Жалпы психология пәні, мақсаты оның міндеттері мен әдістері, салалары
Автор: Asek2 • Февраль 24, 2022 • Реферат • 34,450 Слов (138 Страниц) • 594 Просмотры
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ФИЛОСОФИЯ ЖӘНЕ САЯСАТТАНУ ФАКУЛЬТЕТІ
ЖАЛПЫ ЖӘНЕ ҚОЛДАНБАЛЫ ПСИХОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫ
«ПСИХОЛОГИЯ» ПӘНІ БОЙЫНША
ДӘРІСТЕН ҚЫСҚАША КОНСПЕКТ
Алматы, 2022
Дәріс 1. Кіріспе. Жалпы психология пәні, мақсаты оның міндеттері мен әдістері, салалары
Мазмұны:
- Психология пәні
- Психология пәнін анықтау негізінде құрылған психологиялық ағымдар
- Психологиялық зерттеулердің негізгі әдістері, салалары
Психология ғылымының пәні туралы ойлар әлі күнге дейін нақты емес. Психологтардың көбі өздерінің зерттеу пәні ретінде психикалық процестерді (ойлау, есте сақтау, сезім және т.б.) қарастырады. Ал, кей жағдайларда психологияның пәні ретінде тұлға туралы, адам туралы айтылады. Психология пәніне қатысты айтылған бұл екі ықпал толық қанағаттандырылмайды, өйткені жоғарыда айтылғандардың барлығын басқа да көптеген ғылымдар зерттейді. Психологияның мәселелерін және оның айналыспайтын сұрақтарын нақты ажыратып алу үшін өте дәл ғылыми ұғымдар қажет. Ал бұл өз кезегінде психологтың шешіп беруіне тиіс барлық психологияның міндеттерін жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді.
Психология ғылымының пәні туралы нақты ашық көзқарастың болмауы эксперименттік зерттеулерді танып-білуде қиындық туғызады. Психологтардың тәжірибелік жұмыстарының сәтті болуы үшін психология пәнін түсіну өте қажет және аса маңызды. Психологтардың адаммен жұмыс жасайтын өзге мамандармен (медицина қызметкерлері, педагогтар және т.б.) салыстырғанда атқаратын міндеттері күрделі.
Пән туралы сұрақ психикалық құбылыстардың механизмдерін зерттеу үшін де маңызды. Зерттеушілердің кейбірі осы механизмдерді ми физиологиясынан іздестіреді. Ал басқалары болса, объектілер арасындағы қатынастарды басқарып жүретін заңдылықтарды зерттейді.
Гуманистік психология ғылыми психологиядан алшақтап, басты рөлді адамның жеке тәжірибесіне бағыттайды. Гуманистік психологтардың пікірінше, адам өзін-өзі бағалай алады және өзінің тұлға ретінде дамуына жол таба алады (өзін-өзі таныту). Бұндай тұрғыдан келудегі субъективтілік адамның өзі туралы ойы мен оның шын мәніндегі жағдайы арасында айырмашылықты орнатуды қиындатады. Осы тұрғыдан келу идеясы психологиялық тәжірибе үшін пайдалы болады, бірақ психология теориясына ешқандай үлес қоспады. Оған қоса, осы бағыт аясында зерттеу пәні тіпті жоғалып та кеткен.
Кеңес психологиясының негізінде іс-әрекеттік бағыт жатыр. Бұл бағыт іс-әрекеттің ерекше формасы ретінде және сыртқы тәжірибелік формаларынан туындайтын іс-әрекет сияқты психика мен сананы қарастырады. Л.С.Выготскийдің мәдени-тарихи теориясының психологиядағы жүйелік-іс-әрекеттік тұрғының қалыптасуындағы рөлі адамның мәдени-тарихи дамуының негізі болып іс-әрекет субъектісі ретіндегі өзі табылатыны жөніндегі тезиспен анықталады. Іс-әрекет теориясының бастаулары: В.М.Бехтеревтің объективті рефлексологиясы; К.Н.Корниловтың реактологиясы; Дж.Уотсонның бихевиоризмі; Л.С.Выготскийдің мәдени-тарихи теориясы.
Бұл орайда, бүкіл отандық психологиядағы психикалық құбылыстарды зерттеудің іс-әрекеттік тұрғысы зор мәнге ие. Осы бағытты дамытқан А.Н. Леонтьев, С.Л. Рубинштейннің мектептері. Сана мен іс-әрекет бірлігі принципі алғаш рет Рубинштейнмен 1934 жылы құрастырылды, онда психикалық бейнелену, яғни сана белсенді іс-әрекетпен байланысты туындайды, және де іс- әрекет арқылы жүзеге асады жүзеге асады және анықталады. Бұл принципке сәйкес, сана іс-әрекеттің нәтижесі ретінде қалыптасады
Л.С. Выготский бойынша жоғары психикалық функциялардың дамуы адамның жоғары нәтижелерге жетуіне мүмкіндік беретін және бастапқы, қарапайым функцияларды сапалы түрде өзгертетін психологиялық құралдар болып табылатын ерекше сыртқы тәсілдерді құрудан тұрады (іс-әрекет – бұл құралдарды шығару мен пайдаланумен байланысты болатын мәдени мінез-құлық).
...