың өзіне тиесілі рөлі бар. Тіршілік атаулының бәрі өзара байланысты, бір-біріне тәуелді; біреуі өз қызметін атқармаса, Өмір шеңбері бұзылады. Муфаса өзі өлгеннен кейін күллі саваннаның әміршісі болу, жануарлар әлеміндегі тәртіпті сақтау Симбаға бұйырғанын айтады.
Ызғар Муфасаны өлтірген соң, мұндай сұмдыққа Симба өзін кінәлап, аң патшасының мұрагері болғысы келмей, прайдты тастап, шөлге қашып кетеді. Тағдыр оны өзі сияқты жерден безген сурикат пен қабанға жолықтырады, сөйтіп, бұл үшеуі бірнеше жыл мамыражай күн кешеді. Олар осы кезеңде «акуна матата» («еш алаңдама») деген өлең сөздерін өздеріне өмірлік ұран етіп алады.
Дегенмен Симба өз дхармасынан қашып құтыла алмайды. Ержеткен шағында ол өзінің кім екенін, қандай өмірлік жол таңдау керек екенін білгісі келеді. Фильмнің шешуші сюжеттік сәтінде Симбаға Муфасаның рухы келіп, оған Өмір шеңберін бұзбауды, патшаның ұрпағы екенін ұмытпауды нұсқайды. Өзі жоқта Ызғардың патша тағын тартып алып, өктемдік етуі салдарынан прайдқа қарасты жерлерде алауыздық пен аштық жайлағанын естіген Симба, ақыры, өзінің кім екенін және не істеу керек екенін аңғарады. Ол прайдқа қайта оралып, ағасын өлтіріп, арыстан патшасы болады. Саваннада бұрынғыдай тыныштық пен тоқшылық орнайды. Фильм соңында кеудесін мақтаныш кернеген Симба жануарларға өзінің дүниеге келген мұрагерін көрсетеді, бұл – өмірдің жалғасуы мен ұрпақ сабақтастығының айғағы.
...