Мәдениет және ұлттық дәстүр
Автор: Lunara00 • Ноябрь 25, 2021 • Статья • 1,509 Слов (7 Страниц) • 573 Просмотры
МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР
Жанабаева Л.Б.
М.Өтемісов атындағы
Батыс Қазақстан университетінің 1 курс магистранты
(қ. Орал, Қазақстан Республикасы)
Аңдатпа
Бұл мақалада ұлттық дәстүріміз бен мәдениетіміз туралы қозғалып , бұл екі ұғымның халқымыздың өмірінде алар өзіндік орны мен маңызы сөз етіледі.
Ұлттық дәстүр мен мәдениетті жандандырып, оны келер ұрпаққа жеткізу жолдары баяндалады.
Кілт сөздер
Мәдениет, ұлттық дәстүр, жаһандық өркениет, құндылық, генетикалық код,рухани мұрат, сабақтастық, этникалық нышан, салт-дәстүр, тарихи-мәдени мұра.
Өзектілігі: Ұлттық дәстүр мен мәдениет – ұлттың тарихи дамуы жолындағы негізгі тетіктері. Бұл екі мәдени мұрамызсыз келешегімізді елестету мүмкін емес. Сол себепті дәстүріміз бен мәдениетімізді құрметтеу, оны ұрпақтан-ұрпаққа асыл жәдігер ретінде жеткізу – біздің басты міндетіміз.
Мақсаты: Ата-бабамыздан бізге мұра болып жеткен ұлттық дәстүріміз бен мәдениетімізді таныту, оны көзіміздің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпаққа дәріптеу.
Мәдениет және ұлттық дәстүр – тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп және белгілі уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжірибесінің жалғастығы мен жиынтығы, мәдени мұрасы, ұлттың негізгі тетіктері. Бұл екі ұғым «сабақтастық», «мәдени мұра», «төлтумалық», «ерекшелік» түсініктерімен тығыз байланысты. Елдің ерекшелігін айқындайтын бұл ұғымдар сол мемлекеттің сан ғасырлық тарихымен тікелей байланысты. Жаһандық өркениет аясында ұлттық бірегейлікті сақтаудың жолдары ретінде мәдениетіміз бен ұлттық дәстүріміздің алар орны ерекше. Мәдениет пен ұлттық дәстүр алдыңғы буын ұрпақтың рухани тәжірибесін сақтап қана қоймай, мәдени мұрадағы құнылықтарымызды жаңғыртады. Бүгінгі таңда ұлттық бірегейлігімзді сақтап, келер өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында мәдениет пен ұлттық дәстүрді қайта жүйелі түрде жаңғырту жүзеге асырылуда.
Ең алдымен ұлттық дәстүріміздің негізін құрайтын рухани құндылық тарды қайтару, яғни, ана тіліміз бен салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту, ұлттық намыс пен жігерді, ұлттық рухты асқақтата түсу мәдени құндылықтарымыз бен ұлтаралық сабақтастықтың сақаталу жолдарын негіздейді. Елбасымыз айтқандай « Ұлттық дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды. Қазақстандық мәдениет еліміздің барлық азаматтары үшін патриоттықтың өзегі болу қажет». Генетикалық кодынан айырылған ел – қаңбақ. Тамырынан үзілгендердің бәрі тексіз. Бүгінде сол мемлекеттігі мен туған тілін сақтап отырғандар – текті елдер. (Назарбаев Н. Қазақстанның ел бірлігі Доктринасы//Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайты www.mk.gov.kz/kaz/doctrina 10.11.2014ж.)
Сан ғасырлық шежіресі бар,өзіндік тарихи даму сатысынан өткен халқымыздың мәдениеті мен ұлттық дәстүрі сонау көшпелілер өркениетінен бастау алады. Ертедегі көшпелілер әлемінің мәдени тарихына үңілгенде, Еуразияның ұлы даласында мыңдаған жылдар бойы салт атты көшпелілер өркениеті біздің жыл санауымыздың бірінші мыңжылдығын тауысар шақта жойқын бөлшектену кезеңін бастан кешкен. Дәлірек айтсақ, мәдени-рухани біртұтастықты түркі әлемінен осы күнгі түркі тілдес ұлттар өз алдына жеке-жеке отау тігіп, дара этникалық нышан қалыптастыра бастаған.
Мәдениет пен ұлттық дәстүр өздерінің даму негізінде руханият дүниесіне сүйенеді. Сол рухани інжу-маржандардың қадірін біліп, қаймағын бұзбай қазіргі күрделі жаһандану заманында жүйелі түрде жинақтап алуда және оны әрбір жаңадан келетін жас ұрпаққа рухани сабақтастықпен жүйелі түрде бере білу өзекті сипатқа ие. (Қасабек А. Өркениет және ұлттық философия// О философской школе Казахстана. – Алматы, 1999. – №3.- 5-6б.)
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің әр жылғы халыққа жолдауында да, басқа үндеулерінде де халқымыздың мәдениеті мен ұлттық дәстүрін құрметтеу, олардың тарихын зерделеу қажеттігін ұдайы еске салып отырады. Қазақ халқының мәдени тұрмыс жағдайы қағаз бетіне көп түспеген, дегенмен ауызекі әдеби материалдардың баршылығы, терең мазмұндылығы әрі сөз көремдігі жағынан ешқандай халық ауыз әдебиетінен артық болмаса кем түспейді.Қоғам процесінде азаматтардың ойын дамытып қалыптастыруда ұлтымыздың ауызекі шығармашылығының тигізер ықпалы зор. Халық ауыз әдебиеттің асыл үлгілерін заман талабына сай сәйкес сұрыптап пайдалану, мән-мағынасын түсіндіре білу ұрпақтың мәдениетімізге деген қызығушылығын арттырады. Міне, қоғам өміріндегі адамзаттың рухани жетілуінің көрсеткіші – салт-санасы, әдет-ғұрпы, мәдениеті. Қай халықтың болмасын тілі мен ділінің, тарихы мен дүниетанымының, кәсібі мен тұрмыс-тіршілігінің, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің бүкіл болмысы осы дәстүрлі рухани мұрамызда жатыр. Қашан да жас ұрпақты адамгершілік рухта тәрбиелеудегі басты құрал ұлттық дәстүр болып келді және солай болып қала бермек.
...